Жаны жайсаң, еңбегі адал жан еді

Халқымызда «Ер қадірін ел білер, зер қадірін зергер білер» деген тәмсіл сөз бар. Бүгінгі осы мақаламызға басты кейіпкер болып отырған марқұм Әділхан Кенжебайұлы  Шабатовтың еліне қаншалықты қадірлі болғандығын, оның үйдегі, түздегі өмірінің тағылымы мен тәлімінің тереңдігін Есіл өңірінің жұртшылығы жақсы білер деймін және осы мақаланы оқыған оқырмандар Әдекеңнің азаматтығы мен адалдығына көз жеткізері сөзсіз. Әсіресе, өзі өмір бойы сүйіп, өмір бойы басын иіп өткен, өмір бойы адал қызметін арнаған туған жердің топырағындағы жас ұрпақ осы мақаланы оқып, жақсы адамның өмір жолын өздеріне үлгі-өнеге етеріне сеніміміз мол.

Әдекеңнің соңғы қызмет жасаған лауазымы республикалық ардагерлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болатын. Ағамыздың осы арқалы ордада салып кеткен ізі әлі де сайрап жатыр, айтқан ізгі тілектері  баршамызға бағдар шамдай әлі де жарқырап тұр.Бүгінде Астана қалалық ардагерлер Кеңесін басқаруды әкімшілік билігі маған тапсырса, Әдекең сияқты арлы азамат туралы неге қалам тартпасқа. Қызмет істеп жүрген кездерде небір түйінді мәселелердің шешімін тез шешудің амалын іздеп, талай рет аға алдына барып, ақыл-кеңестерін тыңдағанмын. Мен сияқты жас мамандарға білгенін айтып, жастардың талап-тілегін орындаудан ешқашан қашпайтын. Сол себепті Әділхан аға туралы естеліктерімді жазуды парыз санадым.

Әдекең бүкіл саналы да салиқалы ғұмырын туған елі мен туған жерінің өсіп-өркендеуіне арнап, сол жолда аянбай еңбек еткен, өз бақытын сол адал еңбегінен тапқан өнегелі өмір иесі, атқарған игі істері, бойындағы адами  болмыс-бітімі, бекзаттығы мен адамгершілігі, әділдігі мен адалдығы, парасат-пайымы мен қайраткерлігі ерекше тұлға болатын.Тіпті, Қазақстан Республикасын қырық жылдан артық басқарған халқымыздың сүйікті перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзі Әдекеңді қатты сыйлап, оның пікірлері мен ұсыныстарына ерекше мән беріп, қолдап жүргенін алдыңғы толқын, зиялы қауым жақсы біледі.

Әділхан Кенжебайұлы Шабатов 1933 жылы 1 маусымда Ақмола облысында дүниеге келді. Сол бір қиындыққа толы ауыр жылдардың халық иығына түскен нәубетін бастарынан кешкен өзге жастар сияқты, Әдекең де қасіретті де қайғылы жағдайларды басынан кеше жүріп ер жетті. Әкесі Кенжекең 1942 жылы неміс-фашист басқыншыларына қарсы жүріп жатқан қырғын соғысқа аттанғанда Әділхан бастауыш мектепте оқып жүрген тоғыз жастағы бала еді. Әкесі сол жылдың мамырында соғысқа кіріп, қыркүйек айында Воронеж қаласы түбінде фашистермен болған қанды шайқаста ерлікпен қаза тапты.

Әдекеңнің анасы Халима шешей өте парасатты, білімді, елге елеулі, халыққа қалаулы жан еді. Оның жөні бар. Кезінде анасы Халима апай КомВУЗ-ды бітірген болатын. 1928-1929 жылдары Ақмола облысының Ақмола аудандық партия комитетінде әйелдер арасында жұмыс жүргізу жөніндегі меңгеруші, кейін Қорғалжын  ауданындағы Қызылсай ауылдық, Есіл ауданындағы Жақсы поселкелік Кеңестерінің төрайымы қызметтерін атқарды. Қашан зейнеткерлікке шыққанша әкелерінің артында қалған екі жетім бала – Әділхан мен қарындасы Асылды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай ер жеткізді. Өмірдің ащысы мен тұщысын да, аштық пен жоқшылықты да бастан өткере жүріп, ұлағатты әрі қайратты ана Халима екі баласын қатарларынан бірде кем қалдырған жоқ. Аяулы ана құдай қосқан қосағы Кенжебайдың аманатын қалтқысыз орындап, балаларының елеулі азамат болғанын көріп, немерелерін сүйіп, 1976 жылы өмірден озды.

Әдекең Ақмола облысы Қорғалжын ауданының қазақ орта мектебін 1951 жылы үздік бітіріп шықты. Бір айта кетер жай, ол осы мектепте жүргенде-ақ қоғамдық жұмыстарды аса бір ыждаhаттылықпен атқаратын. Осы бір жайтты айтып отырған себебіміз, қазақ орта мектебін бітірісімен Магнитогорск қаласындағы пединститутқа түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шықты. Диплом алысымен Әдекең осы облыстағы Есіл ауданына қарасты Жақсы станциясында орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстаздық қызметке орналасты. Сол ұжымда өзін біліктілігімен, қабілеттілігімен танытты, жоғары беделге ие болды. Жас  Әділханның іскерлігі мен талабын байқаған аудан басшылығы жігерлі жасты Есіл аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындады.

Бұл елімізде тың игеру науқаны басталған аса бір жауапты кезең болатын. Қоғам сенімі жастар жетекшісі Әділхан Шабатовты шыңдай түсті, небір жауапты кездерде жас Әділхан жақсы мен жаманды айқын ажырата алатын мамандар санатынан екенін аңғартты. 1955-1959 жылдар аралығында Ақмола облыстық партия комитеті Әдекеңді  Қима аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы содан соң Қима аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметтеріне тағайындады. Осындай жауапты қызметте жүріп, ауданның экономикасын, мәдениетін, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға және осы салаларды басқаратын мамандарды тауып орналастыруда Әдекең көп үлес қосты. Түрлі деңгейдегі шаруашылық тетіктерінің талапқа сай шешілуіне өзінің білімі мен күш-жігерін, тәжірибесін аямай жұмсады.

1959 жылы Ақмола облыстық партия комитеті Әділхан Шабатовты облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлап, жас маманға зор сенім артты. Әдекең бұл жұмысты да аса табандылықпен атқара білді.

1961 жылы Қазақ КСР-інде Тың өлкесі ұйымдастырылды.  Тың өлкесінің басшылығы Әдекеңді Тың өлкелік кәсіподақ ұйымының бөлім меңгерушілігіне ұсынды. Бірақ, Әдекең бұл жұмыста көп болған жоқ. Сол жылдың ортасында Әділхан Кенжебайұлы Ақмола облысы халық депутаттары Вишнев аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, көп кешікпей төраға қызметтеріне сайланды.

Ел басқару – жауапты ісі. Осы салада жүріп, Әділхан Шабатов қарадан шыққан хан тәрізді еңбек адамдарының, қарапайым жандардың тыныс-тіршілігін, жан-дүниесін жақсы білетін маман екенін танытты. Өмірдің қатал сындарынан сүрінбей өткен Әділхан Шабатов аудан экономикасы мен тұрғындардың әлеуметтік тұрмыстарының көтерілуіне орасан зор еңбек сіңірді. Ауылдың мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, жастарға көңіл бөлу, еңбекке баулу, мектеп мәдениет ошақтарының жұмыстарына, адам тағдырына байланысты мәселелерге ұдайы көңіл бөліп, кем-кетігін бүтіндеп, қадағалауды шаруашылық басшыларынан талап етіп отырды.

Әдекең өзіне тиісті билікті тиімді пайдалана отырып, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына баса назар аударды. Осылай бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару арқылы жеңіске жетуге болатынын Әдекең жақсы түсінді. Жүзеге асырылып жатқан шараларға халықты кеңінен қатыстыра біліп, аудандық кеңесте айтылатын пікір ұсыныстарды ескерусіз қалдырмай, оны бірден шешуді қолға алып отырды. Сан салалы аудан экономикасы мен  шаруашылықтардың қарқынмен дамуы облыс бойынша алдыңғы орынға шықты. Әділхан Шабатовтың ұйымдастыру қабылетінің қарымын байқаған облыс басшылығы оны экономикасы құлдырап жатқан Атбасар ауданына атқару комитетінің төрағалығына, көп ұзамай Әділхан Шабатовты аупарткомның бірінші хатшылығына тағайындады.

Атбасар Қазақстан көлеміндегі ертеден келе жатқан тарихи, іргелі де көне қала болатын. Аудан көлемінде және Атбасар қаласындағы өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларында шешілмеген мәселелер, әсіресе, халықтың мәдени тұрмыстық жағдайын көтеруге байланысты жұмыстар өскелең уақыт талабына сай емес еді. Әділхан Кенжебайұлы аудан көлеміндегі проблемалардың қандай себептерге байланысты болғанын зерттеген соң аудандық партия комитетінің бюро мүшелері мен атқару кеңесінің активтерімен ақылдаса келе, өңірдің экономикасы мен мәдени-тұрмыстық жағдайын өркендетудің бағдарламасын жасап, оны республиканың, облыстың, басқарушы органдардың алдына қойды. Әрине, басында мұндай күрделі шешімге сын көзбен қарағандар да, оған сенбейтіндер де болғаны рас. Бірақ, қалың көпшіліктің қолдауының арқасында бағдарламада көзделген мәселелердің  жүзеге аса бастағанына көп ұзамай көздері жетті.

Қаланың ірі өндірісі бұрын болмаған жаңа қарқынмен дамып, «К-700» тракторларын жөндейтін цех, құрылыс бұйымдарын шығаратын керамзит-бетон зауыты, ет комбинаты, сүт өнімдерін шығаратын май-ірімшік комбинаты, және ұн мен макарон бұйымдарын шығаратын нан комбинаты, наубайхана  салынды. Темір-бетон құрылыс материалдарын шығаратын зауыт, ауылшаруашылығы машиналарын өңдейтін зауыттар кеңейтіліп, өндіріс өнімдері екі есе артық шығарылатын болды.

Бұдан басқа аудан және қала тіршілігіне байланысты мәселелер шешімін тауып, тұрғындардың көңілінен шығып жатты. Мысалы Атбасар қаласында 400 орындық кинотеатр, теміржол жұмысшыларының тұрғын аймағында 300 орындық мәдениет үйі, 190 кісілік аурухана кешені, 2000 нүктелік жүйесі бар телефон-телеграф станциясы, 100 орындық асхана мен дәмхана  салынды. Сол жылдары қаланың орталығында 800 орындық екі залы бар Мәдениет сарайы, екі қабатты универмаг, 160 орындық қонақ үйі, 940 орындық онжылдық мектеп, 2,5 мың пәтерлі тұрғын үйлер құрылысы аяқталған еді.

Естен кетпес осы жылдар ішінде  Әділхан Кенжебайұлы түрлі сынақтардан сүрінбей өтіп, шынықты, ел алдындағы міндеті мен парызын адал атқаратын ұлттық болмысы қалыптасқан нағыз азамат дәрежесіне жетті. Сенім мен құрметке ие болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Ол үлкен өмір мектебінен өтіп, жоққа саспайтын, барға тасымайтын бірегей азаматтардың қатарына қосылды.

ҚКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев Әділхан  Шабатовтың басқару жұмысындағы қабілеттілігі мен мәселе шешудегі іскерлігін бағалай келіп, оны 1969 жылы КОКП орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберді. Бұл оқуды Әдекең 1971 жылы қызыл дипломмен тәмамдап шықты. Елге келісімен облыстық партия комитеті Әділхан Шабатовты ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындады. Осы жауапты қызметті атқарған ол бір жылдан соң кіндік қаны тамған елі – Қорғалжын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды.

Қорғалжын ауданы облыстың басқа аудандарына қарағанда, экономикасы құлдыраған аудандардың қатарында болатын. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан қазақ ауданының орталығында және шалғайдағы 14  шаруашылықтың мекен-жайларының арасында асфальт түгілі, грейдер жолдар да төселінбеген еді. Шаруашылықтардың көпшілігінде су құбырлары жүргізілмеген, ауыз судың өзін қысы-жазы тасымалдап ішетін. Арқа өңіріндегі шежірелі өлке, қойнауы тұнған тарих, талай тума таланттар шыққан өнер ордасы – атақты Қорғалжын ауданының жағдайы жан ауыртар күйде болатын.

Алғашқы жылдары бұл ауданда жұмыс істеп, жағдайды түзеу Әдекеңе оңай болмады. Бірақ, қабілетті басшы қиындықтың бәрін жеңе білді. Осы ауданда өзі қызмет атқарған он бір жылдың ішінде Қорғалжын елі барлық жағынан өсіп, өркендеп, алдыңғы қатардағы аудандардың қатарына қосылды. Әдекең қызмет еткен жылдары ауданда жаңа Мәдениет сарайы салынып, теледидар желісі тартылып іске қосылды, көптеген көшелер мен алаңдар асфальтталынып, басқа да жолдар күрделі жөндеуден өтті. «Сельхозтехника», «Заготзерно», «Автобаза» сияқты халыққа қызмет ететін мекемелер кеңейтіліп, жаңа құрылыстар салынып, ел тілегіне сай жұмыс істей бастады. Бір шеті Шұбаркөл көмір кешеніне дейін жеткен ұзындығы 1200 шақырым жоғары кернеулі электр жүйесі тартылды. Қорғалжын ауданының көлемінде жаңадан Теңіз ауданы құрылып өз алдына ел болып шықты. Айта берсе, басқа да жүзеге асқан жарқын істер жетерлік. Бүгінгі Тәуелсіздік жылдары ауданның ежелгі тұрғындары әкімдердің істеріне көңілдері толмаса, «Әділхан Шабатов басқарған жылдар-ай», деп Әдекеңнің іскерлігі мен азаматтығын сүйсіне еске алып отырады.

1983 жылы Әділхан Шабатов облыстық кәсіподақтар ұйымының төрағалығына жоғарылатылды. Екі жыл осы қызметті абыроймен атқарған Әдекеңді облыс басшылығы проблемасы шаш-етектен келетін  Теңіз ауданы атқару комитетінің төралығына тағайындады. Әдекең жергілікті халықпен тығыз байланыста бола біліп, күрделі мәселелердің шешілуіне мұрындық болды.  Алайда, ұзақ жылдар бойы тынымсыз атқарған жұмыстар, күндіз-түні демалмастан істеген істер Әдекеңнің денсаулығына әсер етпей қойған жоқ. 1987 жылы Әдекең денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шықты.Әдекең зейнеткерлікке шыққанмен, қоғамдық өмірден тыс қалған жоқ. 1997 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің қолдауымен республикалық ардагерлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Қаршадайынан еңбекке араласып, халық мүддесі үшін жан-тәнімен еңбектенген Әдекең ел тілегіне сай болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.

Ардақты азамат Әділхан Шабатов ақиқат жолында биік тұрды. Өн бойына қазақтың жақсы қасиеттерін – кешірімділік, қамқорлық, ешкімге жаман сөз айтпайтын, қиянат жасамайтын, үлкенді сыйлау, кішіге құрметпен қарау сияқты ерекшеліктерді санасына берік сіңірген азамат еді. Өнегелі өмір сүріп, өшпес із қалдырған, аялы алақанды, ыстық ықыласты сирек тұлға еді. Ұлағаты көп  аға ұрпақты аспандатқан ел азбайды. Алтын арқаулы сабақтастықтың да қажеті осы елдік ниеттен туындаса керек. Өнегелі адамдармен ғана өміріміз мәнді болатынын естен шығаруға болмайды. Халық игілігіне адал қызмет етуді ғана мақсат еткен абзал жан туралы жазу осы ақ пейілден туындаған еді. Әділхан Шабатовтың халқына сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ.

Ол 1975 және 1980 жылдары  Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланды. Омырауына «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет Белгісі» ордендерін және медальдарын тақты. Замандастарының «Әділхан деген аты өң бойына сондай жарасым беріп, айналасына жарық сәуле түсіріп тұрғандай көрінеді», – деп мақтауы тегін айтылған сөз емес.  Бұл Әдекеңмен көп араласқан дос-жарандардың оған берген лайықты бағасы деп білу керек.

Әдекеңнің өмірден озуының өзі кенеттен болды. Әдекеңнің кабинетіне кірген сол жылдардағы Республикалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Мақтай Сағдиев оның түрінің бозарып отырғанын көріп, бірдеңені сезгендей:

–Әдеке, мына түрің маған ұнамайды, сен ауырып отырсың, дереу ауруханаға жатып емдел, жұмыс ешқайда қашпайды. Мен жол сапарынан келгенде, тап тұйнақтай сау отырғаныңды көрейін, – деп жылы қоштасып еді. Тағдырдың жазғаны сол болар, бұл екі достың соңғы рет дидарласқаны екен.

Әдекеңдей азаматтың тіршіліктегі тындырған істері, ұлағатты болмысы дәтке қуат, жанға жұбаныш. Ол мазмұнды да сұлу ғұмыр кешіп, азаматтық тұлғасына қылау түсірмей өтті. Асыл әке, аяулы жар, ардақты дос бола білді. Ең бастысы туған елін, жерін қалтқысыз сүйіп, оған соңғы демі біткенше аянбай еңбек сіңіріп өтті. Елі мен жерінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жақсысын әспеттеп, кемшілігіне күйзеліп, ұдайы азаматтық сергектігінен таймай өтті.Асыл аға, жатқан жерің торқа, алдың жарық болсын, сенің жарқын бейнең достарыңның, туған-туыстарыңның жүрегінде мәңгілік сақталады.

                                                              Сансызбай ЕСІЛОВ,
Астана қалалық ардагерлер
  Кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар