Әр іске жауапкершілікпен қарау керек. Талап осы!

Кеше Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласында салынып жатқан су тазарту құрылғылары құрылысының барысымен танысып, облыс орталығының алдағы жылу беру маусымына дайындығын пысықтау үшін «Көкшетау Жылу» кәсіпорнында болды.

Сөйтіп, қала тұрғындары үшін өмірлік маңызы бар нысандардағы жағдайды өз көзімен көрген аймақ басшысы орынбасарлары мен мүдделі мекемелерге бірқатар тапсырмалар берді.Көкшетау қаласының тұрғындары жиі көтеретін келелі мәселелердің бірі – ауыз судың сапасы. Облыс орталығының тұрғындары фильтрленген таза суды сатып алып тұтынуда. Сондықтан, аймақтың жаңа басшысыныңқаланың су тазарту құрылғылары құрылысының қазіргі жұмыс барысын өз көзімен көріп, бақылауға алуы құптарлық жай. 2009 жылдан бері іске асырылып келе жатқан сақалды жобаның құрылысынақазынадан жалпы сомасы 7,2 миллиард теңге ақша жұмсалынбақшы. Жобаның мердігері – «Caspian Contraсtors Trust» серіктестігі. Құрылыс жоспарға сай келесі жылы наурызда пайдалануға берілуі тиіс. Сумен жабдықтау көзі Шағалалы су қоймасынан болады, ондағы құрылғы тәулігіне 30 мың текше метр су тазартуға қауқарлы.

–Қазіргі таңда нысанда мобильді штаб жұмыс істеп жатыр. Су тазалау құрылғысына арналып салынған екі резервуарды демонтаждау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 40-тан астам адам жұмысқа жұмылдырылған. Жоба кестеге сай, уақытылы іске асырылуда. Алайда, тапсырыс алушы тараптан құрылғының өзін әзірлеуді кешіктіру байқалуда. Құрылғы наурыз-сәуір айында алынса, монтаж жасауға 6-7 ай уақыт кетеді, – деді Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса.

Облыс әкімнің кеңесшісі Мәлғаждар Тәткеев жақында тапсырыс алушы тараппен кездесіп, кешіктірудің мәнісін анықтап қайтқан. Тиісті қаражат толық төленбеуі себебінен зауыт тарапынан құрылғы кешеуілдеп тұр. Жобаның негізгі жұмысының 65 пайызы құрылғы келгеннен кейін атқарылатынын да ұмытпауымыз керек.

–Үкімет тарапынан қаржы толық бөлінген болса, құрылғы өндірушілерге қаражаттың уақытылы түспеу себебін анықтап, маған баяндаңыздар. Келесі жылы қала тұрғындары таза сапалы ауызсумен қамтылуы қажет. Халықтың көкейкесті мәселесін шешетін бұл жобаны өзбақылауыма аламын. Жақын арада облыстық әкімдікте Біріккен Араб Әмірліктеріндегі құрылғы дайындаушы тараптың өкілдерінің, сол мемлекеттің Уәкілетті өкілінің және жоба құрылтайшысының қатысуымен осы мәселені шешу бойынша жиын ұйымдастырамыз. Құрылғы жеткізілгенде, мына алаңдағы инфрақұрылым толық дайын болуы керек. Жоба аяқталғанша, айына бір рет осы мәселе төңірегінде маған есеп беріп отырасыздар, қажет болса осы алаңға келіп, өзімтексеріп отырамын, – дей келе, облыс әкімі мердігер компанияның өкілдеріне жұмысты адал, сапалы  атқаруды тапсырды.

Қазіргі уақытта облыс орталығына ауыз су Сергеев және Шағалалы су қоймаларынан берілуде. Бұрын қаладан 25 шақырым жерде, Зеренді ауданының аумағында Павлов су қоймасы болған. Кейін ол іске жарамсыз болып қалды. Қала басшысы айтпақшы, бұл қойманы қалпына келтірсе, облыс орталығында қосымша 17 мың текше метр су қоры болады. Бүгінде оны қайта қалпына келтіру жұмыстарықолға алынуда. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев су қоймасынан келетін арнаның бойында 3 шақырымдай желіде ақаулықтар баркөрінеді. Екі облыс арасындағы бұл су қоймасының суы Бурабай ауданына дейін келіп тұрған. Сондықтан, облыс әкімі бұл мәселені екі облыстың мүдделі органдарымен келісе отырып,республика деңгейіндеқарастыру қажеттігін жеткізді. Оның үстіне жуырда елімізде су мәселесін шешу бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі де құрылғаны белгілі.

Аймақ басшысын «Көкшетау Жылу» кәсіпорнының жұмысымен таныстырған Руслан Мақышевтің баяндауынша, Көкшетау қаласына жылуды РК-1 және РК-2 қазандықтары таратады. РК-1 қазандығы 1977 жылдан, ал, РК-2 қазандығы 1998 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Бүгінде жылу көзі негізінен, РК-2 қазандығынан беріледі. Осы күні бұл қазандықтар 70 пайызға ескірген.

–Бүгінгі таңда маусымдық жөндеуден өткізілген қазандықтар жұмысқа дайын. 22 мың тонна мазутқа тапсырыс берілді. Қазір отынның бір айлық қоры әзір. Қатты аязда күніне 2 мың тонна отын жұмсалады. Қазіргі таңда қаланың барлық жылу магистралін қысқы жылу беру маусымына дайындау жұмыстары жүргізілуде. Үкімет резервінен бөлінген 3 миллиард теңге қаржының есебінен РК-1 және РК-2 қазандықтарының құбырларына, №7 су жылыту қазандығынажәне №8, 9, 10 қазандық агрегаттарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда осы жоспарланған жұмыстардың 96 пайызы аяқталды. Сонымен қатар, ұзындығы 3,3 шақырымды құрайтын жылу желілері ауыстырылып, тағы 6 шақырымы қалпына келтірілді. Қыркүйектің 25-інен әрі қарай қалаға әлеуметтік маңызды нысандардан бастап жылуды қоса бастаймыз, – дей келе, кәсіпорын директоры жұмысшы кадрлары жетісе бермейтіндігін, сол үшін жергілікті колледждерден жастарды тартып жатқандықтарын жеткізді.

Аймақ басшысы жылу берумаусымы басталғанға дейін барлық жұмыстарды тиянақты аяқтауды тапсырып, отынға және қазандықтардың үздіксіз жұмысына қажетті қаржының бюджеттен қарастырылатындығын жеткізді.

Сонымен қатар, облыс әкімі М.Әуезов көшесінің бойымен келе жатып, қоқыс жәшіктері орнатылған жерде шашылып жатқан тұрмыстық қоқыстарды көріп, сол араға осыған жауапты компанияның өкілдерін шақыртты. Екі күннен бері жиналып, тасымалданбаған қоқысқа назар аударған аймақ басшысына сол маңдағы тұрғындар келіп, коммуналдық мәселелерге қатысты бірқатар бұйымтайларын айтып, шағымданды. Сол жерде қала ішіндегі қоқыстардың уақытында жиналуы үшін жауап беретін компания басшысына ескерту жасалып, тиісті талап қойылды. Сонымен бірге, облыс әкімі екі күннен кейін бұл мәселеге қайта оралатынын айтып, қала әкімі Бауыржан Ғайсаға, егер тендерді ұтып алған компания айтқанды істемесе, онымен келісім-шартты бұзуды тапсырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар