Рухани нәр – сарқылмас азық

Қай кезеңде де, қай елде болсын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі.Тәуелсіздігіне тәубе етіп, кемелді ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер биігінде.

Бүгінгі таңда ауданымызда мәдени ортаны қалыптас­тыру, тұрғындардың эстетикалық тәрбиесіне мән беру,зеренділіктердің туған жерге деген құрметін арттыру жолында толымды жұмыс атқарып отырған мәдениет пен өнер ошағы – Зеренді аудандық Мәдениет үйінің қызметін айта кетсем ләзім.

Ауданда барлығы 36 мәдениет ошағы жұмыс істейді. Дархан даланың биік рухы саналатын өрелі мәдениетіміз бен өнерімізге жыл сайын шынайы қамқорлық пен қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, облыстық және аудандықбюджеттен қомақты қаражат бөлініп, үстіміздегі жылы Бәйтерек, М.Ғабдуллин, Игілік, Айдарлы ауылдарындағы және аудандық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатарөткен жылы күрделі жөндеуден кейін Айдабол ауылдық мәдениет үйі ажарлы кейіпке еніп, өнер лебі самаладай соққан ошаққа айналды. Баратай ауылдық клубына да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұндағы мақсатымыз – ауылдық клуб, кітапханаларда ауыл жастары мен тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізетін орта қалыптастыру.

Жергілікті өнерпаздар түрлі облыстық, республикалық өнер байқауларында жүлделі орындарды еншілеп, аудан даңқын асқақтатып келеді. Мысал үшін, өткен жылы балалар жылына арналған «Балауса балғын таланттар» тақырыбында өткен «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар байқауында жүлделі бірінші орын иеленді. Сондай-ақ облыстық «Жыл үздігі» байқауында аудандық мәдениет үйінің «Арқа әуені» халықтық фольклорлық ансамблі Гран-Приге ие болды. Аудан өнерпаздары барлығы 25-тен астам республикалық, облыстық додаларда бақ сынап, таланттарын ұштады. Үстіміздегі жылдың  қаңтар айында Алматы қаласында өткен «Бала шабыты» халықаралық байқауында аудандық мәдениет үйіне қарасты Өркен ауылдық клубының вокалдық үйірмесіне қатысатын ІңкәрСонгина жүлделі екінші орынға көтерілді. «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар байқауының қорытындысы бойынша аудан көркемөнерпаздарының 19-ы дипломант және 15-і лауреат атағына ие болды. Жыл басынан бері аудан өнерпаздары түрлі деңгейде өткен байқауларға қатысып, 39 дипломмен марапатталды.

Өткенімізді түгендеп, өшкенімізді қайта жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, тарих өлшемінің аз ғана уақытында өзгеріп, бүкіл әлем жұртшылығы алдында абыройы асқақтап келе жатқан халқымыздың ұлттық сана биігінде самғап, өркениет көшінің алғы сапында тұруға ұмтылатын «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.  Аудан тұрғындарына арналған түрлі үйірмелерді топтастырған мәдениет ошағының есігі баршаға айқара ашық. Еліміздің еңсесі еселенгеннен бері ауданның ауылдық кулбтары да назардан тыс қалған емес.

Алмат БАЛТАҒАРИН,
Зеренді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар