– Ақмола облысы аумағындағы Қорғалжын қорығы – қоқиқаздардың құтты мекені. Бұл – қызғылт қоқиқаздардың солтүстікте ұя салып, жұмыртқа басатын жалғыз орны. Шетелдік және қазақстандық туристер жыл сайын бұл жерге осы ерекше құсты көру үшін келеді. Алайда қоқиқаз Қорғалжынның жалғыз бренді емес. Мұнда қоқиқаздан бөлек, сирек кездесетін құстардың, жануарлардың және өсімдіктердің бірнеше түрін кездестіруге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қорғалжын қорығы Астана қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан.
Қорық Қорғалжын шұңқырында орналасқан. Оның ауданы 259,9 мың гектарды құрайды, оның 198 мыңы акватории. Жалпы айтқанда қорық аумағында Теңіз және Қорғалжын көлдері орналасқан. Теңіз көлінің ұзындығы 85 км, ені 35 км. Судың минералдығы әлем теңізінен 5-6 рет артық. 2000 жылдан бастап «Тірі көлдер» ұйымына кіреді.
Қорғалжын қорығының құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. 2008 жылы ол Қазақстандағы ең алғашқы қорық қатарында ЮНЕСКО қорғауына алынды.
Қорықта балықтың 15, өсімдіктің 443, құстың 363 түрі бар. Құстардың 42-сі Қызыл кітапқа енген. Солардың ішінде әлемге әйгілісі, қорықтың бренді — Қорғалжынның қоқиқазы. Латын тілінен аударғанда «Flame» сөзі жалын деген мағынаны білдіреді. Бұл ірі әрі сәнді құс. Фламингоны бақылау өте қызықты нәрсе. Одан бөлек бірқазан, үйректердің бірнеше түрі бар. Қорық аумағына автобус немесе маршрутты таксимен жетуге болады. Жол ұзақтығы 2-2,5 сағат.
Құстар жұмағы
Қорғалжын қорығында құстың 363 түрі мекендейді, оның 126-сы осында ұя салады. Өте сирек кездесетін құстарды да Теңіз көлінен көруге болады. Олар, әрине, ерекше қорғауға алынып отыр. Атап айтқанда, қорықты мекендейтін құстардың 37 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілсе, 26 құс түрі халықаралық «Қызыл кітап» тізіміне тіркелген. Ғалымдардың пайымдауынша, Қорғалжын қорығының табиғи ресурсы 15 миллион құсты асырауға жетеді.
Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Орта Азия – Үндістан және Сібір – Шығыс Африка жыл құстары жолының қиылысында орналасқан. Қорғалжындағы жалпы аумағы 260 мың гектарды құрайтын көлдер жүйесі бүкіл Орта Азиядағы құстардың ең маңызды сулы-батпақты мекені болып табылады. 1976 жылы қорықтағы су айдындары «Рамсар» тізіміне енгізілген.
Мұнда қызғылт қоқиқаз (фламинго) және жоғалуға айналған өзге де сирек құстар: бірқазан, тырна, савка және тарғақтар мекендейді.
Қорықтың климаты шұғылконтинентті, яғни мұнда жазда ыстық, қысы аязды, ақтүтек боран жиі болады. Солтүстікке жақын болғандықтан, қараша айында түскен қар сәуірдің соңына дейін жатады. Сондықтан да қаздар мамырда ғана мамырлап, басқа құстар мамырдың жартысынан аса ұшып келе бастайды. Дәл осы кезеңде құстардың дауысы көлдің басын азан-қазан қылып жібереді. Мамыр-қазан айларында экомаршруттар қол жетімді, бірақ тек арнайы рұқсаттар бойынша және қорық қызметкерлерінің бақылауымен жүзеге асырылады.
Экскурсия кезінде құстарға жақындауға тыйым салынады. Әсіресе, қоқиқаз адамдардан саяқ жүргенді, тыныштықты жақсы көреді. Оның үстіне қорық аумағында табиғи парктер сияқты емес, туризмді дамытуға шектеу қойылған. Басты мақсат — биоәралуандықты сақтау. Сол себепті, келушілер үшін «Құстар жұмағы» визит орталығы ашылды, онда қорық, оның флорасы мен фаунасы туралы барлық ақпаратпен танысуға болады.
Өсімдіктер дүниесі
Қорғалжын қорығы сулы-нулы жерде тұрғандықтан мұнда өсімдіктің сан түрін кездестіруге болады. Яғни, биік ағаштар жоқ, бұталар, шөптер мен гүлдер бар. Мұнда өсімдіктің 500-ге жуық түрі өседі. Олардың ішінде кейбірі ерекше қорғауға алынған.
Қызғалдақ гүлі қорық даласының сәні десе болады. Ал мұнда сол қызғалдақтың бірнеше түрі өседі. Ерте көктемде шығатын бәйшешектен бастап, мамыр айының соңына қарай құлпыратын қызыл-күрең қызғалдақ, сары қызғалдақтар дала төсін ерекше көркем етіп жібереді. Алайда осы мезгілде гүлге құмар адамдар қарасы да көбейіп, сұлу өсімдікті оңды-солды жұлып, таптап жүретіндері кездеседі. Қызғалдақтар ерекше қорғанысқа алынған өсімдік болғандықтан оларды бей-берекет жұлғандарға әкімшілік жаза қолдану қарастырылған.
Табиғаттың, даланың органикалық тепе-теңдігін сақтауға әсер ететін қызғалдақ гүлдерін қорғау және көбейту мақсатында қорық аумағында жыл сайын «Қызғалдақтар фестивалі» ұйымдастырылып тұрады.
Аңдары жорытып, балығы тулаған…
Қорғалжын фаунасы дала және жартылай шөл дала аймақтарына тән. Мұнда сүтқоректілердің 41 түрі, құстардың 294 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 6 түрі, қос мекенділердің 2 түрі, балықтың 11 түрі бар. Соның ішінде қадірлісі – киік. Биылғы жылы киік басы айтарлықтай көбейді. Мәселен, 2018-2019 жылдары бұл өңірде 18 мыңға жуық киік болса, соңғы бірер жылда бірнеше есеге артқан. Киіктің көбеюіне браконьерлердің бұрынғыдай басынуына жол берілмеуі де оң ықпалын тигізуде.
Қорықтың омыртқасыздар фаунасы мүлдем зерттелмеген. Қорықта қоңыздардың 300 түрі тіркелген.
Сонымен бірге, Қорғалжын көлдері құстардың ғана емес, балықшылардың жұмағы болып саналады. Мұнда алтын және бозша мөңкелер, шортан, аққайран, линь, алабұға және торта балықтар тіршілік етеді.
Фото: Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының сайтынан алынған.