1 шілдеден не өзгереді: зейнетақы, жәрдемақы, коммуналдық тариф, темекі мен газ бағасы

– 1 шілдеден бастап елімізде бірқатар құжат күшіне еніп, коммуналдық қызметтер тарифі, сигарет, сұйытылған мұнай газы бағасы көтеріледі. Сонымен қатар таяуда қабылданған жаңа Әлеуметтік кодекс толыққанды күшіне енеді. Кодекс аясында кейбір жәрдемақы мөлшері артып, зейнетақы жүйесінде өзгерістер болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коммуналдық қызметтер тарифі

1 шілдеден бастап барлық өңірде коммуналдық қызметтердің тарифтері кезең-кезеңімен өзгертіледі. Осы жылдың соңына дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына 234 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Ал алдағы 7 жылда коммуналдық-инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 3 трлн тенгеден астам инвестиция салынады.

Айталық, Алматы қаласында жылумен жабдықтау тарифі 1 шілдеден бастап ұлғаяды. «Алматы жылу жүйесі» ЖШС мәліметінше, халық үшін жылумен жабдықтау қызметтері құнының өсімі 20% – 5 839,23 теңгеден 7 007,08 теңгеге дейін/Гкал, бизнес үшін 30% – 12 870,44 теңгеден 16 731,57 теңгеге дейін/Гкал. Негізгі жүктеме бюджеттік ұйымдарға түседі, мөлшерлеме 36% – 25 698,42 теңгеден 34 971,84 теңгеге дейін/Гкал-ға дейін артады. Сонымен қатар қалада судың бір текше метрі үшін 55,2 теңге және кәріздің бір текше метрі үшін 32,74 теңге деңгейіндегі жаңа тарифтер қолданысқа енеді.

photo

Ал Жамбыл облысында тарифтердің артуы шамамен 20-30 пайыз айналасында болады. Ақтөбе облысында да жаңа тариф бекітілген.

Апта басында Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Amanat» атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында «Инженерлік-коммуналдық желілерді жаңарту және апатты жағдайлардың санын азайту үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске асырылып жатқанын айтқан болатын.

Жәрдемақы мөлшері артады

Жаңа Әлеуметтік кодекс аясында бүгіннен бастап азаматтардың жекелеген санаттары үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төлемдер 14,5 пайызға артады. Бұдан басқа, 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейеді.

photo

Сонымен қатар мемлекеттік жәрдемақылардың мынадай түрлерінің мөлшерін орта есеппен 14,5 пайызға арттыру көзделген:

– мүгедектік бойынша;

– асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша;

– арнайы әлеуметтік жәрдемақылар;

– мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;

– Байқоңыр қаласында тұратын және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

– саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

– Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы.

Бұдан басқа, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақыларды 14,5%-ға арттыру көзделген:

– бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға;

– мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға).

Бүгінгі таңда бұл жәрдемақылардың мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды. Әлеуметтік кодекс күшіне енген кезде жәрдемақы мөлшері 2023 жылы 1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейіне немесе 65 313 теңгеге дейін артады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 6,4 млрд теңге бөлінді.

Әлеуметтік кодексте сондай-ақ «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әйелдерге төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді.

Егер бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алса, енді 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап «Алтын алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградтталған, яғни 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылады.

Зейнетақы жүйесіндегі өзгеріс

2023 жылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлерге тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеуге өздерінің зейнетақы жинақтарының барлық сомасын пайдалануға құқық беріледі. Еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер www.enpf-otbasy.kz интернет-платформасы арқылы БЖЗҚ-да жинақталған қаражаттарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ немесе екінші деңгейдегі банктерге жүгіне алады.

photo

Осы құқықты келесі санаттағы адамдар пайдалана алады:

1) БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар. Олар «төменгі жеткіліктілік шегінен» асатын соманың бір бөлігін;

2) зейнетақысы жоғалған табыс сомасының (бұрын алған жалақысының) кемінде 40 пайызын құрайтын зейнеткерлер. Олар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтары сомасының 50 пайызына дейін;

3) өзіне зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде пайдалана алады.

Бұл норма жұмыс істейтін азаматтарды да, зейнеткерлерді де қамтиды.

4 күндік жұмыс аптасы

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен өзгертулер енгізілген Еңбек кодексіне сәйкес, 1 шілдеден бастап елімізде 4 күндік жұмыс аптасы іске қосылды. Құжатта бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы, сондай-ақ толық емес жұмыс аптасы (ұзақтығы тараптардың келісімі бойынша анықталады) қарастырылған. Кодекстің 71-бабы «тараптардың келісімі бойынша еңбек шартында бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен кезектесу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге жол беріледі» деген 3-тармақпен толықтырылған.

photo

Осыған байланысты 78-баптың 2-тармағы үстеме жұмыстардың шекті санын 4, 5 күндік жұмыс аптасына бөледі. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде айына он екі сағаттан – төрт күндік, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында және жылына жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс. Бес күндік, алты күндік немесе төрт күндік жұмыс аптасында жалпы демалыс күні жексенбі болып қала береді. Бес күндік және (немесе) төрт күндік жұмыс аптасындағы екінші немесе үшінші демалыс күні ұжымдық шартта немесе еңбек тәртібінің ережелерінде белгіленеді.

Темекі бағасы

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың «Бөлшек саудадағы темекінің шекті бағасын белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес,

«20 фильтрлі, фильтрсіз сигаретке, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға:

– 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін 710 теңге;

– 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 770 теңге мөлшерінде ең төменгі бөлшек сауда бағалары белгіленді.

Қазір темекінің бөлшек саудадағы ең төменгі құны – 650 теңге. Ал бүгіннен бастап бұл сома 60 теңгеге қымбаттайды.

photo

Фото: shutterstock.com

Темекі өнімдерінің бөлшек саудадағы шекті бағасының өсуіне 2023-2024 жылдары акциз мөлшерлемесінің 14 пайызға көтерілуі; импортталатын шикізат пен материалдар құнының орта есеппен 20 пайызға өсуі; темекі өнімдерінің шикізаты мен компоненттері логистикасының едәуір күрделенуі; 2022 жылы инфляцияның 20,3 пайызды құрауы себеп.

Сұйытылған мұнай газының бағасы

1 шілдеден 2024 жылдың 30 маусымына дейін ішкі нарыққа арналған 1 000 текше метр тауарлық газдың көтерме саудадағы шекті бағалары мына көлемде бекітілді:

– Астана қаласы бойынша – 27 052 теңге;

– Алматы қаласы бойынша – 25 103 теңге;

– Шымкент қаласы бойынша – 26 197 теңге;

– Ақмола облысы бойынша – 27 052 теңге;

– Ақтөбе облысы бойынша – 8 478 теңге;

– Алматы облысы бойынша – 25 103 теңге;

– Атырау облысы бойынша – 9 643 теңге;

– Батыс Қазақстан облысы бойынша – 14 637 теңге;

– Жамбыл облысы бойынша – 23 855 теңге;

– Жетісу облысы бойынша – 25 103 теңге;

– Қарағанды облысы бойынша – 27 052 теңге;

– Қостанай облысы бойынша – 22 387 теңге;

– Қызылорда облысы бойынша – 10 113 теңге;

– Маңғыстау облысы бойынша – 18 300 теңге;

– Түркістан облысы бойынша – 26 197 теңге;

– Ұлытау облысы бойынша – 27 052 теңге;

– Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 7 563 теңге

 

photo

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар