Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылдағы дәстүр бойынша ел халқына арнап мемлекетімізді дамытып, көркейту бағытындағы жаңа Жолдауын жариялады. Биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы өзіндік ерекшелігімен ойымнан шықты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы басты құжаттың негізгі бөлімін бастамас бұрын бұған дейін қолға алынған жоба-жоспарлардың қаншалықты орындалып, атқарылғандығы жөніндегі есебінен бастап, елдегі ахуалға тоқталды. Оның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысының артқандығы, тұрғын үй мәселесінің біртіндеп шешіліп, ел болашағы – жас ұрпақ үшін заманауи талаптарға сай білім ошақтарының көбейіп, мектептердегі орын тапшылығының жойылып келе жатқандығы, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының бастау алғандығы тәрізді маңызды жетістіктерді атап өтті.
Бүгінде біздің еліміз ғана алға ұмтылып жатпағаны белгілі ғой. Басқа мемлекеттер де жаһандық экономика мен халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Қай жағынан алсақ та, бәсекелестік қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Адамзат тарихында болмаған сын-қатерлер орын алуда, Осындай қиын кезеңдерге қарамастан, Мемлекет басшысы экономикалық серпіліс жасауға мүмкіндік барын айтты. Ол үшін жаңа экономикалық үлгіге өту керектігін, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды басты назарда ұстау қажеттігін жеткізді.
Көңілге қонған бір мәселе – мұнай өңдеуді қолға алу мәселесі. Өзімізде бар байлықты шет мемлекеттерге өңдеуге жібергеннен гөрі, өзімізде оны іске асыратын кәсіпорындардың болуы, кейін алынған өнімді шетелдерге экспорттауға шығарудың пайдасы аса зор. Әрине, бұл ертең жүзеге асып кететін оңай шаруа емес, оны білетін кадрлар керек, дегенмен, алдағы жылдары бұл жоспар жүзеге асса, өз байлығымызға өзіміз ие болатынымыз сөзсіз.
Еліміздің қорғаныс мәселесін көтергені де орынды. Әрине, мұны қазіргі геосаяси жағдайдың ушығып тұрғанынан айтылды деп түсінбеуіміз керек. Бұл сала кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады. Армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникалармен жабдықталып, жаңартылып отыруы тиіс. Бұл орайда, арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қолдау жасалатыны айтылды.
Біздің Ақмола облысы аграрлы өңір болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы реформаларға ерекше құлақ түретініміз бар. Осы орайда, нақты серпіліс керектігіне мән берілді. Біздің қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдалана алмай отырғандығымыз рас.
–Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан, елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ, өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге, өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы ет, сүт, құс етін өндіру бойынша Солтүстік Қазақстан облысын үлгі етті. Біздің Ақмола облысының да бұл саланы дамытып әкетуге қауқары жеткілікті. Тек өндірушілерге атқарушы органдармен келісе отырып, әділетті түрде жұмыс жасау керек.
Президент жалпы жаңа Жолдауында елімізді тиісті деңгейде дамытып, басқа мемлекеттермен кез келген сала бойынша бәсекеге қабілетті болатындай мәселелерді көтеріп, міндеттерді белгілеп берді. Енді Үкімет басындағылар мен жергілікті әкімдіктер діттелген міндеттерді дұрыс түсініп, бірлесіп нақты жобаларды қолға алып, әділетті жолмен еңбек етсе, еліміз бұдан әрі басты құжатта көрсетілгеніндей, биік мұраттарға қол жеткізеді деген сенімдемін.
Әрбір қазақстандық елімізде өзін адал ұстап, әділ жолмен жүрсе, арлы азамат болса, келер ұрпаққа қалдырар мұрамыз мол болар еді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Болат ЖАНӘДІЛОВ,
денсаулық сақтау саласының үздігі,
«Құрмет» орденінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы.