Ақылбайда форель өсіретін ферма бар

Көрікті Бурабай ауданының Ақылбай ауылының маңында форель өсіретін ферма жұмыс істейді. Солтүстік Америка мен Австралияда кездесетін бұл экзотикалық балықтың дәмін бұдан былай біздің облыс тұрғындары мен курорттық аймаққа дем алуға келетін туристердің детатып көруіне мүмкіндік бар.

Бұл «Biosphere-fish» серіктестігіне балықтар алдымен уылдырық түрінде Франциядан жеткізіліп, одан соң осында инкубаторда өсіріледі. Мамандардың айтуынша, форель балығын күніне 6-7 рет тамақтандыру керек. Жабайы жерде өсетін бұл балықтар қалыпты өлшеміне келу үшін 2 жылдан астам уақыт қажет екен. Ал, Ақылбай ауылындағы фермада жасалған жағдайда балықтар бір жыл көлемінде өсіп жетіледі. Суық суға толтырылған 8 бассейннің әрқайсысына 4 тоннаға жуық түрлі-түсті форель сияды екен. Барлық шағын су қоймалары автономды сүзгілермен және оттегі баллондарымен жабдықталған.

Серіктестіктің аға балық өсірушісі Рауан Шалдыбаевтың айтуына қарағанда, шабақтар 80-100 грамм салмаққа дейін өскенде, оларды жеке-жеке әр бассейнге сұрыптайды екен. Себебі, олар арнайы күтімді қажет етеді және тамақтандырудың белгіленген арнайы нормасы бар. Апта сайын балықтардың салмағы таразыланып, тазалаудан өткізіледі.

–Жергілікті тұрғындар бізден келіп балық сатып алады. Біздің өңір үшін бұл жеңсік тағам түрі ғой, –дейді аға балық өсіруші.

Кәсіпорын жылына 45 тоннаға  дейін балық өсіруді көздеп отыр. Қазіргі уақытта еліміз бойынша осы шаруашылық қана түрлі-түсті форель өсіреді екен. Өнім негізінен, облыстың және басқа өңірлердің мейрамханалары мен жеке тұлғаларына сатылады. Сонымен бірге, жаңа іске мемлекеттік органдар да белсенді қолдау көрсетіп отырған көрінеді.

–Қазіргі уақытта балық шаруашылығын дамытуда балықты аулауға емес, оны өсіруге басымдық беріліп отыр. Бұл шаруа Ақмола облысында дұрысқолға алынып отыр. Ол үшін балық шаруашылығы бағдарламасы әзірленген болатын. 2030 жылға қарай жылына 10 мың тоннаға дейін балық өсіру көзделуде, –дейді Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев.

Бүгінде серіктестік өнім өндіру көлемін ұлғайтып, халықаралық нарыққа шығуды жоспарлауда. Сондай-ақ, ферма туристік әлеуеті жоғары аймақта орналасқандықтан, жеңсік асқа демалушыларды да көптеп тарту үшін ашық тоғандар мен шағын демалыс аумағының құрылысы қолға алынған көрінеді.

.Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар