Жаңа ферма: сүт өнімдері молая түседі

Аймақта мал өнімдерін молайту бағытында жағымды жаңалық жиі. Айталық, Мәншүк Мәметова атындағы елді мекенде тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде.

Кешен 1600 бас сауын сиырға лайықталып салынуда. Бұл жоба аудандағы бұрын-соңды қолға алынған ең ірі жоба екендігін сүйіншілеп атап айта кетуіміз керек. Астананы азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуіндегі тауарлы-сүт фермасы өз жұмысын бастаған кезде қала тұрғындарының ақ дастарханын сүт өнімдерінің әлденеше түрімен байытып, нарықтағы өнім бағасын біршама тұрақтандыруға оң әсер етуі әбден мүмкін.

–Сүт өнімдерін өңдейтін кешен салу идеясы осыдан екі жыл бұрын туындап еді, – дейді «Мәншүк-АЭ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Тимур Пішенов, – біз энергия қуатын үнемдейтін, экономикалық жағынан тиімді жаңа технологиялық құрылғыларды пайдаланбақпыз. Бұл іс алдымен, ферма жұмысшыларына жайлы болады. Осындай үнемдеудің арқасында тауарлы-сүт фермасы өнімдерінің өзіндік құны төмендейді. Ферма іске қосылғанда, тәулігіне 45-48 тонна сүт өңдеуге мүмкіндік бар.

Бүгінгі күні ферма құрылысы алдын-ала межеленген жоспар бойынша жүргізілуде. Екі сиыр, 5 бұзау қорасы, сауын блоктары, мал азығын дайындайтын цех, әкімшілік-тұрмыстық кешен салынып болды. Кешен өз жұмысын бастаған кезде Астана қаласымен бірге өзге де елді мекендерді сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін болады. Оның үстіне жаңа жұмыс орындары да ашылып отыр. Қазір мұнда 35 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта серіктестік басшылары өздеріне қажетті мамандарды оқытып алмақ. Мал мамандарын да оқытып, дайындау көзделуде. Серіктестік басшылары болашақ мамандар үшін алты тұрғын үй салды. Алдағы уақытта тағы да төрт пәтер салмақшы. Тауарлы-сүт фермасы таяу арада іске қосылмақ.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар