Мәншүк Мәметова ауылындағы бірегей тауарлы-сүт фермасы

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында ақмолалық БАҚ өкілдері Целиноград ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралап, көріп келді.  Бағдарлама барысында журналистер Мәншүк Мәметова ауылында орналасқан 1600 бас сауын малға арналған заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысымен танысты. Бұл – аудандағы соңғы 15 жылдағы алғашқы кең ауқымды жаңа жоба.

−Екі жыл бұрын біз ірі қара малды ұстаудың суық әдісінің канадалық технологиясы бойынша сүт өндіретін кәсіпорын салуды ұйғардық, − дейді «Мәншүк-АЕ» серіктестігінің  директоры Тимур Пішенов.

Толық автоматтандырылған сауу жүйесі еуропалық талаптарға жауап береді. Бүгінгі таңда, серіктестік энергияны үнемдейтін технологиялық DeLaval жабдықтарын, карусель түріндегі сауу залдарын пайдалануда. Бұл ферма жұмысшылары үшін барынша жайлылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шығындарды азайту арқылы сүттің өзіндік құны да  төмендейді.  Кәсіпорынның азық-түлік базасы толығымен дербес, сондай-ақ, онда Гольштейн-фриз тұқымдас 1600 сиырдан күніне 45-48 тонна сүт алынады.

Кәсіпорын директоры екі сиыр, бес бұзау қорасын, сауу блоктарын, жемшөп цехын, әкімшілік-тұрмыстық кешенді, гаражды көрсетті. Оның айтуынша, ферманы биыл іске қосу жоспарлануда.

− Өткізу нарығына қатысты қиындықтар болмайды, өйткені,ферма Астанаға жақын жерде орналасқан. Өкінішке орай, біз әлі мемлекеттік бағдарламаларды қолдана алмай келеміз. Бізге өте күшті мемлекеттік қолдау, жылдық 2,5 пайызбен және екі жылдық жеңілдікпен несие уәде етілген еді, − деп шағымданады кәсіпкер.

Ферма екінші деңгейдегі банктен алынған қарыз  бен «Целиноград» кредиттік серіктестігінің қаржыландыруымен  салынып жатыр. Бүгінгі таңда тауарлы-сүт фермасының штатында әзірге 35 адам жұмыс істейді. Мамандар серіктестік есебінен оқытылып, елдің басқа өңірлеріндегі шаруашылықтардың тәжірибелері қолданылуда. Дегенмен, қазірдің өзіндеветеринарлар мен зоотехниктер өз кадрларынан дайындалуда, сондай-ақ, мал  тұяқтарын өңдеу жөніндегі маман, машинамен сауу операторлары ауадай қажет.

– Біздің кешеніміз шаруашылық кірісін көтеру, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметкерлердің жалақысын арттыру үшін салынуда. Бидайды өсіру және сатуға ғана сену енді біздің бизнес үшін мүмкін емес. Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартып, адамдар ешқайда кетпеуі, басқа жерлерден жақсы үлес іздемеуі үшін тұрғындарымыздың табыс деңгейін көтергіміз келеді, − деді Тимур Пішенов.

Бүгінде серіктестікте мамандарға арналған 6 үй салынды.  Сондай-ақ, тағы 4 пәтер, сауда орталығы, дүкен, кеңсе, асхана салу жоспарлануда. «Агрофирма «Родина» серіктестігінің басшысы, Қазақстанның Еңбек ЕріИван Адамович Сауэрдің кеңесі бойынша, тапқанның бәрін жастықтың астына немесе текшеге жасырудың орнына бизнеске салу − бұл серіктестікті дамытудың негізгі қағидасы.

Салынып жатқан тауарлы-сүт фермасын аралап болғаннан кейін журналистер ауданы 300 шаршы метрді құрайтын жас мұғалімдерге арналған жатақханада болды.Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Гүлайым Қожабекованың айтуынша, 5 пәтерлі үйді жергілікті тұрғын, меценат Бауыржан Исабаев салған.

– Отбасыммен бір бөлмелі пәтерде тұрамын. Бізге мұнда өте ұнайды. Су орталықтандырылған, бөлек ас үй және жуынатын бөлме бар. Зайыбым екеуіміз осында ұзақ уақыт жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, – дейді бізге өз пәтерін көрсеткен Мәншүк орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Жақсылық Өтебаев.

Бұл мектепте 22 сынып бар, онда 110 оқушы мемлекеттік және орыс тілдерінде білім алуда. Жалпы, баспасөз туры барысында журналистерелордамен іргелес  ауданның шынымен де әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екендігіне көз жеткізді деуге толық негіз бар.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар