Азаматтарымыз арды ойлап, ел мұратына адал болса…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың киелі Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзін ықылас қоя тыңдап, зер сала оқыдық. Еліміздің игі жақсысы, айтар  ойы, бедерлі пікірі бар азаматтарының кеңестеріне құлақ түрдік.

Алқалы жиында айтылған аталы сөз көп. Бәрі де бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанда ғана жүзеге асары хақ. Халық Әділетті Қазақстан құруға құлықты. Жұрт адалдықты аңсайды. Көпекөрнеу «көпшік қою», асыра мақтау, жарамсақтықтан мезі болған, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтан жүрегі шайлыққан. Сол баяғы жемқорлық, тойымсыздық, ұрлық-қарлық жақсылыққа  жұмылған жұрттың еңбегін жоққа шығарып, желге ұшыра ма деп алаңдаулы қоғам.  Осы бір олқы тұсымыз туралы Президент былай депті: «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық- парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс».

Осылай дей келе, Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір Отандасымыздың адал азамат болуға ұмтылуы қажет екендігін айтып, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеу, патриоттық сезімді ұлықтау, ұлтымыздың сана-сезімін жаңғырту жолдарын нұсқайды.

Құрылтайда  елімізге танымал бірқатар азаматтар сөз алып, өзекті ойларын ортаға салды. Соның ішінде  Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың пікіріне тоқталғым келеді. Ол бұдан бұрын да республикалық бір телеарна бағдарламасына қатыса отырып, кітапханашылардың атқарып отырған ұлан-ғайыр жұмысына, олардың төмен еңбекақысына қатысты ел аралай жүріп көңілге түйгендерін айтқан болатын. Ол сөзі әлеуметтік желіде үлкен қолдауға ие болған-ды. Расында да солай. Біздің Көкшетау қалалық кітапхана жүйесіне қарасты 12 кітапханада жоспар бойынша ылғи да ақын-жазушылардың шығармалары насихатталып, жергілікті еңбек ерлері, қаламгерлер, танымал тұлғалармен тағылымды кездесулер өткізіліп жатады. Кітапханашыларбасқа да саяси,  қоғамдық-көпшілік жұмыстардың бел ортасынан табылады. Өз мамандықтарын қадірлеп, оның елге тигізер пайдасын түсінетін олар сол белсенділіктен бір айныған емес. Демек, еңбектеріне еңбекақылары сай болғаны әбден дұрыс.

Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Жұлдыз Сүлейменова кітап нарығын дамыту және реттеу бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты. «Озық елдердің тәжірибесі көрсеткеніндей, еліміз дамуы үшін балалар кітап оқуы керек. Кітап болғанда да, баланың ойлау жүйесін дамытатын, қарым-қабілетін арттырып, жаңа кеңістікке жол ашатын кітап болуы қажет. Ол кітаптар және қолжетімді болуға тиіс. Сол үшін де тәуелсіз кітап индустриясын субсидиялауға ден қойып, отандық баспаларға қолдау көрсеткен абзал» деген сияқты нақты ұсыныстарын айта келіп, депутат: «Кітап нарығын реттеудің тағы бір жолы – кітапхана инфрақұрылымын қолдау, кітапханашылардың мәртебесін бекіту. Кітапханаларды дамытуға қаражат қарастыруға, әсіресе, ауылдық жерлердегі кітапханаларға қажетті әдебиеттерді сатып алуға жеңілдіктер қарастырып, кітапханашылардың мәртебесін белгілеу үшін нақты шараларды қолға алуымыз қажет деп санаймын» деп түйіндеді ойын. Сөйтіп, өзі көтерген мәселелердің шешілу жолдарын да ұсынды.

Жасыратын не бар? «Үлкен-кіші газет-жорнал, кітап оқымай кетті. Балаларды ештеңе қызықтырмайды, бойкүйез болып кетті, ұлттық салт-тұрмысқа назар аудармайды, ана тілінде сөйлемейді» деген сындар күнде айтылады. Ал, кітап сапасын арттыру, кітап насихатын күшейту, кітапхана жұмысын жаңғыртып, жандандыра түсу, сол арқылы кітап, газет-жорнал оқушылар санын ұлғайту жаңа айтылған сындардың алдын алудың бірден-бір жолы емес пе? Кітапханашылар мәртебесін арттыру, еңбекақыларын реттеу олардың ынтасын арттырмай ма? Бүкіл рухани қазына, оқу-білім сол кітапта емес пе?!

Бүгінгі таңда ештеңе оқып-білмей, оқиғаның мәнісіне бармай, үстірт бір пікірді дүңк еткізу, жұртты орынсыз дүрліктіру, әлеуметтік желіні пайдаланып, қисынсыз ойларды ойнақтату дағды болып бара жатыр. Ондай жаңсақ пікірлердің зияны шаш-етектен.

Сонымен, ұлттық құрылтайда елдің қамын жеген небір ордалы ой-пікірлер айтылды. Ел-жұрттың көкейінде жүрген кесек-кесек кесім сөздері тыңдалды, кесіп-пішілді. «Кеңесіп пішілген тон келте болмас».

Соның ішінде, кітап пен кітапханашының да кенже қалмағанына қуаныштымыз. Кітап басып шығаруға жеңілдіктер қарастырылса, таралымы ұлғайса, балаларға арналған шығармалар талапқа сай безендіріліп, тартымды етіп шығарылса, жазарманның да, оқырманның да ынтасы арта түспес пе?! Осының бәрі оң іске қолбайлау болып тұр  ғой.

Адалдық алға шығып, әділдік ту етіліп, ерінбей еңбек еткендер еленсе, ұлттық құндылықтарымыз қадірленіп, ата жолымызбен жүрсек, азамат ардан аттамаса,  алынбайтын қамал болмасына кім күмән айтар.

                                                                       Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар