Қалың қалай, аудандық газет?

Әріптес болған соң, осы сауал да көкейде тұрады

Қазақ журналистикасының қазығын қадап, іргетасын қалап кеткен Алаш ардақтыларының рухани көсемі атанған Ахмет Байтұрсынұлы: «газет –халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтқан болатын. Газет бұқара халықтың рухани сырласы, жансерігі, таным тынысына айналған тұста айтылған мағынасы биік, мәні терең тұжырым болатын. Десе де, бүгінгі жаһандық жағдайлар белең алып, қымбатшылық балақтан тартқан тұста әрі әлеуметтік желілердің күні туып, газет атаулыға сұраныс төмендеп кеткенде жергілікті жерлердің шежіре шырақшысы болған газеттердің жай-күйіне шолу жасағанды жөн көріп отырмыз.

Ақмола облысында бүгінде 2 облыстық, 40-тан астам қалалық және аудандық газеттер мен 10-ға жуық журнал және 10 шақты ақпараттық агенттік жұмыс істеп, өңір тұрғындарын жергілікті жерлердегі жаңалықтармен құлақтандыруда. Заман талабына сай халықтың басым бөлігі жергілікті жерлер былай тұрсын, республикадағы және жер жаһандағы болып жатқан жаңалықтарды қолындағы кішкентай ұялы телефондарынан біліп отыр. Осы себепті газет-журналдардың сұранысы төмендеп, таралымдары бұрынғыға қарағанда соңғы 10 жылда күрт азайып, өлместің күнін күнелтіп отыр десе болады. Бүгінде аудан газеттері былай тұрсын, облыстық, республикалық газеттердің өзі жекеге өтіп, мемлекеттік тапсырыстар мен жарнамалардан түскен қаржымен ғана күн кешуде. Облыс газеттерінде маман тапшылығы да аса қатты сезіледі. Жә, облыстық газеттерді қойып, аудандардағы әріптестеріміздің жай-күйіне көшелік.

Заман талабы бойынша аудандық газеттердің барлығы жекеменшікке өтті. Көбінің жағдайы анау айтқандай мәз емес. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов «Газет – халыққа білім таратушы. Газет – халықтың жоқтаушысы» деп тайға таңба басқандай айқындап берген еді. Енді неге алтын бесік – ауылдың, оныңдаласын малға, алқабын егінге толтырып жүрген шаруалардың рухани жансерігіне айналған аудандық газеттердің жағдайы құлдилап кетті? Оның себептері жетерлік. Алдымен елдегі әлеуметтік-экономикалық салалар жағынан өзгерістер өте көп.Ал, оларды бұқара халыққа түсіндіретін, насихаттайтын бұқаралық ақпарат құралдары екені айтпасақ та белгілі. Соның ішінде жергілікті газеттер. Ақпараттық сайттар негізінен, жұртты елең еткізетін жаңалықтарға бейім келсе, мерзімді басылымдар идеология майданында әлі де сол «ауыр артиллерияның» рөлін атқаруда.

Осы ретте біз облыс аудандарындағы газеттердің жағдайын, келешегін бағдарлап, сала мамандарының пікірін саралап көрдік.

Аудандық газеттерді жекеменшікке беру туралы мәселе 2015 жылы бастау алды. Жекеге өте салысымен жалақы күрт төмендеді. Мамандардың штаты да бірден қысқарды. Газеттің шығуында маңызды рөл атқаратын ең қажетті жауапты хатшы, корректор деген маңызды мамандықтар да қысқарып кетті. Қазір аудандық газет бас редакторларының орынбасарлары да жоқ екен. Мамандардың айлықтары шайлығына жетпейді. Жекеге өтпей тұрғанда тілшілерге қаламақы төленіп, ауылдарға баратын іссапарлары да уақтылы беріліп келді. Жекеге өткеннен кейін бір сөзбен айтқанда, оның барлығы жайында қалды. Қазір аудандық газеттердің көбі  жасыратыны жоқ, облыстық газеттерден көшіріп те баса береді. Ал, аудан халқы «олай болса ақпараттарды облыстық газеттен-ақ оқып аламыз» деп аудандық газетке жазылмайды. Тілшілер өз ізденістерімен танымдық, тағылымдық материалдар жазайын десе, олардың қадамын ұзартатын жағдай жоқ. Іссапар ақшасы дұрыс төленбегендіктен, олар шалғай ауылдарға бара бермейді. Оған қоса, аудандарда баспахана жоқ. Аудандық газеттердің басым бөлігі Көкшетау, Астана қалаларындағы жекеменшік баспалардабасылып шығарылады.

«Bulandy Media» ЖШС-нің директоры «Бұланды ақпарат» газетінің редакторы Айгүл Аманжоловамен сөйлескенімізде:

–Жекеменшікке көшкелі айтарлықтай үлкен өзгешелік болған жоқ. Қазір заң бойынша мемлекеттік атқарушы органдарға бағынбаймыз.  Бұрын мемлекет қарамағында болғанда, редакторды әкімдік тағайындайтын, ішкі жұмыстарға да араласып тұратын. Қазір әкімдікпен  қарым-қатынасымыз бұрынғыдай, бірақ жұмысымызға араласпайды. Көбі әлі күнге дейін бізге әкімдік ақша бөледі, әкімдік газеті деп ойлайды. Олардың бәріне түсіндіріп жатпаймыз ғой.

Енді, қиындықтарға келер болсақ, жекеменшікке өткелі мемлекеттік сатып алу деген заңға бағынамыз. 4 жыл бұрын газетіміз конкурсқа түскен кезде,астаналық бір фирма тендерді ұтып алып, халіміз ауырлағаны бар. Ол жігіттердің газет жайында түсінігі болмай, біраз қиналдық. Әкімдік бізді қолдаса да, біз басқа фирмаға өтіп кеткендіктен, бізге ешқандай көмек көрсете алмады. Өйткені, заңнан аса алмаймыз. Осы кезде заңның қатал екендігін түсіндік. Кейін олар газет шығарудан бас тартып, қара тізімге енбеу үшін бізбен келісіп, салықтарды төлеп, кетіп қалды. Субподряд ретінде жыл аяғына дейін өзіміз шығардық, бірақ қаншама қаржыдан айырылып қалдық. Газеттің ішкі жұмысын білмей, тек қана ақшасын көріп, қызығып алған жігіттер өздерінше Интернеттен түрлі материалдарды көшіріп басып отырамыз, оңай болады деп ойлаған екен. Осы жағы есімізде қалып қойды. Жылда осындай жағдайдан қорқамыз. Конкурс жыл басында өтеді, сондықтан, қаржыландыру біраз кешігеді. Біз оған үйреніп те қалдық. Оған психологиялық жағынан да, материалдық жағынан да дайын жүреміз, қаржымызды жыл соңында үнемдеп, сақтаймыз.Қазір газетімізге мемлекеттік тапсырыстар бойынша 8 миллион теңге бөлінеді. Бүгінгідей баға шарықтап тұрған кезеде бұл қаржы өте аз. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыстар бағасы өсіп жатса, қаржы көбірек бөлінсе жақсы болар еді. Газетімізде 4 қызметкер бар, оның екеуі журналист, бірі бет қаттаушы және біреуі есепші. Газет таралымы бұрынғы кезге қарағанда түсіп қалды, бүгінде 1 мыңнан ғана асады. Бұрын жазылу мәселесімен әкімдіктер көмек көрсетуші еді, қазір ешкімді газет жазып алуға мәжбүрлей алмаймыз. Мұғалімдер мен дәрігерлер көптеп жазылушы еді, қазір олар да газетке жазылуға құлықсыз,– дейді газетте 20 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан редактор.

«Ақкөл арайы» газетінің бас редакторы Ербол Токутаевпен хабарласқанымызда, ол да аудандық газеттің халі мүшкіл екендігін алға тартты:

–Газетке бөлінетін қаржы аз, жұмыс істейтін кәсіби журналист жоқ.  Газеттің таралымы жеке меншікке өткен кезде мүлде төмендеп кетіп, қазір ақырындап көтеріп келеміз. Ауданға кәсіби журналист те, тілші де тұрақтамайды. Қазіргі кезде Астанадан немесе басқа өңірлерден жұмысқа келсе, бәрі «пәтер беріле ме?», «жалақы мөлшері қанша?» деп сұрайды. Оларға пәтер алып бермек түгілі, жалдап беруге шамамыз жоқ. Еңбекақысын шамамен 200 мың теңге деп қойсам, баспана мәселесін алға тартады. Журналистң еңбекақысынан бөлек газеттің дизайнері, тілшісі, баспаға төлейтін, кеңсені жалдайтын ақылары,  логистикасы бар дегендей. Қазір мысалы газетке журналист іздеп отырмыз, ауданға мардымсыз еңбекақыға ешкім келгісі келмейді, қашықтықтан жұмыс істегісі келеді, оған біз қарсымыз, себебі осында бізбен етене жұмыс істейтін қызметкер керек. Гонорар қояйық десек, оған тағы қосымша қаржы керек. Жарнама деген аудандық газеттерде бола бермейді. Бас-аяғы жылына бөлінетін 9 миллион теңге ақшаны қайда, қалай жеткізерімізді білмей сан боламыз. Ал, бізден сапалы материал сұрайды. Маман болмаса, жағдай жасалмаса, газетіміз қалай түзу шығады? Десе де, өлместің күнін кешудеміз, –дейді ол.

–Аудандық газеттердің ахуалы жұрт ойлағандай тамаша емес. Әу баста елдің барлығы газет оқитын-ды, Руханият саласының қадірі кеміп, қасиеті басынан тая бастағанда, қазақ басылымдарының төбесіне алабұлт үйірілді. Қазір кейбір аудандық газеттердің штаты қысқарды. Баяғыдай әр іске жауапты болатын мамандар жоқ. Барлығы бірер адамның мойнына жүктелген. Оның үстіне мемлекеттік тапсырыс алған соң, бағыныштымыз. Бастысы, халықтың һәм оқырманның көңілінен шығуымыз үшін, барымызды салып еңбек етеміз. Ахмет атамыздың «газет халықтың көзі мен құлағы» деген тұжырымы күн өткен сайын өзіндік бағасынан  арзандап, кері кетіп барады. Кейбіреулер  «2030 жылға қарай электрондық басылымдар шығады» деп еді. Бүгінгі таңда, сол электрондық газеттер шығуын шығып жатыр, халық арасында насихатталуда, алайда оның да оқырманы мардымсыз. Өз басым газет-журналды, кітапты қолыммен ұстап, түйсініп, сезінбесем, оқыған дүнием жадымда ұзақ сақталмайды, мазмұнын ұға бермеймін. Меніңше, газетті алдымен ұстаздар қауымы, отырған жерде екі көзді асықтай үйіріп бата бере алмайтын алдыңғы толқын аға буын оқуы керек. Жалпы, газетті қоғам өзі іздеп жүріп оқуы керек қой. Өйткені, қағазға, тасқа басылған дүниенің маңыздылығы ешқашан жойылмайды. Интернет саласында жүрген көбік дүниенің кез келген уақытта көбігін қалқып тастауға болатынын барлығы жақсы біледі. Бірақ, газет оқуға келгенде кежегелері кері тартады.

Аудандық газеттің оқырманы күн өткен сайын сиреп барады. Еңбекақысы бар, анасы бар, мынасы бар, әйтеуір жіліктеп, бөлінген азын-аулақ қаражатты жыл соңына дейін әрең жеткіземіз, Мемлекеттік тапсырыстар есебінен қаражат аударылып тұрады, соған тәубе етіп жүреміз. Жалпы, идеологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, алдымен әрбір газеттің материалдық жағдайын қамтамасыз етіп, заманауи компьютермен жабдықтап, басына жеке кеңсе берілсе, сосын мүмкіндік болып жатса, жас мамандардың жағдайын жасап берсе, газеттердің басындағы бұлт сейіліп, күні жадырап қалатын еді. Қазір жазылу мәселесімен жыл бойы редакция айналысады. Қысқа күнде қырық жерге қоңырау шалып, игі жақсыдан көмек сұраймыз. Сөйтіп күнелтіп отырмыз. Редакцияда істейтін қызметкерлердің еңбекақысын айтпай-ақ қояйық, Бұл бөлек тақырып, Қазақ газетінің барлығы  әу бастан не таралымға, не кеңсеге жарымай келе жатыр ғой. Бірақ, оқырман үшін газет шығарып, арқалағаны алтын, жегені жантақ болып жүрген әріптестеріміздің еңбегі адал. Пайда ойламай, ар ойлаған қазақ газеттерінің жай-күйі осындай, –деп Бурабай аудандық газетінің бас редакторы Жеңіс Оспанов та ішкі жанайқайын осылайша жеткізді бізге.

Қарап отырсақ, әр аудан газетіндегі жағдай әрқалай. Бірінің ахуалы көңілдерінен шықса, бірінің жайы мүшкіл. Басым бөлігі қамқорлыққа мұқтаж, мемлекетке өтуді аңсайтындары да бар. Көктемінен күзі басым болып тұрған аудан газеттерінің жай-күйі алдағы уақытта жарқын боларынан сенгіміз келеді-ақ. Соған қарамастан, жаңалықтың жаршысы ғана емес, бүтін бір ауданның айнасы болып отырған газеттерден оқырманның күтері мол, үміті зор.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар