Мектеп түлектері аттестатпен бірге колледж дипломын алады

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаментінің мәлімдеуінше, өңірдегі колледждер базасында жоғары сынып оқушыларына жұмыс біліктілігін беретін пилоттық жоба қолға алынды. Нәтижесінде мектеп оқушылары аттестатпен бірге колледж дипломын алып шығады.

Енді жаңа білім беру бағдарламасы бойынша 10-11 сынып оқушылары өз мектептерінде білім ала жүріп, колледжде жұмысшы мамандықтарын қатар меңгере алады.

Салалық министрліктің техникалық және кәсіптік білім департаменті мамандарының айтуына қарағанда, қазіргі уақытта мектеп оқушыларына меңгеруге 16 жұмысшы мамандығы анықталыпты. Оқушылар мектептен тыс уақытында күніне 2 сағат колледжге барып, білім алады. Бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде бұған 2 колледжден белгіленіпті. Онда оқушылар кәсіби даярлықтан өтеді.

Жаңа пилоттық жоба бойынша біздің облыста оқушылар Көкшетау қаласының құрылыс-технологиялық колледжі мен Степногорск қаласының жоғары колледжі базасында кәсіби білім ала алады.

–Биыл пилоттық жобаға Көкшетау қаласының екі мектебі қатысады. Оқушылар аспаз, наубайшы, сәндік-қолданбалы өнер және дәнекерлеуші мамандығына оқиды. Степногорск қаласында 9 мектеп аталған бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл мектептердің білім алушылары «Интерьер дизайны» және «автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бойынша білім алады. Колледжде оқыту процесін жүргізу үшін білім беру бағдарламасы әзірленді, педагогтар дайын, арнайы пәндер шеберханалары мен кабинеттері тиісінше жабдықталған, –дейді Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин.

Олай болса, бұл оқуды аяқтағаннан кейін оқушыларымыз мектеп аттестатымен қатар, колледж дипломына да қол жеткізіп, еңбек нарығына қатыса алады деген сөз.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар