Ел азаматы – Егінбай аға

Кеңес өкіметі кезінде Щучье (Бурабай) ауданы басшылықта қазақ азаматтары азшылық болған аймақтың бірі еді. Кеңшарлардың өзінде жетекші қызметте жүрген жігіттер сирек кездесетін. Өзіміз туып-өскен «Ұрымқай» кеңшарында да бір атқа мінер ел азаматты көре алмай, көңіліміз күпті болып өтті. Осы тұрғыда газет редакцияларына, облыс басшыларына бірталай өтініш-арыздар да жазылды. Сол кезде бала да болсақ, шіркін, кеңшар тізгінін ұстаған бір жергілікті азамат болса ғой деп армандаушы едік. Ал, сондай ел тұтқасын ұстаған азаматтарды естіп, көріп қалсақ, сүйсінбеске лажымыз қалмайтын. Біздің осындай сезімімізді селк еткізген азаматтардың бірі Егінбай Әбішев болды десек, әсте жалған емес. Ол кісі азамат, маман болып толысқан шағында Жаңаталап, Мәдениет, Абылайхан, тағы басқа ауылдарында абыройлы қызмет жасады ғой деймін. Көп жыл кеңшар директоры болды. Бұл жөнінде агроном, ақын ағамыз Нұрмияш Көбеновтен, аудандық «Бурабай» газетінің редакторы М.Әлімовтен, басқа да ел-жұрттан естіп қалып жүрдік. Мәули ағамыздың арнайы мақала жазғаны да есімізде.

Әрине, елдің бәріне бірдей жағу оңай емес, дегенмен көпшіліктің көңілінен шығу – басшы азаматтың ел мүддесін әрдайым естен шығармай, халыққа лайықты қызмет көрсетуден туындайтыны анық. Біз ол кезде сыртта жүрсек те, кейінгі жылдары елге барып қалғанда Егінбай ақсақалмен жақын білісіп, араласып-құраласып та жүрдік. Айтқан әңгімелерін естідік. Ол кісінің құдай қосқан қосағының да өнегесі шығар, азамат атанған ұл-қыздарынан бастап, қатарға қосылған немере-шөберелері де жақсы тәрбие көрген ұрпақтар екеніне тәнті болдық. Әттең, дүние-дәурен адам басында мәңгілік тұра бере ме, былтырғы жылы Егінбай аға да ортамыздан ұзап кете барды. Міне, содан бері жыл айналыпты. Жақсы адам арамыздан алыстап кетсе де, оның асыл рухы жадымызда жүретіні хақ. Ардақты ағаның көзі болған ұрпақтары ылайым жақсы тілектерге жете берсін.

Несібесін тапқан дарқан даладан,
Адамдар көп құдайына қараған,
Өсіп-өнер өнегемен жас ұрпақ,
Елді ойласа атқа мінген әр адам!..

Қасқырға ұқсап қой ұрлаған қорадан,
Қаскөй де бар, ел дәулетін тонаған,
Бір жақсылық жасай алса жұртына,
Ел жүрегін елжіретер сол адам!..

Туған жердің түлеп ұшқан түлегі,
Жер қадірін, ел қадірін біледі;
Көптің қамын ойлаған жан қашанда,
Ұмытылмай ел жадында жүреді!..

Т.ҚУАНЫШБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар