Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Серік дәрігердің жетпіс асуы - АРҚА АЖАРЫ

Серік дәрігердің жетпіс асуы

Степняк қаласының қазыналы қариялары майдангер-шахтер Қабдөш пен Шәбектің отбасында 1953 жылдың 10 маусымында ер бала өмірге келгенде Кәкеновтер әулетінің қуанышында шек болған жоқ. Тағдырдың жазуымен перзенттері шетіней бергендіктен, анасы шахтадағы жұмысын тастап, сәбиін көзінен таса қалдырмай, мәпелеп өсірді. Ағайынның басы қосылғанда қайран ана барша әлемге жар салғандай: «Менің Серігім ержеткенде адам жанына араша түсетін қолы шипалы дәрігер болады»,–деуші еді.

Қазақи салт-дәстүрді жетік білетін ырымшыл Шәбек ананың тілегі расында да қабыл болды. Аудан орталығындағы №1 орта мектептің соңғы сыныбында оқып жүргенінде Серік медицина институтына түсуге бел буды. Талапкер өршіл өрен мектеп қабырғасында жүргенде өзі сияқты өнерпаз жігіттердің басын қосып, эстрадалық ансамбль құрды. Киномеханиктің көмекшісі болып істегенде тапқан азын-аулақ табысын анасына әкеліп беретін. Жастайынан еңбекке деген құлшынысы Қарағанды мемлекеттік медицина институтында оқығанда да жалғасын тапты. Үйден келетін көмек жұтаңдау болғандықтан, ол 3 курстан бастап, №1 Михайлов клиникалық ауруханасында қосымша жұмыс істеді. Сол уақытта алғаш рет соқыршекке ота да жасады.

Қарағанды мемлекеттік медицина институтын1977 жылы бітірген түлектер кең-байтақ Қазақстанның әр тарабына жолдама алып жатты. Туған елдің дәмі тартып, Серік Қабдөшұлы Көкшетау облысының денсаулық сақтау басқармасына келгенде мұндағылар екі жұмыс ұсынды. Біріншісі – тубдиспансерде торакальды хирург, екіншісі – облыстық ауруханада нейрохирург. Мұндайда көп ойланатын жағдай жоқ. Және де міндетті түрде интернатурадан өту қажет болғандықтан, ол облыстық аурухананың хирургия бөлімшесін таңдады. Жаңа қызметі көңілінен шыққанымен, Степняктағы қарт ата-анасын да қимады. Сөйтіп, 1978 жылдың шілдесінде Еңбекшілдер аудандық ауруханасына хирург болып қызметке қабылданды. Қырық жылдан астам дәрігерлік қызметі осылай бастау алды.

Арада жылжып уақыт өтіп жатты. Тәжірибесі толып, іскерлік қабілетімен танылған талапкер азамат 1987 жылдың желтоқсанында Еңбекшілдер аудандық ауруханасының бас дәрігері  болып тағайындалды. О кезде ел экономикасы қайта құрудың дертіне ұшырап, халық шаруашылығы сияқты әлеуметтік саланың да берекесі кете бастады. Ал, медицинаға бөлінетін азын-аулақ қаражат жалақы, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алуға қажетті мұқтаждықтың жартысына да жетпеді. Отыздан жаңа ғана асқан бас дәрігердің басы шарадай болды. Тығырықтан шығудың жалғыз амалы – өз күніңді өзің көру. Сол себепті нартәуекелге бел буған Серік Кәкенов қосалқы шаруашылық құруға мәжбүр болды. Жергілікті шаруашылықтардың көмегімен ет өнімдерін Көкшетау облысымен көршілес Омбы қаласына апарып, дәрі-дәрмекке айырбастады.

Бірте-бірте жұмыс ауқымы кеңейіп, совхоздағы жарамсыз қалған «Беларусь»тракторын алып, жөндетті,кейін шынжыр табанды трактор пайда болды. Бұл техникалармен аурухана ауласы қардан тазартылды. Жанармай мен су таситын автомашинаныңда пайдасынкөп көрді. Ал, аудан әкімі Еркеш Баяхметов сыйға берген ескі автобуспен медицина қызметкерлері үш мезгіл жұмысқа тасымалданды. Кәсіпкерлік қызмет  осылай өркен жайып, аурухана жанындағы наубайханада пісірілген нан жалақы есебінен өз адамдарына үлестірілді. Тіпті, 500 гектардай жер алып, дәнді дақылдар да септі. Бұл шаруалар айтуға оңай болғанымен, жеме-жемге келгенде көп күш-қайратты талап етті.

Бір тамашасы, Серік Қабдөшұлы бас дәрігер, аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып істесе де хирург мамандығынан қол үзген емес. Еңбекшілдер ауданында қызмет істеген жылдар ішінде ол екі мыңдай ота жасапты. Ал, оқ жарақатын алған адамға ұзақ ота жасағандықтан, белінен шойырылып, өзі де көп бейнет көрді. Тізеге сүйеніп, жаттығулар жасады, бассейнге барды. Тағдыр тәлкегіне түскен қиын сәтте жанынан әріптестері мен достары табылды.

«Алмас қылыш қын түбінде жатпайды»,–дегендей, шалғайдағы аудандық аурухананы облыс, республика деңгейіне дейін көтерген іскер басшы Серік Кәкеновтің еңбегі зая кеткен жоқ. 1999 жылы ол Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, 2005 жылы Көкшетау қалалық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалады. Өзіне де, басқаларға да тыным бермейтін іскер де, ізденімпаз басшы медицинаға озат тәжірибе мен ғылым жаңалықтарын көбірек енгізуге бет бұрды. 2006 жылы «Қазақстанның солтүстік аймағындағы ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды қайта құрудағы жаңа ұйымдық әдістер» тақырыбында медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесі бойынша диссертация қорғады. Нәтижесінде Көкшетау қалалық ауруханасы шаруашылық жүргізу құқығы бойынша тәжірибе алмасатын облысаралық оқу базасына айналды.

Бүгінгі таңда аталған емдеу мекемесінің клиникалық-диагностикалық лабораториясы, рентген, УЗИ, эндоскопия кабинеттері, физиотерапия бөлімшесі бар. Ал, ішкі интерьердің безендірілуі көз жауын алады. Палаталардың бәрі 2-3 адамға лайықталған. 2011 жылы аурухана ұжымы «Үздік ұйым» аталымы бойынша республикалық конкурста жеңімпаз атанды. Ал, жерлестері болса, Серік Қабдөшұлына зор сенім көрсетіп, Көкшетау облыстық, қалалық мәслихатына, Еңбекшілдер аудандық кеңесіне бірнеше мәрте депутат етіп сайлады. Бұл қоғамдық жұмысты жан тәнімен атқара білген халық қалаулысы сайлаушылар тарапынан айтылған ұсыныс-тілектерді бұлжытпай орындауға тырысты. Мәселен, Көкшетау қаласындағы Сәтпаев, Уәлиханов көшелері толығымен абаттандырылып, жылу, су құбырлары жаңартылды. Аурухана аумағында субұрқақ жасалып, спорт залы ашылды. Ал, «Көктем» ықшам ауданында медицина қызметкерлеріне арналған 45 пәтерлі тұрғын үйді салғызуға бастамашыл болған да депутат Серік Кәкенов еді.

Зейнеткерлік жасы келгенімен, оның әлі де бітпеген істері көп болатын. Сол себепті де, 2018 жылы Ақмола облысы денсаулық сақтау қызметкерлерінің «SENIM» жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайланғанда әдеттегідей жаңажылдық шырша өткізумен, сыйлық таратумен ғана шектелмей, адамдардың тұрмыс жағдайын жақсартуға арналған маңызды істермен де айналысты. Сөйтіп, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына қатысты. Мұндай ізгі қадам кәсіподақ қызметінде бұрын-соңды болмаған еді. Бағалы бастаманың арқасында 2019 жылы көкшетаулық медицина қызметкерлері 7 миллион теңгенің сертификатын алды.

«SENIM» жергілікті кәсіптік одағы  мүгедек балалары бар жалғызбасты және көпбалалы аналарға жыл сайын ақшалай көмек көрсетіп келеді. Бұл қаражатты өтеу үшін сертификат иелері облыс аумағындағы емдеу мекемелерінде үш жылдай ғана қызмет істесе болғаны. Іскер азаматтың қамқорлығының арқасында ата-аналары сияқты балалар да кәсіподақ қаражатымен санаторийлер мен лагерьлерде тегін тынығу мүмкіндігіне ие болуда. Сонымен бірге, Серік Кәкенов Көкшетау қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы міндетін де сәтті ұштастырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласын өркендетуде үнеміайтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Серік Қабдөшұлының қызметте де, жалпы өмірде де жұлдызы оңынан туып, алғы шептен көрінуі – алғырлығы мен еңбекқорлығында. Ол ешуақытта тоқмейілсімейді, көп оқиды, көп ізденеді. Жас әріптестеріне де осындай қатаң талап қояды. Ал, қолы бос сәтте отбасымен, жолдастарымен табиғат аясында серуендеп, балық аулағанды, доп ойнап, ән айтқанды ұнатады.

Елінің тілеуін тілеп, үнемі ат үстінде жүретін ер азаматтың тілеуқоры да, сүйеніші деотбасы екені белгілі. Степняк қаласында жастық шағын бірге өткізіп, бір мектепте оқыған Галина Васильевнамен дәм-тұздары жарасып, 1980 жылы шаңырақ көтерді. Кейін ол да Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітіріп, ұзақ жыл облыстық аурухананың физиотерапия бөлімшесінің меңгерушісі болып істеді. Серік пен Галинаны ата-ана атандырған қос перзенті бүгінгі танда Кәкеновтер әулетінің мақтанышына айналған. Руслан «РосКазМаш» кәсіпорнының бас директоры, жеке кәсіпкерлікпен де айналысады. ЖаннаЕвразия Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар бөлімшесін, магистратурасын бітірген. Кезінде Испания елшілігінде Қазақстанның өкілі де болды. Қазіргі таңда жеке бизнеспен әуестеніп жүр.  Алты немере-жиеннің алды Альбина өз қатарластары арасында үлкен теннис бойынша Азияның бірінші ракеткасы. Альнура, Аделя, Алишер, Алиша – әлі мектеп жасында. Кішкентай Алдияр Серік атасы сияқты 10 маусымда туған. Биыл үш жасқа толды.

Құдайға шүкір азаматтық арына дақ түсірмей, өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарудың арқасында Серік Қабдөшұлы Көкшетау қаласы мен Біржан сал ауданының құрметті азаматы атақтарының иегері, «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі»  төсбелгісімен, Ресейдің «Гиппократ» орденімен,«Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал, елін сүйген ұлтжанды азамат үшін ең мәртебелі құрмет – халқының сүйіспеншілігі мен сенімі. Ендеше, ғибратты ғұмырының биік белесі – 70жасқа толып отырған қадірлі замандасымызға сәттілік тілейік.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар