Ширақ қадам табысқа жетелейді

Тамыз айының әр екінші жексенбісінде қоғам өміріндегі ең бейбіт, құрметті, жасампаз және сұранысқа ие мамандықтардың бірі – Құрылысшылар күнін атап өту игі дәстүрге айналды.

Жақсы құрылысшылар кез келген қала үшін нағыз олжа екені белгілі. Жаңа үйлер салынып, қоғамдық орындар түрленсе, ескі нысандар жөнделсе, бұл қаланың өмір сүріп, дамып, тыныс алуын білдіреді.  Көкшетау қаласында да дәл қазір көптеген құрылыс нысандары іске қосылып, саланың  кәсіби мамандары тынымсыз еңбек етуде, олардың көпшілігі бүкіл өмірін құрылысқа арнап келеді. Әрбір құрылысшы, осы саладағы маман өз елінің, Отанымыздың жарқын болашағын ойлай отырып, тарихты өз қолымен жасайды. Елді мекендердің жаңа бейнесін қалыптастырып, оны тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы етеді. Тарихқа із қалдыратын құрылысшылар салған ғимараттарда бір емес, бірнеше ұрпақ өмір сүреді.

Сондай құрылыс саласына қатысы бар жандардың бірі−бес жылдан бері Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасында жұмыс істеп келе жатқан Шыңғыс Бектеміров. Еңбек жолын сумен жабдықтау және су бұру нысандарының құрылысы бөлімінің бас маманынан бастаған ол қазіргі таңда осы мекемеде тұрғын үй құрылысы және инженерлік желілер бөлімінің басшысы қызметін атқаруда. Таңертеңнен кешке дейін бүкіл уақыты,  тіпті, кейде демалыс күндері жұмыспен өтеді. Оны әріптестері де, басшылық та бағалайды.

Шыңғыс Дәурембекұлы нысандарды аралап, тұрғын үй мен инженерлік желілердің құрылыс барысын қадағалап, мердігерлермен, жобалаушылармен, авторлық-техникалық қадағалау мамандарымен кездеседі. Бүгінде Ақмола облысының барлық өңірінде тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Облыс тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша Қазақстанда алдыңғы орындардың бірінде келеді.

−Биылғы жылы 188 мың шаршы метрді құрайтын 51 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.  Сондай-ақ, жалпы ауданы 46,4 мың шаршы метр болатын 15 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.Оның 8-і мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған несиелік тұрғын үй. Оның жалпы ауданы 19,8 мың шаршы метрнемесе 306  пәтер. «Отбасы» салымшылар банкі үшін жалпы ауданы 7 несиелік тұрғын үйді пайдалануға беру де жоспарда бар, − дейді өз сөзінде  Шыңғыс Бектеміров. Бір кездері құрылысшы мамандығын таңдап, содан бері өз таңдауына еш өкінбеген Шыңғыс өзінің болашақ жоспарларымен де бөлісті.

−Құрылыс бұл үлкен еңбек пен жауапкершілікті талап ететін мамандық, сондықтан, көптеген жастар оны мансаптық перспектива ретінде көрмейді. Біз жастарды осы мамандыққа баулып, оларға барлық қажетті дағдылар мен білім-білікті үйрету үшін жұмыс істеуіміз керек. Жалпы, мен өз мамандығымды мақтан тұтамын және менің жұмысым мен тәжірибемнің қоғамға пайдасы тиетінін білемін. Алдағы уақытта, бұдан да жақсы нәтижелерге қол жеткізу және тұтынушыларымыздың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өз-өзімді үнемі дамытып, алға ұмтыла берерім анық, − дейді ол бізбен әңгімесінде.

Жастығына қарамастан Шыңғыс Дәурембекұлының еңбегі Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің Құрмет грамотасымен атап өтілген.

Кейіпкеріміз өз кәсібін мақтан тұтады. Себебі, ол  өзінің жұмысы адамның жайлы өмір сүруіне бағытталғанын түсінеді.Сол сезіммен алда да жаңа белестерге ұмтыла бермекші.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар