Шахмат биігіне қол соза бер, Ескендір!

Көкшетаулық 13 жастағы оқушы Ескендір Сегізбаев шахматтан Қазақстан Республикасы Кубогының бірінші кезеңінің жеңімпазы атанды.

Жуырда Астана қаласында шахматтан 14 жасқа дейінгі балалар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасы балалар кубогының бірінші кезеңі өтті. Бұл жарыс  FIDE халықаралық шахмат федерациясының, Қазақстан шахмат федерациясының, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Республикалық деңгейдегі сайыста Қазақстанның барлық өңірлерінен 178 бала өзара күш сынасты. Кубоктың апталық бағдарламасы екі турнирден тұрды. Оның бірі «А» турнирі деп аталып, 2009 жылы және одан кейін туған 14 жасқа дейінгі ұл-қыздар арасында жекелей есепте өтті. Ал, «Б» турнирі 2013 жылы және одан кейін дүниеге келген 10 жасқа дейінгі балалар арасында жекелей есепте үздіктерді анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша «А» турнирінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында тартысты өткен сайыстың нәтижесінде бірінші орынды 7 ұпаймен ақмолалық оқушы Ескендір Сегізбаев жеңіп алды.

– Мен үшін осындай республикалық Кубоктың жарысына қатысып, жеңімпаз атану үлкен мерей. Мұнда мен жеңіске жетіп қана қоймай, өз әріптестеріммен күш сынасу, тәжірибе жинау мүмкіндігіне де ие болдым, – дейді жас шахматшы.

Бұл жарыстан кейін де Ескендір қарап отырмады. Ол осы жақын күндері тағы бір жарыстан – Астанада өткен ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасы ересектер Кубогының бірінші кезеңінен оралды. Жас шахматшы өзінен үлкен қарсыластарынан сәл ғана кейін қалып, 8 жүлделі орынның ішінен бесінші орынға ие болды және спорт шебері кандидатының нормасын орындады.

Ескендір көптеген мектепаралық, қалалық және облыстық турнирлердің, сондай-ақ, Албанияда, Түркияда, Испания мен Беларусьте балалар мен жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионаттарының қатысушысы. Айталық, өткен жылы Абу-Даби қаласында өткен осындай сайыстардың бірінде мүмкін болған 9 ұпайдың алтауына қол жеткізіп, жақсы нәтижелермен көзге түсті. Қазір оның қанжығасында әртүрлі шахмат турнирлерінен қырықтан астам медаль мен грамоталар бар.

Шахмат әлемінде Ескендір бес жасынан бастап көрініп келеді. Осы бір интеллектуалдық әрі элитарлық спорт түріне құштарлығын оятқан өз әкесі Қадыр Жылқыбайұлы болатын. Ол күні бүгінге дейін Ескендір үшін әрі қатал сыншы, әрі рухани дем беруші. Ал, анасы Майра Бөкенқызы оның барлық іссапарларын ұйымдастыратын әрі  қайда жол жүрсе де бірге болатын қамқоршысы.

Бұған қоса, осы бір жасөспірім баланың барлық табыстары оны жаттықтыратын, осы дегдар өнердің қыр-сырына баулитын бапкерлерінің есімдерімен тығыз байланысты. 5 жастан 8 жасқа дейін баланы көкшетаулық танымал шахматшы Айгүл Телжанова жаттықтырып, кейін Ханиф Зәкірияновтың қолына тапсырды. Он жастан кейін Ескендір ақмолалық атақты гроссмейстер Серік Темірбаевтың қол астында жаттығатын болды. Тіпті, олар өз жаттығуларын онлайн түрінде шаршы тақтада кездесе жүріп, пандемия кезінде де үзбеді.

Қазір Ескендір Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ержан Шәкеновпен бірге шахмат тылсымына ерінбей-жалықпай одан әрі бойлауда. Алда жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр. Бұл күндері Атырау қаласында шахматтан ұлдар мен қыздар арасында біз айтқан республикалық кубоктың екінші кезеңі өтуде. Мұнда да жерлесіміздің аяқ алысы әзірше жаман емес.

Қазақстан шахмат федерациясының мәліметтері бойынша бүгінгі таңда елімізде шахмат спортынан жеті мыңнан астам үйірме жұмыс істейді. Оларда екі жүз мыңнан артық адам осы бір көне спорт түрімен шұғылданса, солардың шамамен 50 мыңы балалар. Шахматты дамыту үшін елімізде арнайы Жол картасы жасалған. Қазақстан шахмат федерациясы бұдан былай шахматты толыққанды пән ретінде жалпы білім беретін мектеп бағдарламасына енгізуді де көздеп отыр.

Мира ӘМИНОВА.

Суретте: болашағынан үміт күттіретін жас шахматшы Ескендір Сегізбаев.

 Сурет Е.Сегізбаевтың жеке архивінен алынды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар