Айбыны асқақ  Ата Заң

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен және құттықтау сөз сөйлеуімен «Болашақ» сарайында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай «Адал азамат – Әділетті Қазақстанның тірегі» атты тақырыпта салтанатты шара өтті.

– Құрметті жерлестер! Әлем елдерінің барлығы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жолында екендігін ашық мойындап отыр. Біз бабалардың асыл арманын жүзеге асыру құрметіне ие болдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында атап өткеніндей, Әділетті Қазақстан – Адал азамат бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық таныту – адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай бабамыз «Адал еңбекпен мал іздемек, арлы адамның ісі» деген. Өйткені, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, заң бұзушылықтарға жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің барлығы адалдықтан басталады, – дей келіп, өңір басшысы бүгінде Қазақстан халқы өзін дәстүр сабақтастығын жалғастырған, еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам ретінде танытып отырғандығын баса айтты. Сондай-ақ, өткен жылы республикамыз үшін тарихи маңызды оқиғаның мән-маңызына тоқталып, барша қазақстандықтар дауыс беру арқылы өткізілген референдум негізінде  қабылданған Ата Заңымызға өзгеріс енгізуге байланысты жаңа реформаның айрықша мәніне тоқталып өтті.

Салтанатты шарада Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі Ақмола облысы бойынша уәкілі  Динара Таженова сөз сөйледі.

– Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің міндеттерінің бірі адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал ету болып табылады. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз қызметін жүзеге асыру кезінде заңдылық, әділдік, бейтараптық, объективтілік, жариялылық, ашықтық, айқындық қағидаттарын және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген басқа да қағидаттарды басшылыққа алады. Мен өткен жылдың қазан айында осы жауапты қызметке бекітілген болатынмын. Өкілдік он ай ішінде барлық мемлекеттік органдармен және облыстың көптеген қоғамдық бірлестіктерімен байланыс орнатты. Өкілдіктің бастамасы бойынша 15-ке жуық іс-шара ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Осы уақыт ішінде өкілдікке облыс тұрғындарынан 200-ден астам ауызша-жазбаша өтініш келіп түсті. Сонымен қатар, қабылдауда 100-ден астам адам болып, өз өтініш-тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, күн сайын телефон арқылы түсініктеме береміз. Қазіргі таңда 20-ға жуық жағдай оң шешімін тапты, – дей келіп, Динара Қанатқызы атқарылып жатқан басқа да ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

Жиын барысында облыс әкімінің әлеуметтік сұрақтар бойынша  штаттан тыс кеңесшісі Ғалым Байтұқ, Қазақстан Республикасының бала құқықтары жөніндегі Ақмола облысы бойынша уәкілі Әсем Асаинова, облыс әкімінің әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Василий Шиманский, облыс әкімінің дене шынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Сергей Цырульников және тағы басқалары сөз сөйледі.

Салтанатты жиын соңында  өңір басшысы Ермек Маржықпаев бір топ қызметкерлерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін меркелеуге орай және облысымыздың әлеуметтік-экономикалық саласын дамытуға қосқан үлестері үшін Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында  Ақмола облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Рысбек Нұрланұлы, Ақмола облыстық полиция департаменті Көкшетау қаласы полиция бөлімінің патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Думан Жүсіпов, Көкшетау қалалық сотының судьясы Алтынгүл Сәпиева,  Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі Ақмола облысы бойынша уәкілі  Динара Таженова, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің қызметкері Рустам Таженов, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша  департаменті арнайы басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері Ермек Лұқпанов және тағы басқалары бар. Сонымен қатар, «Еңбек жолы» өңірлік байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары атанған ақмолалықтарға да облыс әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

         Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар