Ұстаз мерейі

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген екен кезінде ұлы ағартушы, ғалым Ыбырай Алтынсарин бабамыз. Мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында да баса атап көрсетті.

Шынымен де, ұстаз болу қиын іс. Әр баланың қилы тағдыры бір ғана жанның қолында. Және де мұғалімнің жұмысы сабақ аяқталғаннан кейін де тоқтап қалмайды, «заманына қарай адамы» дегендей, қазіргі мұғалімдердің жұмысы электрондық форматта бір тыным таппайды. Оған ата-аналармен, оқушылармен ортақ ашылған WhatsApp желісіндегі чаттарды қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, күн демей, түн демей ұстаздың жұмысы мектеп қабырғасынан шыққаннан кейін де жалғасын табады. Мұғалім болу еріккеннің жұмысы емес екенін осыдан да әбден аңғаруға болады. Өз ісіне шынайы, таза жүрегімен берілген адам ғана бүгінгі таңда «Ұстаз» атты ұлағатты атаққа ие бола алады.

Мінеки, осындай мамандық иелерінің бірі, ауыл мектебінің қарапайым мұғалімі туралы жазғанды жөн көрдім. Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Кеңбидайық ауылының жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айдана Қарлығақызы Өтеулина. 2009 жылы Кеңбидайық орта мектебін бітіріп, «Астана» гуманитарлық колледжінің филология факультетіне түседі. Колледжді 2013 жылы бітіріп, туған ауылындағы мектепте өз мамандығы бойынша алғашқы еңбек жолын бастайды. Мінекей, сол мезеттен бастап осы мектепте он жылдай уақыт бойы еңбек етіп келеді. Осы ауылда тұрмыс құрып, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана. Айдананың жұбайы да осы Кеңбидайық мектебінің түлегі, бүгінгі таңда денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Жас ұстаз Айдана колледжде алған білімімен ғана шектеліп қалған жоқ.  2020 жылы Еуразия гуманитарлық институтын қызыл дипломмен тәмәмдады. Алғашқы жылдары ол жас маман ретінде үш жылдай тәжірибе жинап, 2016 жылы екінші санатты мұғалім атанды. Кейін 2017-2018 жылы мектептің тәрбие ісінің меңгерушісі, ал, 2019-2020 жылдары оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды.  Қазіргі таңда осы қазыналы ордада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқаруда.

Айдана рухани дамыған әрі заман талабына сай ізденуден, жетілуден жалықпайтын ұстаз ғана шығармашыл тұлға бола алады деп есептейді. Ол әрдайым өз білімін шыңдаудан жалықпайды. Соның айғақ-дәлелі 2014 жылы «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бойынша өткен семинарға қатысып, 2015 жылы ІІІ деңгейлік курстан өтті. Кембридж бағдарламасын меңгеріп, жеті модуль бойынша сабақ оқытудың әдіс-тәсілдерін үйренді.

2016 жылы VІ Халықаралық білім беру біліктілікті арттыру жүйесіндегі педагогикалық инновациялар жәрмеңкесіне де қатысты, нәтижесіндеқазақ тілі бойыншаөз оқушыларына арналған жұмыс дәптерін жариялады.

2017 жылы Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік Мектебі педагогикалық шеберлік орталығында «Тәжірибедегі рефлексия» атты курстан өтті. Айдана өзі жинаған тәжірибесі мен педагогикалық қарым-қабілетін мектеп оқушыларына жұмсап отыруды әдетке айналдырған. Оның оқушылары өте зерек, әрдайым ізденісте жүреді. Сөзіміздің айқын дәлелі, 5сыныптан бастап Жақан Мерей, Әлжанова Гүлназ, Дәменова Фарида, Жақып Ажар сынды оқушылардың поэзияға жақындығын байқап, осы қасиеттерін ашуға өз септігін тигізді. Айданаға жетістіктеріңізді атаңыз деген сұраққа ол әрдайым өзінің жеке жетістігін айтпайды, керісінше, шәкірттерінің бағындырған белестерін айтып мақтанады.«Оқушы жетістігі – ұстаз абыройы» дегендей, оқушылары да аудандық жылдағы өтетін пәндік олимпиадалардан жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды иеленіп отырады. Ш.Құдайбердіұлының мерейтойына арналған аудандық байқауда Жақыпова Ажар «Үздік әйел образы» номинациясын және ІІ орын иеленді.«Оныншы Махамбет оқулары» байқауында «Тартынбай сөйлер асылмын» атты номинациясы бойынша Жақан Мерей ІІІ орынды иеленді. Осы Жақан Мерей есімді оқушы қазіргі таңда өзінің өлеңдер жинағын шығарып, баспа беттерінде жариялады.  Болашақта танымал қаламгер болып қалар деген үміт бар.

Мінекей, бойындағы бар қадір-қасиетін шәкірттерінің бойына дарытып жүрген Айдана ұстаздың еңбек тынысы осындай. Ұстаз болу – ардақты іс. Ендеше, қарапайым ауыл мектебінде еңбек етіп келе жатқан, өзінің азды-көпті жетістігі бола тұра, ең алдымен оқушыларының жеткен жетістіктерін айтып мерейленетін осындай өз ісіне шынайы берілген мұғалімдеріміз көп болсын дейміз!

Шоқан ЗӘКАРИН,

Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар