Барлық жолдар бас қалада тоғысады

Әр елдің өз астанасы – бас қаласы бар. Кей елдерде ол екеуге баланады. Мәселен, Мәскеу мен Санкт-Петербург, Нью-Йорк пен Вашингтон, Анкара мен Стамбул… Бірі саяси-әкімшілік, екіншісі тарихи-мәдени орталық болып бірін-бірі толықтырып отырады.

Бізде де Астана мен Алматы бар. Астана түсінікті, 1997 жылдың 10 желтоқсанынан сол кездегі ел Президентінің Жарлығымен тәуелсіз Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды. Ал, Алматы бұрынғы астанамыз екендігін білмесе, кейінгі балалар біле бермес. Қалғанымыз жастайымыздан көңілімізге түйіп, солай қарай елеңдеп өскеніміз белгілі ғой. Балалар демекші, мектебі мен үлкендерден олар да мұны білмейді емес, білетін болар. Бұл жағынан біз де әлемдік өркениеттен қалыс қалған жоқпыз. 2 миллионға жуық халқы бар Алматы еліміздің ғылыми-мәдени, тарихи, қаржы-экономикалық орталығы болып қала бермек. Кейде осыған қарап, ел өміріндегі бұрынғы орнын ескеріп, оны «оңтүстік астана» деп жатады.

Бірақ, өзіміз оқыған, талай болған ару Алматымызды қаншалықты жақсы көрсек те, сұлу табиғатын, Алатаудың етегіндегі әсем көркін ерекше бағаласақ та, ел астанасы біреу. Ол – қазақ халқына бас қала атанған 25 жылда шын мәнісінде осы деңгейге жеткен Астанамыз. Күдік пен үміт! Бұл адам баласымен қай кезде де бірге жүретін көңіл-күй ауаны. Алғаш «Ақмола қаласы астана болады екен» деген әңгіме шыққанда, осы сөз баспасөз беттерінен көріне бастағанда бұған нанар-нанбас күйде де болғанымыз, көптің ойына да кірмеген істің қолдан келуін мүмкін еместей көргеніміз де рас.

Алайда, сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімі осы жорамалды шындыққа айналдырып, ел астанасы Арқаға көшті. Бұған солтүстік өңірдің халқы қуанса, оңтүстіктегілер, әсіресе, алматылықтар абдырап қалғаны да рас еді. Қанша айтқанмен, жетпіс жылға жуық уақыт бойы республика астанасы болып келген Алматыға осы мәртебесінен айырылу оңай соқпағаны белгілі.

Дегенмен, жүйрік уақыт мұның бәрін өз орнына қойып, Алматы астана атауынсыз-ақ кейін жақсы дамып, өз өсіп-өркендеу жолын тауып кетті. Ал, бізге анағұрлым жақындағаны былай тұрсын, дәл іргемізде, 300 шақырым ғана жердегі жаңа астанамызға келсек, кешегі Ақмола мен бүгінгі қаланың айырмашылығы әрине, жер мен көктей. Астана қазақ еліне елорда болған жиырма бес жылда әлемнің талай мемлекеттерінің астаналарымен иек тірестіретін деңгейге жетті.

Осының бәрі бірте-бірте біздің көз алдымызда қол жеткен өзгерістер. Астана құрылысына, кешегі облыс орталығының еліміздің бас қаласы болып қалыптасуына бүкіл Қазақстан халқы ат салысқаны айдан анық. Соның ішінде астана Ақмола облысының аумағында тұрғандықтан, яғни, басқалардан да осы өңір тұрғындарына бір табан жақын болғандықтан, оған адам, жұмыс күші, кадрлармен, қай жағынан алсақ та ең көп үлес қосқандардың бірі біздің облыс. Әсіресе, осы жаққа көш енді басталғанда, қала жаңа астана атауымен рухтанғанда, тез арада керек болған тұрғын үй, мемлекеттік ғимараттар құрылысында көкшетаулық ұйымдар, жеке азаматтарымыз да көптеп бой көрсеткенін жақсы білеміз. Олар қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында аянбай, тәуелсіз еліміздің жаңа астанасын салысты, сол үшін де өздерін осынау біреу сеніп, біреу сенбеген үлкен шаруаның басы-қасынан табылдық деп бір желпініп қоятын жөндері бар.

Осы арада аяз дегеннен шығады, әу баста Арқаға бет  қойған мемлекеттік мекемелер, министрліктердің қызметкерлерін бұл жақтағы ауа райының суықтығы  қинағаны аян. Мемлекеттік аппарат алғаш елдің жаңа астанасы ретінде Ақмолаға көшіп келген сол 1997 жылдың 10 желтоқсанының өзі соны анық аңғартқандай аязды, шыңылтыр күннің бірі болатын. Сол жылы қыс та қатал, боранды болды. Алайда, артқа жол жоқ еді. Қайткенде де алда жаңа астананы салып, Арқа төріне орнықтыру міндеті тұрды.

Бүгінде тәуекелге барған бұл міндет орындалғанына, жаңа елордамызды әлем  танитынына  толығымен көз жетіп отыр. Баяғы солтүстіктің ызғары, аязы  туралы әңгіме де бәсеңдеген. Арқа қысына үйрене алмағандар келген жолымен рас, қайра кетті. Бірақ, көбі астанаға үйренісіп, қалып қойды. Оларға жыл сайын жаңадан қаншама жастар қосылуда. Бір ғана Шымкент жаққа пойызбен бара жатсаң, келе жатсаң, мосқал жолаушылардың ішінен екінің бірі «Астанада баламыз тұрушы еді» дейді. Бүгінгі толысқан, өскен, қанатын кеңге жайған елордамыздың құдіретін, оның еліміздің жүрегі, тірегі болып кеткендігін осыдан-ақ байқайсың.

Иә, астана жыл сайын көркейген үстіне көркейіп, жасарып келеді. Бірінен бірі өткен құрылыстардың көбі жапондық атақты сәулетші Кисё Курокаваның жобасымен салынғаны, қаланың бас жоспары да осы маманның басшылығымен жасалғандығы өзін ақтап тұр. Бір сөзбен айтқанда, астана бұл күнде ғылыми-мәдени, біліми тірлігі дейсіз бе, саяси өмірін алып қарайсыз ба, тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан Азия мен Еуропаның әсем қалаларының бірі. Ең бастысы ол қазақ елінің мәселе бейбіт ұстанымға, өзара тығыз ынтымақтастық қарым-қатынасқа келгенде, төрткүл дүниеге құшағын айқара ашқан бастамашыл да бауырмал астанасы.

Осы ретте, өткен көш-көгенімізді де тілге  тиек ете отырсақ, қазақтың тарихында астаналарының жаманы болған емес. Сонау Алаш автономиясы хош көрген Семей, 1925 жылға дейінгі Орынбор, одан кейінгі Қызылорда, бертінгі Алматымыз кезінде өз астаналық міндет-парызын адал атқарып берген қалалар. Бүгінгі астана да тақыр жерден астана бола қалған жоқ. Кей Алаш арыстары мұны ертеден көксеп, айтып та кеткен. Бертін Ақмола астана атанғанда,«алғаш осы ойды анау қозғады, мынау қозғады» деген әңгімелер де ел құлағына жетпеді емес, жетіп жатты. Біреуі бір қайраткерді, келесісі екінші қайраткерді атады. Қысқасы, бұл мәселеде де өзіне ұпай алып қалу немесе біреуге ұпай алып беру жағы біздің қазекеңе жат емес еді. Ал, біздің өзіміздің есімізде қалғаны, «жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, сондай сөз шыға бастағанда, сол кезде өзіміз еңбек еткен республикалық «Халық кеңесі» газеті осы тақырыпқа үлкен бір мақаласын арнап, астанамыздың Арқаға көшірілуі саяси-экономикалық жағынан да, жас тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігі тұрғысынан да ең бір оңтайлы шешім боларын кесіп айтқаны.

Иә, бұл таңдау тегін емес еді. Ақмола Еуразия құрылығының дәл ортасында орналасқандықтан, мұнда шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке баратын жолдардың бәрі тоғысып жатыр. Орталық Азиядан Сібірге, Қытайдан Еуропаға қатынайтын темір жол және автокөлік жолдары осы арадан өтеді. Астананы жаңа орынға көшірерде нақ осы геосаяси шешім басты рөл атқарғаны анық. Сосынғы бір маңызды мәселе, сол тұстағы Ақмоланың тарихи тұрғыдан да астана атауына лайық болғандығы. Бұл жер ежелден түрлі мәдениеттер мен өркениеттің ұштасқан жері. Бұл арамен біздің дәуірімізге дейінгі алғашқы мыңжылдықтың ортасында Ұлы Жібек жолы өткен. Керуен жолдары қалаларда сауда мен қолөнердің дамуына барынша ықпал етіп отырған. Соның бір айғағы, Астанадан отыз шақырым жерден табылған ежелгі Бозоқ қалашығы. Өз тарихын көне түрік кезеңінен бастайтын бұл тарихи ескерткішті Ақмола астана мәртебесін енді алып жатқан 1999 жылы белгілі археолог Кемел Ақышев ашқан болатын. Бұл сөз жоқ, Арқа төсіндегі қаланың бай негізін көрсететін жаңалық еді.

Астананың бүкіл халқымыздың, шетел қауымдастығының алдында тез дамуы әрине, оның тұрғындарының да санының жылдам өсуіне игі әсерін тигізгені анық. Айталық, 2017 жылдың 1 маусымында қала халқы 1 миллион адамға жетсе, араға төрт жыл салып, тағы 350 мың адамға көбейді. Одан бері де өсу үстінде екендігін өз болашағын осы қаламен байланыстырған отандастарымыздың «астана» деген жүрек лүпілінен-ақ аңғаруға болады.

Міне, бұл астана көбімізге ұнайтындығының белгісі. Рас, онда тұруды, жұмыс не басқа себептермен көп тұрақтап қалуды ұната бермейтіндер де бар. Көп шуы, жанталасқан жылдам өмір ырғағы мезі қылып жіберетіндер кеткенше асығады. Ал, сол аңсаған өз мекеніңе келе қалсаң, мұндағы провинциалды қалаңның Астананың зәулім үйлері, кең көшелерінен кейін көзге қарабайырлау көрініп қалатыны тағы жасырын емес. Айтпақшы, 1998 жылдың 6 мамырында жарты жылдай астана болып келген Ақмола қаласы осы Астана атауына ауыстырылғанда, халықтың бұл жалпылама тосын атауды қабылдай қоюы да оңайға соқпағанын білеміз. Бірақ, кейін бәрі орнына келіп, үйренісіп кеттік. Ал, енді 2019 жылдың 22 мамырында қалаға күштеп телінген Нұр-Сұлтан атауын депутаттар сол сәтте-ақ шешіп тастаса да, халық қабылдай қоймады. Тіпті өзімізге мақалаларын жолдап, астына Астана қаласын жазатын кей авторларымыздың өзі енді жаңа қала атауын жазбайтын болды. Күштеп теліген ат ақыры көпке бармай, қала бұрынғы атын иеленгенімен, түбі бас қалаға басқа бір мәнді атау керек сияқты.

Ал, енді небір маңызды саяси оқиғалармен буырқанып жататын әлем мемлекеттері астаналарының осы бір ерекшелігі өткен 25 жылда біздің астанамызға да қаншалықты жұғысты болды десек, ойымызға бірден 1999 жылдың өзінде Астананың ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша «Бейбітшілік қаласы» атанғаны, одан беріде өткен ОБСЕ саммиті, ЭКСПО көрмесі, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, бітімгершілік миссиялары түсе кетеді. Олардың Астананың атын шығарып, имиджін көтергені рас,алайда, көпшілік дүрмекпен өте шыққан солардан кейін елімізге, халыққа айта қаларлықтай бір пайда келді деп топшылау қиын. Дегенмен, халықаралық аренада аз жылдардың бедерінде өзіне тән біраз жетістіктерге жетіп үлгерген тәуелсіз мемлекетіміздің осы қадамдарының дені астанамызбен, оның ел өмірінде алатын айшықты орнымен байланысты екендігі тағы аян.

Ал, енді осы бір жағдай, яғни, Астананың біздің де тап іргемізде болуы Ақмола облысына нендей игіліктер әкеліп отыр дегенге келсек, ол жағы өте көп. Бір ғана Астананы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесінің өзін ақмолалық ауыл еңбеккерлерінсіз көз алдыңызға елестете алмайсыз. Астананың жасыл белдеуі, ол да біз үшін бір ұшы-қиырсыз игі жұмыс. Астана қалай дамыса, онымен іргелес елді мекендеріміз де солай дамып, өсіп-өркендеу үстінде. Осы заманғы әйдік автобан, жиілеген терімжол қатынасымен  екі орта күн сайын ағылған халық. Көрікті Бурабайымыз да іргедегі бас қаламызға қарап бой түзей түскені ақиқат.

Олай болса Астана, сен біздің елдің, қазақ деген ұлттың кең ашылған тынысы, тынымсыз соққан жүрегісің. Өзіңдей астанасы бар халық сол айшықты шаһарының қадірін біліп жүрсін. Ел аман, астанамыз жайлы болсын!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар