«Мағжан поэзиясының маржандары»

Осындай тақырыпта «Көкшетау» мәдениет сарайы ұжымының ұйымдастыруымен Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай мәнерлеп оқу байқауы болып өтті. Дарынды балалар мен жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған өнер додасында 10-14, 15-24 және 25-35 жас ерекшелігі арасындағы жастар барлығы 21 қатысушы өзара бақ сынасты.                                                    

Байқау шарты бойынша конкурсқа қатысушылар Мағжан Жұмабаевтың бір туындысын мәнерлеп оқуы керек. Музыкалық сүйемелдеуге, реквизиттер қолдануға рұқсат етілді.

Алдымен  көзбен көріп, көңілге түйген жайттарды алға тартқанды жөн көрдік. Байқағанымыздай, соңғы уақытта облыс орталығында өткізіліп жатқан әдеби конкурстарға қала мектептерінің барлығы қатыспайды. Әсіресе, қазақ мектептері қалыс қалып жататыны өкінішті. Бір ғана мысал, осы байқауда да әдеттегідей облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының №2, Көкшетау қаласындағы№7, №16, №14, №19  жалпы орта білім беретін  мектептерінің, №6мектеп-лицейінің оқушылары ғана қатысты. Яғни, бұл мектептерде қазақ тілінің өркендеуіне, балалардың қазақ әдебиеті пәніне қызығушылығы орасан екендігін аңғартады. Бұл орайда, біз мектеп басшылығына, пән мұғалімдеріне алғысымыз шексіз екендігін ерекше атап өтсек ләзім. Ал, облыс орталығында бұл мектептерден де басқа мектептер бар емес пе? Олай болса, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, қазақ әдебиетіне, мәдениетіне, руханиятына, қала берді тарихына зор қызығушылық танытатын жастар қайда?

Бұл байқауға мектеп оқушыларынан басқа, колледждің білім алушылары мен әдебиетке құштар былайғы жастар да қатысты. Бұл санаттағы қатысушылар арасында, әсіресе, студент жастардың байқауға жүрдім-бардым қарағандықтары байқалды. Араларында телефонға қарап оқыған қатысушы да болды. Байқауға дайындықсыз келу мүлде қиясынға сыймайды. Себебі, киелі сахнаға, өнерді бағалайтын халықтың алдына шығудың өзі жан баласына зор жауапкершілік жүктеуі керек. Осыны жауқазын балғындарға бала кезінен айтып, үйреткен абзалырақ болары анық.  Біз бұл шағын мақалада ешбір фамилияны атап көрсетпеуді жөн санадық. Ондағы мақсат балалардың сағы сынбасын деген ой. Дегенмен, алдағы уақытта мұндай додаға оқушысын баптап келген тәлімгерлерге құлаққағыс болар деген ниетпен қолға қалам алуға тура келді. Көп қатысушы қобалжу болғандығын алға тартты. Бірақ, байқаудың аты байқау. Шын өнерпаз сан додада сыналады демекші, әлі де шыңдалады деген бір үміт бар. Байқауда өнеріне тәнті еткен қатысушылар да көп болды. Олардың қатарында өнер додасының ең жас қатысушысы тоғыз жасар Наргиз Сабыржанова бар. Наргиз №7 жалпы орта  білім беретін мектептің оқушысы. Сондай-ақ, №19жалпы орта  білім беретін мектептің оқушысы Аружан Дүйсембайды, №7 орта мектептің оқушысы Малика Сейітхожинаны, №14 жалпы орта  білім беретін мектептің оқушысы Мирас Жүсіповті атап өтсек дейміз. Ал, №16 орта мектебінің оқушысы Милана Мусакилова болса, өз қатарластарынан өнерімен оқ бойы озық тұрды. Ол Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасынан үзіндіні мүдірмей жатқа оқып шығып, көрермен қауымды тәнті етті. 15-24 жас аралығында өнерін ортаға салған қатысушылар арасында  №6 мектеп-лицейінің оқушысы Аружан Қайырғазиева да «Батыр Баян» поэмасын мүдірмей жатқа оқып берді. №2 Краснояр жалпы орта  білім беретін мектебінің оқушысы Дәнеш Тілегенова да болашағынан зор үміт күттіретін жастардың қатарынан екендігін аңғартты. Бұл байқауда Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледжінің бірнеше білім алушысы да бақ сынады. Солардың арасындаКеремет Дүйсенбековті атап өтсек дейміз. Ал, 25-35 жас аралығында екі-ақ қатысушы өнерін ортаға салды. Екі қатысушының екеуі де мектептің жас мұғалімдері. Қос мұғалім өз шәкірттеріне өлеңді қалай оқу керектігінің өз өнегесін, өзіндік үлгісін көрсеткендей, жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Сонымен, қазылар алқасының ұйғарымымен 9-14 жас аралығында өнер көрсеткен тоғыз қатысушының арасында №16 орта мектептің оқушысы Милана Мусакилова жүлделі 1-ші орынды иеленсе, 15-24 жас санатында 1-ші орынмен №6 орта мектеп-лицейінің оқушысы Аружан Қайырғазиева марапатталды, ал, 25-35 жас санатында №7 жалпы орта білім беретін  мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айсәуле Әлібекова 1-ші орынға ие болды. Байқаудың жеңіпаздары мен қатысушыларына ұйымдастыру алқасының дипломдары және естелік сыйлықтар табыс етілді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар