Тілді туралы заң талаптары ескеріліп отырады

Ұлтымыздың басты құндылығы, рухани қазынасы, қоғамды біріктірудің кепілі – мемлекеттік тіл. Қазақтың ұлы ағартушысы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген қанатты сөзі еліміздің барша азаматтарына, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді білудің қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Ендеше, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, мәртебесін биіктету – мемлекет үшін де, әрбір мемлекеттік қызметші үшін де басты парыз.

Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңға сәйкес, мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы дегенді тағы да қайталап айтсақ артық емес. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға, елдің барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға,     қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.

Осыған орай, өңіріміздің мемлекеттік қызмет жүйесінде мемлекеттік тілдің деңгейін көтеруге бағытталған белгілі бір жұмыстар атқарылуда және бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің бір бөлігі өз ұмтылысы арқылы тілді өздігінен жетік меңгеруге әрбір адамның қауқары бар екенін көрсетуде.

Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі және оның аумақтық департаменттері ірі және кішігірім жобаларды жүзеге асыру барысында тiл туралы заңның талаптарында да ескеріліп отырады. Атап айтқанда, 2021 жылы өткізілген Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуде үміткерлерге мемлекеттік тілді кем дегенде орташа деңгейде меңгеру талабы енгізілді.Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жоғары оқу орнынан кейінгі білім алушы үміткерлерге мемлекеттік тілді орта деңгейден төмен емес дәрежеде білуін растайтын сертификаттарының болуы туралы талап енгізілді.

Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білу деңгейін арттыру үшін жоғарыда аталып өткен академияның Ақмола облысы бойынша филиалында мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау курстарында 6 академиялық сағат және біліктілігін арттыру курстарында 3 академиялық сағат мөлшерінде қазақ тілін меңгеру сағаттары енгізілген. Сонымен қатар, филиалда тыңдаушылардың қатысуымен айына бір рет осы мақсаттағы танымдық, ойын-сауық іс-шаралары өткізіледі.

Департаментте мемлекеттік тілдің мемлекеттік қызмет саласындағы қолданылу аясын кеңейту мақсатында кешенді шаралартұрақты негізде жүзеге асырылады.Барлық шығыс құжаттары және мемлекеттік мекемелермен хат алмасу мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мысалы, жыл басынан бері департаментке 2572 хат келіп түссе, олардың 90 пайызы мемлекеттік тілде жазылған. Ішкі құжаттардың саны 184 құжатты құрап, бәрі де мемлекеттік тілде әзірленді. Ал шығыс құжаттарының саны 1029 хатты құраса, олардың 96 пайызы да мемлекеттік тілде жазылған. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысында 33 жауап мемлекеттік тілде берілді.

Департаменттің қызметін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпараттық сүйемелдеу мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мемлекеттік қызметке түсу талаптарын, іріктеу тәртібін, мемлекеттік қызметті өткеру, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, осы саладағы бақылау шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу аясында «Маманнан кеңес», «Бос лауазымдар», «Сұрақ-жауап», «Агенттік туралы», «Бүгінгі күннің саны», «Инфографика», «Қызықты факті» және басқа да мемлекеттік тілдегі тұрақты айдарлар жұмыс істейді. Өңірлік «Көкше» телеарнасы эфирінде департамент құзыретіне кіретін тақырыптар бойынша сұхбаттар беру үшін «Елге қызмет» арнайы телебағдарламасы ашылып, онда мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері мемлекеттік тілде сұхбат береді. Жыл басынан бері бағдарламаның 12 шығарылымы жарық көрді.

Жыл сайын 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай, ұжым ішінде салтанатты жиын өткізіліп, онда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылады және алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспары бекітіледі.

Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілде құжат рәсімдеу барысындағы тіл сауаттылығын арттыру мақсатында вебинарлар ұйымдастырылып, ондай іс-шараларды өткізу үшін Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының жанындағы оқу-әдістемелік орталығынан кәсіби тренерлер тартылады. Олар дәріс оқумен қатар, өтініш, бұйрық, шешім, анықтама, өмірбаян, түйіндеме, мінездеме және тағы басқа осы сияқты жиі рәсімделетін құжаттардың үлгілерін таныстырып, ресми хаттар мен хаттамаларды толтыру ережелерін үйретеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің 2021 жылғы «Халықтың бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деп атап көрсеткен болатын.

Расында, мемлекеттік тіл сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақ астында сезіне де алмайды. Тарихтан да белгілі болғанындай, қандай ел болсын, бостандық алғаннан соң ең әуелі мемлекеттік тіл мәселесін шешеді. Қазіргі әлемдік бәсеке жағдайында мықты ұлттар ғана өз мүддесі үшін күресе алады. Мықты ұлт болу үшін мықты тіл саясатын құрып, мемлекеттік тілді ұлттық идея етіп, елімізге адал қызмет етуіміз қажет. Сондықтан, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтып, қолданыс аясын кеңейтуде тыңғылықты түрде жұмыс атқару басты назарда болмақ.

Жазира СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің ресми өкілі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар