Балалардың жазғы демалысы жайлы бола ма?..

Сексен көлді омырауына сексен маржан етіп таққан көрікті Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы көркем өңірде балаларды жаз бойы тынықтырып, денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік мол. Мөлдір сулы айдын да, орман-тоғай да, топырағын табанымен басса өне бойына асқақ рух даритын киелі жерлер де бар.

Облыстық білім басқармасының бұл тараптағы жауапкершілігі жеңіл емес. Үстіміздегі жылы өңірдегі білім ошақтарының 1-10 сыныптарында 131045 мың оқушы білім алды. Енді осыншама баланы ата-аналарының, қала берді жеткіншектердің көңілінен шығатындай етіп ұтымды ұйымдастыру да оңай-оспақ шаруа емес. Бұл арада алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын ескеру қажет. Олардың саны – 17508. Оған қоса, ювеналды полицияның және мектепішілік есепте тұрған қиын балалар да бар. Мұндай балаларды тамаша табиғаттың аясында тынықтырумен қатар, тәрбиесін де ширата түскен абзал. Облыстық білім басқармасының сараптамасына қарағанда, тәуекел аймағындағы балалар әсіресе, Бурабай, Қорғалжын, Целиноград, Шортанды аудандарында және облыс орталығында көп кездеседі екен. Демек, осы аудандар жас қайыңды игендей етіп жасында тәрбие беруді мықтап қолға алған дұрыс.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру биылғы жылы үш бағытта өрістетілмек. Оның ең маңыздысы, қала сыртындағы демалыс. Қанша жұтсаң көкірегің бір тоймайтын саф ауаны жұтып, балығы тайдай тулаған көк айдында алаңсыз шомылып, асыр салатын жер де осы. Қала сыртындағы демалысқа 13 балалар сауықтыру орталығы ат салыспақ. Мемлекеттік лагерьлер Атбасар, Ақкөл, Зеренді, Бурабай, Ерейментау, Сандықтау мен Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданында орналасқан. Жемекеншік лагерьлер Бурабай мен Зеренді аудандарында топтасыпты. Белгіленген тәртіпке сәйкес балалар лагерінің барлық нысандарының жұмысына аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары мұқият тексергеннен кейін барып рұқсат беріледі. Сөз арасында, 13  саяжай лагерінің жалпы жобалық қуаты бір маусымда 2150 орынды құрайтындығын айта кетелік. Жаз бойы 6-7 ауысым ұйымдастырылады. Балалар демалысының ұзақтығы 7-10 күн. Осы арада өткен жылдары түскен сұраныстың салмағы ескеріле келіп, бар жағдайы жасалған «Сұңқар» сауықтыру кешенінің жобалық қуаты биылғы жылы 250 орынға ұлғайтылғандығын айта кетелік.

Балалардың жазғы демалысы кезінде ата-аналардың көңіл аударатын өзекті мәселесі – баға. Бұл орайда, ағымдағы жылы жолдаманың құны өткен жылмен салыстырғанда 20-25 пайызға өскендігін айта кетуіміз керек. Бұл өсім әрине, көптеген отбасылардың өкпе-ренішін де тудыруы мүмкін.

–Мемлекеттік лагерьлерге жолдаманың орташа құны 35-105 мың теңгені құрайды екен, – дейді қала тұрғыны Абай Нұрахметов, – меніңше қымбаттау. Егер отбасында 3-4 бала болса, қаншама қаражат керек әрі балалардың бірі барса, екіншісін де қалдыруға болмайды ғой. Оның үстіне қажетті киім-кешегін дайындау керек.

Жекеменшік лагерьлердегі баға тіпті шарықтап  тұр. Олардағы баға 90-110 мың теңге аралығында. Ендігі бір мәселе, қайсыбірін пайдалануға бергелі жарты ғасырға жуықтап қалған лагерьлердің жағдайын жақсарту. Бұл орайда, қолға алынып жатқан шаруа бар. Мәселен, Ерейментау ауданындағы «Жұлдыз» балалар сауықтыру орталығын жөндеу үшін 50 миллион теңге қаражат бөлінген. Тағы бір түйткіл, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларынан шыққан балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру. Оған қажетті бюджеттің тапшылығы 1 280,6 миллион теңгені құрап отыр. Өкінішке орай,  әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларының 1,6 пайызы ғана қала сыртындағы демалыспен қамтылатын болады.

–Негізінде баланың табиғат аясында дем алғанын қалаймыз, – дейді көп балалы ана  Әсем Сейітова, – өйткені, онда толық дем алуға мүмкіндік бар. Ал, мектеп жанындағы лагерьлер толымды демалыс емес. Таза ауа жұтып, суға түспеген соң демалыс бола ма?..

Күні бүгінге дейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, «Қазақстан халқына» қорының есебінен ауылдық жерде білім алған 5-8 сыныптың 640 оқушысын тегін дем алдыру мәселесі пысықталды. Бұл балалар оқу үздіктері және шығармашылық, зияткерлік байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздары. Қала сыртындағы демалысқа қоса, 5 маусымнан бастап 207 білім ошағының жанында 35700 оқушының демалысы ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, 286 мектептің жанында демалыс алаңы жұмыс істейтін болады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған мектеп жанындағы лагерьде тамақтану мемлекеттік қызметтер арқылы ұсынылады, ал, қалған балалар ақысын төлеп тамақтанады. Тәуекел тобындағы балаларды және әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтардағы балаларды толық қамту үшін үстіміздегі жылы бірқатар жағымды жоспарлар жүзеге асырылады деп межеленіп отыр. Атап айтатын болсақ, бұл өлкетану жорықтары. Өңірде өскелең ұрпақ тәлімді тәрбие алатын киелі, қасиетті жерлер аз емес. «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игенмен тең» демекші, балалардың жазғы демалысын тиімді пайдаланып, тылсым тарихтың тұңғиығына бойлатса ғажап емес пе? Міне, сондықтан, өлкетану жорықтарын дем алумен қатар, рухани байлықтың шүпілдеген шуағына бөленуіне де кең жол ашылуы керек.

Жаз бойы 1300 шығармашылық үйірме мен студия, 2900 еңбек жасағы, көгалдандыру бригадалары, зияткерлік жұмыспен қамтудың 560 нысаны мен 549 спорт секциясы ұйымдастырылмақ. Мәдениет, спорт және білім беру саласындағы мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру шеңберінде үйірмелер мен секцияларға тегін қатысу мүмкіндігі бар.

–Балалардың дем алғаны дұрыс, әйтсе де, қала балаларын еңбекке тәрбиелеуді қолға алған ұтымды болар еді, – дейді ел ағасы Алпысбай Қапаров, – мұндай тәрбие қала балалары үшін өте қажетті. Егер демалыс пен еңбекке тәрбиелеуді шендестіре жүргізсе, екі жеп биге шығар едік. Ертеректе демалыс және еңбек лагерьлерінің жұмысы ұштастырыла жүргізілетін. Пайдасы да шеш-етектен болатын. Балалар картоп, көкөніс өсіріп, құс бағып, еңбекпен шұғылданса, дастарханға келетін астың қадірін де білетін болады.

Қала сыртындағы балаларды сауықтыру орталықтарының аясын кеңейту үшін 2026 жылдың соңына дейін үш лагерь ашу жоспарланып отыр. Бұл да үмітті дүние. Қазіргі күні Сандықтау ауданында бір маусымда 100 балаға қызмет көрсететін балаларды қолдау орталығының базасында лагерь ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Іс сәтімен сабақталса, осы лагерьдің базасында он ауысым ұйымдастырылмақ.

Алда алаңсыз ойын ойнап, тамаша табиғаттың аясында шат-шадыман шаттық лебі әлпештеген демалыс күндері. Жеткіншектердің жазғы демалысын ұйымдастыру ел азаматтарына парыз. Өйткені, болашақтың іргетасы осындай шаруамен бекітіледі.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар