Әр аймақтың, әр өңірдің өз маңдайына басқан қадірлісі, ардақтысы болады. Мысалы, бұлардың кейбірі өлкенің мәдениеті мен әдебиетін дамытып, тарихын зерттесе, енді біреулері білім беру ісінің майталмандары, қайсыбірі спорт саласын алға сүйрейді. Міне, осындай адамдардың арқасында әр аймақтың, әр ауданның қоғамдық-рухани өмірі, мәдениетіқанат жайып, даму үстінде келеді.
Ерейментау еліндегі дәл осындай санаулы адамдардың бірі – ақын, сазгер, суретші, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Сайлау Жылқыбаев.
Биылғы жылы мерейлі 65 деген жасқа толып отырған Сайлау Қабыкенұлы өзінің көп жылғы шығармашылық жұмысына есеп беріп, өткен маусым айындаөзі басқарып отырған аудандық мәдениет үйінде «Ерейментау – ең биігім, асқағым» атты шығармашылық кешін өткізді.
Өнердің әр саласында өзіндік табысқа жетіп жүрген Сайлау әріптесіміздің бұл кеші шынында да айтарлықтай деңгейде өтті. Сазгердің әр тақырыпқа арнап жазған жүрекжарды әндері шырқалып, өлеңдері оқылды. Осы кешті арнайы келіп тамашалаған көрермен қауым өзгеше бір рухани ләззат алып қайтқаны анық.
Сөз басында әңгімеміздің кейіпкері Сайлау Қабыкенұлының ғұмырбаянына азырақ тоқтала кетсек. 1958 жылы осы аудандағы Бозтал ауылында дүниеге келген Сайлау бала жасынан әдебиетті құныға оқып, сурет салумен әуестенгенін білеміз. Себебі, бір сыныпта оқып, бір партада қатар отырдық. Осы бір өнерге деген құмарлық оны ақыр аяғында үлкен шығармашылықбиікке алып келді.
Орта мектепті бітіріп, міндетті әскери қызметін өтеп келгесін бірнеше жыл өз ауылында еңбек етіп, кейін суретшілікті біржола мақсат еткен Сайлау Алматының Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының көркем сурет және графика факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шықты.
Сайлаудың осыдан кейінгі барлық өмірі ұстаздықпен, шығармашылықпен тығыз байланысты. Көп жылдар Бозтал орта мектебінде мұғалім болып қызмет ете жүріп, ол шығармашылықтан әсте қол үзбеді. Осының нәтижесі шығар, 2003 жылы жалпы республика бойынша өткен «Ауылдың үздік ұстазы» атты байқауға қатысып, аудан мен облыс бойынша жүлделі бірінші орынды иеленіп, одан соң республикалық осындай жарыста тағы да бірінші орыннан көрінген еді. Шығармашылық дарынымен танылған Сайлау 2004 жылы Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен Білім және ғылым қызметкерлерінің III съезіне Ақмола облысының атынан делегат болып қатысып еді.
Осындай бір есте қаларлық оқиғалар, дүбірлі жарыстағы жеңістер өнерпазға қанат берген секілді. Кейін аудан орталығы Ерейментауға қоныс аударып келген Сайлау Қабыкенұлы алғашында Бөгенбай батыр атындағы орта мектепте мұғалім, аудандық мәдениет үйінде суретші болып еңбек етіп, кейін Бөгенбай батыр атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне директор болып ауысты.2013 жылы Ақмола облысының музейлері арасында өткен «Үздік музей. Музей раритеті» конкурсында Сайлау Қабыкенұлының жасаған жобасымен Ерейментау музейі бас жүлдені жеңіп алып, нәтижесінде музей рейтингісі бірінші орынға шығып еді.Ол сол жылдары аймақтық «Ереймен елі» газетінде тілші, журналист болып, қаламын ұштағаны тағы бар.Сайлау енді музейге басшы болып келгесін шығармашылығын барынша дамытып, тек сурет салып, өлең жазып қана қоймай, түрлі тақырыпқа әндер шығарумен шындап айналыса бастады.
Сайлау Жылқыбаевтың шығармашылығын сөз еткенде, ең әуелі оның ақындығы жайлы әңгімелесек деп едік. Көпке белгілі, ақындықтың оқуы болмайды дейді. Ол адам табиғатына ана сүтімен берілетін қасиет. Поэзия секілді тылсымы мол әлемге қадам жасаған Сайлау осы салада да көптің бірі болып қалмай, бірнеше мәрте облыстық, республикалық ақындар мүшәйрасының жүлдегері атанып, дәстүрлі «Шығыс шынары» байқауына қатысып, өлеңдері осы аттас кітапқа да енген.Осылай поэзия саласындағы бірнеше жылғы өлеңдері топтастырылып, «Бозталда қалған қолтаңба», «Құдыретке жүгіну» деген атаумен екі мәрте кітап болып жарыққа шықты.
Сайлау Қабыкенұлының үзбей айналысатын өнердің тағы бір саласы – сазгерлік. Ол бүгінде талай әншілердің репертуарында жүрген ондаған әсем әндердің авторы. Бір ғажабы, Сайлау әндерінің көбі туған жер, өскен өлке, Ерейментау аймағына арналған. Осы өңірдегі Бозтал, Ажы, Жаңажол, Ордабай, Олжабай секілді ауылдарға арнап шығарған әндері бүгінде ел өнерпаздарының аузында жүр.
Сайлау сазгер осы салада да табыссыз емес. 2018 жылы ұйымдастырылған республикалық әншілер конкурсында «Мен – қазақтың қызымын» атты әні жүлделі бірінші орынға ие болғанын айта кеткіміз келеді. Сол кезде қазылар алқасының төрағасы белгілі сазгер Марат Омаров болған екен. Сондықтан, аталмыш әнге әділ баға берілгені сөзсіз деп ойлаймыз.
2021 жылы өз облысымыздағы Ақкөл ауданы «Ақкөлім – алтын бесігім» атты сазгерлер конкурсын жариялап, Сайлаудың «Ақкөлім» атты әні осы дүбірлі жарыста бас жүлде Гран-приге ие болып, бұл ән қазір Ақкөл ауданының әнұранына айналған.
Былтырғы жылы Павлодар қаласында жергілікті әкімдік пен қоғамдық бірлестіктер ұйымдастырып өткізген бард-әншілердің байқауында Сайлау Қабыкенұлының «Соғыстың соңғы солдаты» атты әні екінші жүлде алып оралған. «Бұл әннің шығуына себеп болған ана бір жылы майдан даласынан сүйегі табылып, Өлеңті ауылына әкелініп жерленген Бекмұхаметов Қалиолла атты жерлесіміз», — дейді Сайлау өзі.
Бір ғажабы, Сайлау Жылқыбаев тек ән салып, өлең жазатын шығармашылықтың ғана адамы ғана емес, ол – білікті басшы, тәжірибелі ұйымдастырушы. Сонау 2015 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, аудандық мәдениет бөлімін 6-7 жыл басқарып, аудан мәдениетін биік бір сатыға көтергенінің куәсіміз. Сайлау мәдениет бөлімін басқарып жүрген кезеңде аудан өнерпаздары облыстық дәстүрлі «Ақмола жұлдыздары» өнер байқауында бірнеше мәрте топ жарып, үш мәрте (2015, 2021, 2023 жылдары) Бас жүлде – автокөлік алған екен. Бұл аудан үшін үлкен жетістік екені айтпаса да белгілі.
Енді Сайлау Қабыкенұлының сол күнгі Ерейментауда өткен кеші туралы айтсақ, еліміздің әр аймағынан қонақтар келіп, той иесіне ақ тілектерін арнады.Сонау Түркістан мен Қызылорданың Жаңақорғанынан курстастары аңқылдап жетіпті. Қасиетті Баянауыл жерінен келген бір топ меймандар да кеш барысында көңіл толқынысын жасыра алмай, тебірене сөйлегенінің куәсі болдық. Екібастұз қаласынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмағали Қоғабай ағамыз да келіп қатысып, кеш иесіне ағалық ақ тілегін арнады.
Өз жерлестеріміз, Астанада тұратын ақсақалдарымыз Қоныс Әлімжанов, Талғатбек Жанайдаров, Манап Әдірешов, Жеңіс Бөдешов секілді құрметті қонақтар да ел өнерпазына өрелі табыстар тілеп, риза болып аттанған еді.
Кеш барысында сахнада сөйлеген аудан әкімі Абай Әлжанов Сайлау Қабыкенұлының шығармашылығын сөз ете келе, оның аудан мәдениеті мен руханияты үшін жасап жүрген жұмыстарына барынша жоғары баға беріп, ел мақтанышы Сайлау Қабыкенұлы секілді азаматтардың барына қуанамыз деді. Аудан басшысы кеш иесінің иығына дәстүр бойынша шапан жауып, қазақтың қара домбырасын сыйлады.
Осы кеште сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Абдин ақсақал Сайлаудың бүгінгі шығармашылық келбетін келісті сөздермен өрнектеп, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлдың Құрмет грамотасын табыс етті.
Төсінен дүбір үзілмеген Ерейментау жерінде осындай бір мазмұнды да мағыналы, ел есінде қалатын кеш болып өтті. Әріптесіміз Сайлау Қабыкенұлы әлі де ел жадында жатталатын сазды әуендерімен, сезімге толы жырларымен жерлестерін қуанта берер деп сенеміз.
Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.