Ағайынды Жұмановтардың орманшылар әулеті

Ақкөл қаласынан 40 шақырымдай жерде темір жолдың бойында, айналасын орман қоршаған, табиғаты әсем, шағын Өрнек ауылы бар. Сол ауылға өткен ғасырдың орта кезінде Жұмановтар отбасы қоныс теуіпті. Отағасы Шайхы ақсақал орманшы болып орналасады. Осы мамандық өзіне өмір бойы сүйікті қызметке айналып, балаларын табиғаттысүюге, оны қорғауға баули бастайды.

Халқымыз  «Жемісі көп ағаштың бұтағы төмен» демейме, қарапайым ауыл ақсақалы ұрпағының өзінің ізімен жүргендігін байқамайда қалады. Балаларын өзімен ертіп жүріп, орманды қалай аялау, оны сыртқы жаулардан, табиғат апаттарынан қалай қорғаукерек екендігінің қыр-сырымен таныстырып жүріпті. Үлкен ұлы Мұрат біраз жыл Краснобор орман шаруашылығын басқарды. Аудан басшылары бұған одан әрмен қарай ол қызметін жалғастыруға мүмкіншілік бермей, мемлекеттік қызметке алып кетті. Кіші баласы Сағынай әкесінің солжолын қуып, Өрнек ауылында тұрып, Ақкөл орман шаруашылығында учаскелік орманшы болып, қырық жылға тарта еңбек етіп келеді.

Ал, менің негізгі кейіпкерім ортаншы баласы Төлеген Шайхыұлы (суретте) орманшының білімін алып, өзі бітірген Кеңес орта мектебінің ауылындағы орман шаруашылығындағы орманды инженерлігінен сол шаруашылықтың басшысына дейін көтеріліп, ширек ғасыр басқарады. Мен сол өңірде істегенде бұл мекеменің басшылары жиі ауысатын. Бұл үрдіс жақсы нәтиже бермейтін. Қазір ротация деген мода шықты, 6-7 жылда бір ауыстырып отыру. Меніңше, мұны қажет жағдайда ғана жасау керек. Бұл ауыл жағдайына онша келе қоймайды.

Кеңес орман шаруашылығы Төлеген Шайхыұлы басқарған жылдары жұмыскерлері тұрақталып, шаруашылықтың алға қойған жоспарлары сапалы орындалып жатты. Бұл мекеменің негізгі мақсаты – жасыл желекті орманды ұлғайтып, өрттен және ағаш сұғанақтарынан, яғни, ұрылардан қорғау. Өзі басқарып жүрген кезде 5000 гектар жерге ағаш отырғызылыпты. Бұл орманды алқапты ұлғайтуда атқарылған үлкен шара. Соңғы жылдары жасыл желекті өрт арқылы құрту жиілеп барады. Оған дәлел, былтыр болған Қостанай облысындағы алапат өрт. Бір қарағайды өсіру үшін қанша жыл керек екенін білесіздер, ал, орманды жауапсыздардың кесірінен өртеп жіберуге өте аз уақыт кетеді. Төлегеннің өзі ептеп әрбір учаскеде өрт болып тұрды, оны уақытында сөндіріп отырдық дегенді айтады. Облыс бойынша орманды өрттен қорғауда алдыңғы қатарда болғандықтары да белгілі. Орман шаруашылығын дамытуда біраз іс-шаралар атқарылыпты: ағаштан өндіретін заттар шығаратын цех іске қосылыпты, өрт-химиялық станциясы күрделі жөндеуден өтіпті, жаңаданжөндеу-механикалық шеберхана салынған, өздеріне жылу орталығын да салып алған. Онымен қоса, ауылдың әлеуметтік саласын жаңартуда біраз ауқамды істер атқарылыпты. 100 орындық мәдениет үйі салынған, медициналық пункт іске қосылыпты, мектепке жылу орталығын салып берген. Мұның бәрі бір басшының мекемені ұзақ жыл басқаруының арқасында атқарылған жұмыстар. Оның бәрі мекеменің, елінің келешегін алыстан болжай білуінің арқасында іске асты. Сондықтан  қайталап айтамын, басшыны басқа жерге ауыстыруда ойланып істеу керек, ол қайда көбірек пайда тигізетінін есепке алып.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші,Төлеген Шайхыұлы осы уақыт ішінде көптеген жігіттерді табиғатты сүюге, оны қорғауға тәрбиеледі. Солардың бір-екеуін атап өтейін. Олар орманшылар МанарбекТакисов, ВладимирДавидченко, АликСармузинжәне тағы басқалары.

Осы арада, «Әке көрген оқ жонар», «Әкеден ұл тумаспа, әке жолын қумас па» деген екі мәтелді әдейі келтіріп отырмын. Шайхы ақсақалдың тәрбиесін алған Мұрат, Төлеген, Сағынайлар нағыз оқ жонғандар болса, Төлегеннің ұлы Қанат та университеттің экология факультетін бітіріп, әке жолын қууға алғашқы қадамын жасап отыр. Әкелі-балалылардың орман шаруашылығындағы еңбек өтілдері бір ғасырдан асып кетеді екен. Төкең қоғамдықжұмыстарғада белсене араласыпты. Аудандық мәслихатқа қатарынантөрт рет депутат болып сайланған. Төлеген Шайхыұлының еңбегі үкімет тарапынан елеусіз қалған жоқ. «Қазақстанның танымал адамдары» энциклопедиясына еніпті. Төрт мемлекеттің (Ресей, Украина, Беларусь, Қазақстан) үлкен энциклопедиясынан орын алыпты. Көптеген мақтау грамоталарының, алғыс хаттардың иегері. Ақмола облысының әкімдігі бұл кісіні «Еңбек сіңірген орман өсіруші» құрметті атағына ұсыныпты.

Төлеген Шайхыұлы еліміздің көптеген отбасы сияқты еліне үлгілі шаңырақ бола жүріп, зайыбы Күлпәш екеуі еңбектерінің зейнетін көріп, ұрпақтары – үш баланы тәрбиелеп, олардан сегіз немере, үш шөбере көріп отырған бақытты жандар. Дәйім солай бола бергей!

Еркін Дәуешұлы,
Ақкөл ауданының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар