Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біздің де қолтаңбамыз бар - АРҚА АЖАРЫ

Біздің де қолтаңбамыз бар

Төл мерекеміз қарсаңында азды-көпті еңбегіміз жайлы баяндаудың сәті  түсіп тұр.

Асылында адам өзінің ақадал еңбегімен отбасын асырап, табыс табуға мүмкіндік беретін, жүрек қалауымен таңдап алған мамандықтың бәрі жақсы. Солай бола тұра, өзіміз нәпақамызды тауып, елімізге еңбегімізді сіңіріп жатқан, бар қыр-сырын біршама меңгерген құрылысшы мамандығы мен үшін мейлінше ыстық, барынша абыройлы болып көрінетіні бар. Мәселен, қалада келе жатқаныңда самсаған құрылыстың ішіндегі өзіңнің маңдай терің тамған, кірпішін қолыңмен қалаған ғимараттар көзіңе оттай ыстық болып  ұшырайды. Сол сәтте кеудеңді мақтаныш сезімі кернеп, елге баспана болып, қалаға сәулет беріп тұрған осы құрылысты салуға мен де қатысып едім деген ризашылық туындап, өз ойыңнан өзің ләззат алатын сәт болады. Құрылысшының артында із қалады. Бұлт бауырын сызатын зәулім ғимараттар еселі еңбегіңнің, адал пейіліңнің белгісі іспетті. Әдетте адам ғұмыр соқпағының көмескіленген ізіне ой көзін салып, осы мен мынау өмірде не бітірдім деп ойланатын сәті болады емес пе? Міне, сондай өзіңе өзің есеп берген кезде әлгіндей артыңда қалар мұраң іспетті еңбегің болса көңіл тоятамай ма?

Ертеректе біздің ауылдың балалары еңбекқор еді. Үлкендер қайда жұмсаса да бас тартпайтын елгезек, қолдарынан балға мен балта түспейтін. Қара жұмыспен шыңдалып өсті. Бәлкім содан ба екен, ат жалын тартып мінгеннен кейін жұмыстың ешбір қиындығынан қорықпайтын қайсар болып қалыптасты. Біздің нағашы атамыз Құлмұханбет он саусағынан өнер тамған шебер адам болған екен. Біздің үйдің балаларының қолдарының ептілігі нағашыларына тартқан десетін.

Жоғары оқу орнын аяқтап, құрылысшы инженер мамандығын алып шыққаннан кейін Ресейдің Түмен облысындағы Ханты-Мансийский округінде олимпиада қалашығын салуға қатысумен бастадым. Бұл жер шын мәнінде алғашқы тәжірибе жинақтайтын, шеберлік шыңдайтын ұжым болды. Олимпиада қалашығын салуға қазақстандықтар, оның ішінде біздің көкшетаулықтар да көптеп қатысты. Өтпелі кезеңде елде жұмыс болмай, бірқатар құрыш қолды құрылысшылар алыс-жақын шет елдерде жұмыс істеп, еңбек еткендігі белгілі. Міне, осындай қысылтаяң кезде де құрылысшы мамандығы әрқашан сұранысқа ие екендігін, бұл кәсіппен айналысқандардың еш уақыт та жерде қалмайтынын көкейіме түйіп алғаным бар. Ресейде бірер жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағаннан кейін Көкшетауға оралдық. «МГТ-Астана» серіктестігінде де жұмыс істедік. Құрылыс ұжымы тоқырау кезінде толық аяқталмай қалған ғимараттарды салумен айналысты. Олардың көпшілігі тұрғын үйлер еді. Әрбір нысан тап-тұйнақтай аяқталып, тұрғын үйдің пайдалануға берілуін сарғая тосқан адамдар баспаналы болып жатқан сәтін көруден асқан бақыт жоқ шығар. Міне, дәл осындай қуанышты кезеңді көргенде өзің қалаған мамандықтың қаншалықты жақсы, жасампаз екендігін айқын ұғасың. Осы  серіктестікте құрылыс шебері болып еңбек етіп жүрген кезімізде талай шарапатты шаруаның бел ортасында болдық. Құрылыс саласына қаржы бөлініп, облыс орталығында заман талабына толық жауап беретін зәулім ғимараттар салына бастады. Солардың бірі осы күні қала тұрғындарына игілігін тигізіп тұрған «Бурабай» спорт сарайы. Спорт сарайының алғашқы қазығы қағылған күннен бастап пайдалануға берілгенше үзбей жұмыс істедім. Құрылыс жұмысын жаңа бастаған жас мамандарға тәлімгер бола алатын дәрежеге де жеттік. Әрине, ол уақытта қиындықта шашетектен еді. Бірде қаржы мәселесі уақытында шешілмесе, енді бірде қажетті, сапалы материалдар дер кезінде жеткізілмейді. Құрылысшы болғаннан кейін мұндай қиындықтардың бәріне шыдаған дұрыс.

Астананың құрылысына төрткүл дүние тегіс назар аударғаны мәлім.  Сайын Сарыарқаның төсінде жаңа сипатты, архитектуралық үлгісі ғажап құрылыс алаңы пайда болды. Бұл құрылысқа көкшетаулық мамандар да қатысты. Біз «ЭКСПО-2017» көрмесінің қалашығын тұрғызуға ат салыстық. «Нұр әлем» ғимаратының темір конструкцияларын құрастырып, дәнекерлеу жұмыстарын жүргіздік. Назарбаев университетінің алаңында биіктігі 42 метрлік стелла орнаттық. Бүгінгі күні де осы Астана қаласында көкшетаулық құрылысшылар бригадасы еңбек етуде. Демек, біздің көкшетаулықтардың сұлу да сымбатты Астана қаласының өркендеуіне өз үлесімізді қостық деп ауыз толтырып айтуға хақысы бар.

Бүгінгі күні жас толқын білім ошағын аяқтап, үлкен өмірге жолдама алуда. Құрылысшы мамандығының қашанда қадірлі екендігін тәптіштеп айтуым сол себептен. Шалғайдағы шағын ауылдардағы өскелең ұрпақ өмірден өз жолын таңдарда жасампаз мамандықтың жайын ұғып, болашағын дұрыс болжап жатса, жарасымды емес пе?

Зарап ЖАБАҒИН,
инженер-құрылысшы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар