Кемел ғұмыр

Көкшетау Жетісумен жалғасып тұр,
Біржан сал, ақын Сара әніменен!

   Кәкімбек Салықов.

Қазір қалың ел ауызында  «қасиетті қазақ елінде,  қаламгердің туған жерінде, Жетісудың төрінде, Үштөбенің өрінде, Қараталдың өзінде  ұлы дүбірлі той өтті» деген көңіл тамсандырар бір ауыз сөз айтылып жүр. Ол дүбірлі той Кемел Тоқаев атындағы қайырым­дылық қорының ұйымдастыруымен  Жетісу өңірінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толу құрметіне арналып  өткізілді.

Шақырту алғаннан кейін біз де Жетісу өңіріндегі осы дүбірлі тойға қатысып қайттық.  Жер шоқтығы Көкшетау мен Жер жәннаты Жетісу ежелден бері байланысы бар,  бабалар салған сол байланысы күні бүгінге шейін үзілмей келеді десе де болғандай. Үзілмесі де анық! Өйткені ақын Кәкімбек Салықовтың  «Көкшетау Жетісумен жалғасып тұр, Біржан сал, ақын Сара әніменен» дегені соған айғақ.

Жетісу өңірінде өткен Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы сүйсінерліктей ұлағаты мол шара болғандығын ерекше атап айтқанды жөн санап отырмыз. Жазушының тойы аса жоғары деңгейде өтті, мәдениетті бір той болды. Аста-төк, ысырапшылдыққа, даңғазалыққа  жол берілмегендігі елдегі ендігі той-шаралар осылай өтсе екен деп ойладық. Дастарханға арақ-шарап жолатылмады. Соған қуандым.  Жиналған халықтың көптігіне қарамастан тәртіп қатаң сақталып, тойшыл қауымның көңіл-күйлері өте жоғары болды.

Әдеттегідей, ата-салт дәстүрімен  дұға жасалып, Жетісу облысының бас имамы Керімбек Дәуітов қаламгердің рухына  арнап Құран бағышталды. Сонан соң Жетісу өңірінің ел ағасы  Наурыз Қылышбайұлы  бата беріп, торқалы тойдың  рухын көтеріп тастады.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Иса­баев сахнаға шығып, мерейтойға алыс-жақыннан жиналған жұртшылыққа, Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.

Өз құттықтауында Мемлекет басшысы қаламгердің мерейтойын өткізуге  атсалысқан бар­ша ағайынға, қадірлі қонақтар мен әде­биетсүйер қауымға терең ризашылы­ғын білдіріп: «Кемел Тоқаев – төл әде­бие­тімізде отандық детек­тив жанры­ның негізін қалаған қарымды қа­лам­гер. Жазушы өз шығар­маларында саяси және әлеуметтік мәсе­лелерді терең­нен қозғады. Оның туындылары қазақ сөз өнерінің жаңа арнада ­ықпал етіп, әлі күнге дейін өзінің өзектілігі мен өміршеңдігін сақтап келеді. Көрнекті жазушы қаламгерлік пен қайраткерлікті ту етіп, ел рухын оятатын батыл баста­ма­ларды көтерді. Өзінің азаматтық боры­шын абыроймен өтеді», деп  атап көрсетті.

Кемел Тоқаев! Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Әке мен бала арасындағы мәңгілік жалғасып жатқан және мәңгілік үзілмейтін қасиетті бір үндестік пен қасиетті бір байланыс бары анық.

 Бүгінгі күні ғасырлық ғұмыр тойы тойланып жатқан Кемел Тоқаевтың ұлы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Әке туралы ой-толғау» атты еңбегінде:

 «Әкей маған үлкен сенім артатынын ешқашан жасырған емес. Мені қазақстандық қоғамдағы белгілі адам,  үлкен мемлекеттік лауазымдардан көргісі келетінін айтып отыратын» (236-бет), – деп жазса, осы кітабының 243-бетінде алпысыншы жылдардың аяғында  Алматыға келген  Кеңес Одағы  коммунистік партиясының бас хатшысы  Леонид Брежнев мінген үкіметтік кортеждер өткен сәттен кейін «Машиналар көзден таса болған соң анам әкеме «Мен осындай бақыт біздің Жомартты да айналып өтпесін деп тілек тіледім» деді. Әкем шешеме разылықпен қарап, сонан соң ойлы жанарын маған аударып, «Алла жар болсын» деп батасын берді (244-бет).

Міне, ананың «осындай бақыт біздің Жомартты да айналып өтпесін деп тілек тіледім» деген және әкенің  «Алла жар болсын!» деген батасын Жаратқан иеміз қабыл еткендей!

Сол өз ата-анасының  батасымен көгеріп, өсіп-өнген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі күні әлемдік дипломатияда өзіндік үні мен өзіндік ой-пікірі бар, бүгінгі күні халқының сеніміне ие болып отырған Мемлекет басшысы!

Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы Мереке Құлкенов жетісулықтарды   құттық­тап,  «Кемел Тоқаев. Тұлға. Қаламгер. Ардагер. Әке» атты кітап­тың тұсауын  салтанатты жағдайда кесті. Бұл кітап жазушының өмірі мен шы­ғарма­шылығына арналған еңбек.

Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Валентина Спиридонова сахнаға көтеріліп, осы қордың атқар­ған игі істері жайлы айтты.

Бұл қор 2010 жылы ашылған екен. Сонан бері қайырымдылық қоры тұрмысы төмен  отбастарына,  дарынды балаларға, тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсетіп келе жатыр. Үш­төбеде Кемел Тоқаев атындағы мектеп  бар. Осы қордың көмегімен мектеп заманауи техникалық, спорттық және музы­калық құралдармен жабдықталып, бала­лар­дың ойын алаңы, аллея салыпты.

Әсіресе,   ұзақ жылдардан бері Кемел Тоқаев қоры  дарынды балаларды ұдайы қолдап, олардың  еліміздегі және шетелдердегі айтулы үздік жоғары оқу орындарында білім алулары­на  көмектесіп келеді. Мысалы, Кемел Тоқаев атындағы Үштөбе орта мектебінің 60-тан астам оқушысы қор грантымен жоғары оқу орындарында білім алып шықты. Қазір 15 жас грант­пен  оқып жүр.  Өз оқушылары Ұлттық Бірыңғай Тестілеуде   жоғары нәтижеге ие болған   ұстаздар  да қордың есебінен ақ­шалай сыйақыға ие болып келеді.

Ерекше бір атап көрсетерлігі сол, Кемел Тоқаев атындағы қордың қаржысына  гуманитарлық колледж салынып, жуырда ғана пайдалануға берілді.  Тағы бір игі іс осы қор халықтың өтінішімен  елу орынды дәрігерлік амбулатория салып,  қажетті меди­циналық құралдармен  толық жабдықтап  беріп отыр. Тағы бір игі іс осы қор  мал шаруашылығы кешенін салып, 500  қазақтың ақбас сиыры әке­лініп, өсіріліп жатыр. Жергілікті халық жұмысқа тартылды. Қор төрайымының айтуынша алдағы уақытта  шоколад цехы да ашылмақшы.

– Той алдында ауданға арнайы ипподром салдық. Бүгінгі мерейтойлық шараның барлығын қор өз қаржысымен өткізіп отыр.  «Кемел – қаламгер» атты эссе, пуб­лицистика және проза жанрлары бойын­ша байқау ұйымдастырдық,-деді Ва­лен­тина Спиридонова.

Кемел Тоқаев атындағы қордың ұйымдастыруымен  мектеп оқушы­лары арасында эссе, студенттер мен ұс­таз­дар арасында пуб­лицистика, про­за жанрындағы «Кемел – қаламгер» байқауына қатысып, жеңімпаз аталғандар салтанатты жағдайда  марапатталды.

Бір сөзбен айтқанда «Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының» игі істеріне риза болдық. Ел ішінде бөтен сөз болмағаны абзал. Кемел Тоқаев қазіргі Президенттің әкесі болғандықтан емес, Кемел Тоқаев қазақтың классик жазушысы, детектив жанрының негізін салушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі ретінде 100 жылдығын халқы, өз жерлестері жасады.

Егер де жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы аталмай қалса, «баласы Президент бола отырып, әкесінің мерейтойын неге өткізбеді?» деп те сөгер едік.  Бұл мерейтойлық шараны Президент емес, жазушының көзі тірісіндегі биік адами қасиетін, жазушының творчествосын жоғары бағалайтын халқы мен өз жерлестері, жетісулықтар өткізген Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы анығында Қазақ елінің ұлағатты бір тойы болды.

Жетісу өңіріндегі осы тойдың мерейін асырып  Қазақ­стан­ның Халық әртісі Роза Рымбаева, «МузАРТ», «Алаш ұлы» топтары, Ерке Есмахан сияқты өнер майталмандары ән салды. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен өткізілген жарыстар да халықтың ықыласына бөленді.  Қазақ күресі арқаны қоздырды…  22 мемлекеттен 200-ден астам балуан қатысып, Әлем кубогын сарапқа салды.  Ат бәйгесі,  асық ату,  са­дақ ату, тоғызқұмалақ, қой көтеру  сайыстары ұлттық спортымыздың бәсін арттыра түсті.

Жетісу өңірінде өткен Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы,  ол тұтас қазақ елінің және қазақ әдебиетінің тойы!  Өз тіршілігінде биік адами қасиетімен, жан тазалығымен адал өмір сүрген және қазақ әдебиетінің алтын қорына мол мұра қалдырып кеткен кемел тұлғаның ұлағатты тойы!

Ұлағатты  той құтты болсын, қазақ елі!

     Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

 Жетісу-Көкшетау.

Кемел Тоқаев 1923 жылғы 2 қазанда Алматы (қазіргі Жетісу) облысының Қаратал ауданындағы Қалпе ауылында  туып, 1986 жылы 10 қарашада қайтыс болды.

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагері.  1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп,  «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттері редакцияларында жауапты қызметтер, 1960-1977 жылдары .Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостарының» бас редакторы, 1980-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болды.

Кемел Тоқаев – соғыс тақырыбына арналған сүбелі шығармаларымен қатар, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының жолын ашқан қаламы қарымды көрнекті жазушы, оқырманды баурап алар шытырман оқиғалы көптеген роман, повестерімен қалың қауымның ықылас-ілтипатына бөленген қаламгер.

Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен және басқа көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет Грамотасымен және омырауға тағатын арнаулы белгісімен марапатталған

***

Кемел Тоқаевтың кітаптары – көркем әдебиетте деректі қалай пайдалануға болатынының жарқын үлгісі.

Қалмұқан Исабаев.

                                          ***

Кемел Тоқаев – қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгерлердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детективтік жанрда алдына жан салған жоқ». Өмірде ұзақ жылдар ізденіп жүріп әдебиеттен өзін жаңылыспай тапқан, тек өзіне ғана тән оңтайлы өнерлігімен талай құнды кітаптарды дүниеге келтірген Кемел Тоқаевты туған халқы терең махаббатпен еске алады.

  Әзілхан Нұршайықов,
Қазақстанның халық жазушысы.

              ***

Маған үйір боп, табандылық танытып, мен туралы қазақша, орысша кітап жазған Кемел Тоқаевтың еңбегін жоғары бағалаймын!

  Қасым Қайсенов,
   Халық Қаһарманы,  партизан-жазушы.

  Ол Кемел Тлоқаев Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Жазушылар одағы бірігіп өткізген алғашқы  байқауда   бірінші бәйгені жеңіп алады. Кейіннен осы шығармашылық сайыста тағы да үш рет  жеңіске жеткен  көрінеді.

Жоғарыда сөз болған байқаудың тұрақты әділқазылар алқасында болған Қалмұқан Исабаев:

-Кемел бірінші бәйге алды. Бірақ өзі қандай таза, адал адам десеңізші» деп таңғалып келеді. Байқаудың  қорытындысы жарияланған соң  Кемелге: «Бірге істеп жүрміз, маған неге ескерте салмадың» десе, Кемел: «Жабық сайысқа қатысқан соң олай істеуге болмайды ғой» депті.

Мінекей, Кемел Тоқаев осындай таза, адал, кіршіксіз адам болған. Ол ешкімге да салмақ салмапты, тіпті таныстықты да пайдаланып көрмеген адам деседі.

 («www.bilim-all.kz_Білім алл» cайтынан)

 Өмірде ұзақ жылдар ізденіп жүріп әдебиеттен өзін жаңылыспай тапқан, тек өзіне ғана тән оңтайлы өнерлігімен талай құнды кітаптарды дүниеге келтірген Кемел Тоқаевты туған халқы терең махаббатпен еске алады. Рухани ізгі екінші ғұмыр деген әне сол!»

Мұзафар Әлімбаев,
Қазақстанның халық жазушысы.

***

Кемел Тоқаев – даңққа бөленген солдат, қаламы жүйрік жазушы. Рухани асыл қазынамызда оның да мол үлесі бар».

Шериаздан Елеукенов.

                                               ***

«Кемел Тоқаев – қазақтың бәрін дос көруге әрекеттенген адам… Пьесаны қайта жазуға тура келді. Тың деректерді қайдан аларымды білмей қиналып жүргенімде асыл аға қол ұшын берді. Сол бір кезде «Қазақстан» баспасы оның орыс тіліндегі кітабын 500 000 данамен басып шығарды! Керемет таралым!»

Баққожа Мұқай.

  Кемел Тоқаев оқиғаларды ойдан шығарып, жасанды тартыс құрып, шығарма жазған емес. Ол көңілін тербеген көркем туындысын мына қылмыс әлемі мен жықпыл қатпары көп жымысқы қоғамның тұңғиық сырына жіті үңіліп, сезіп-түйсінгенін жүрегінен өткізіп барып, өркештеніп отырып жазады. Бәлкім, содан шығар, оның қаламынан туған қай шы­ғармасынан да тұтас бір дәуірдің шындығы сахараның жусанды жотасындай білемденіп көрініп жатады. Сөйтіп оқушы жүрегіне сара жол тауып, қолдан қолға өтіп, ел аралап кете барады.

 Рафаэль Ниязбеков,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар