Мемлекеттік тілде сөйлеу – парызымыз

Қытайдың атақты философы Конфуций «Егер маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі, тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді» деген.

Мемлекеттік тіл – егемен еліміздің негізгі қажеттіліктерінің бірі. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп жазылған. Әрбір қазақстандық Ата Заңымыздың талаптарын орындап, қазақ тілінде сөйлеуге міндетті. Тіл – ұлт пен ұлтты жақындастыратын ең үлкен қатынас құралы.

Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да – тіл. Ол – қасиетті де қастерлі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұта білуі тиіс. Тіл – қашанда ұлттың ұйтқысы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың егемендігі баянды, тұғыры қашан да биік.

Қытайдың атақты философы Конфуций «Егер маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі, тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді» деген. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды. Қазақ тілінің маңыздылығын және қолданыс аясын кеңейту күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан, әр кез ана тілімізді ардақтап, оның мәртебесін көтеру жолында әрбір қазақстандық атсалысуы тиіс. Бұл әсіресе, мемлекеттік қызметшілерге қатысты. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күн санап арта түсуде. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу – мемлекеттік қызметкерлердің ең басты біліктілік талабына айнала бастады. Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз.

Алаш арысы, тіл жанашыры А.Байтұрсынов та «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дейді. Міне, әліппенің атасы айтқан осы сөздің өзі мемлекеттік тілімізді қаншалықты құрметтеп, қадірлеу керектігімізді айшықтап тұр. Қалай десек те ана тілінің қадірін арттыру – дамудың даңғыл жолындағы бір қадам екенін естен шығармайық. Қазіргі таңдағы тіл мәдениеті төңірегіндегі тағы бір мәселе – бабамыздан келе жатқан ардақты тілімізді орыс тілімен араластырып, шұбарлап сөйлеу. Бұған дейін орыстың отарлау саясатының кесірі деп ақталып келдік. Ал, енді одан бері де отыз жылдан аса уақыт өтіп барады. Ендігі жерде бар күш-жігеріміз ұлттық құндылықтарымызды одан әрі қарқынды түрде дамыта түсуге бағытталу қажет. Еліміздің әр азаматы әуезді, әдемі, жағымды қазақ тілін былғамай, таза сөйлесе қандай керемет.

Жас ұрпақтың тілі ана тілінде шығып, қазақ тілінде білім алуына, басқа да тілдерді жетік меңгеруіне толық мүмкіндік бар. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Ал, оған деген сүйіспеншілік пен құрмет бала кезден бас­талуы керек. Айналадағы адамдарға, өзінің өскен ортасына, Отанына деген ерекше сезім мен көзқарастың бастауын да сол туған тілімізден аламыз. Ең сыйлы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді.

Біздің байлығымыз – сан ғасырлық тарихи тамырымыз, өзге ұлттан ерекшелендіріп тұратын салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, діни ұстанымымыз бен тіліміз, білім-ғылымымыз, ұлттық қасиетіміз және  мәдениетіміз бен әдебиетіміз, өзімізге ғана тән ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз. Осы байлығымызды сақтау парыз десек, ең бірінші, біздің қазақ екенімізді анықтайтын, жандүниеміздің айнасы – ана тілімізді сақтау керек. Ұлан-байтақ жері бар қазақ елі мәңгілік жасасын десек,  тағы да тілімізді, ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді сақтауымыз қажет. Ал, осы байлықтың жиналатын, сақталатын, ұрпақтан-ұр­пақ­қа берілетін қоры да, қазы­на­сы да, тасымалдаушысы да – осы тіл, ана тіліміз. Ендеше, тіл – біздің бары­­мыз, тіл – біздің нанымыз. Сондықтан, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің мәртебесін биік ұстайық!

Айгүл ЖАЗИНА,
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл ұлттық бюросының
Ақмола облысы бойынша департаментінің
аударма жұмысы бойынша редакторы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар