Жарқын болашаққа қол жеткізудің нақты қадамы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына жолдаған  «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» тақырыбындағы Жолдауында еліміздің өркендеуі жолында атқарылып жатқан жұмыстар мен алда тұрған міндеттер белгіленіп, салалар бойынша басшыларға нақты тапсырмалар берілді. 

Білім қызметкері, ұлт болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеп отырған адам ретінде мен де Мемлекет басшысының Жолдауын жыл сайын асыға күтіп, білім саласына қатысты реформаларды қолдап, мүддеміз айқындалып, міндетіміз еселене түскендігін аңғара түсемін. Және осыған сай тынымсыз қызмет етіп, ізденісте болуды өзімнің өмірлік мұратым деп білемін.

Мемлекет басшысының Жолдауы Білім күнімен тұспа-тұс келуі де білім саласының қызметкерлері үшін зор мәртебе болуымен бірге, жұмысымызға да тың серпін беретін бір қуат көзі. Ел Президенті Жолдаудың басында «Бүгінде менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Бірқатар жұмыс жалғасып жатыр. Осы орайда, халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді. Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары» деп атап өткен болатын. Шынында да, Қасым-Жомарт Кемелұлының сындарлы саясатының арқасында мұғалім мәртебесі биіктеп, мемлекет тарапынан білім саласы қызметкерлерінің әлеуетін көтеретін тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл күнде мұғалім боламын дейтін жастардың қатары көбейді. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, олардың бойына рухани құндылықты дарыта білетін ұстаздар қатары толыға түсті. Біз осы орайда, Мемлекет басшысына зор алғыс білдіріп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жаңа жобаларға, тың идеяларға, өрелі өзгерістерге қолдау білдіретінімізді баса айтсақдейміз. Ілкімді істер білім саласын алға ілгерілетініне сенімім зор. Мәселен, елімізде өткен жылы бастау алған «Жайлы мектеп» жобасыаясында ашылған мектептер заманауи пән кабинеттерімен, зертханалармен толық қамтамасыз етілуде. «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 400-ге жуық мектеп салынады»деп атап өтті Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда сөйлеген сөзінде. Елімізде сапалы білім, саналы тәрбие беретін білім ордаларының қатары көбейе түсетіні де бізді қуантады.

Қазір еліміздегі мектептердің басым көпшілігі заман талабына сай жабдықталып, соны технологиялар қолданысқа енгізілуде. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «жасанды интеллектің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз» деді. Себебі, ел ертеңі – білімді жастар. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі толастамайтыны анық. «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» деді және өз Жолдауында Мемлекет басшысы. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру кез-келгенұстаздың басты міндеті. Біз саннан сапаға, сападан нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Табысты ұлт болудың маңызды бір шарты – орта білімнің сапасы ойдағыдай болуы қажет.

Осы орайда, өзім жетекшілік ететін білім ордасының өткен жылы қол жеткізген жетістіктерін де алға тартуды жөн көріп отырмын. Біз жаңа оқу жылында да өз шәкірттеріміздің білім биігінен көрінуі үшін еселі еңбек етуді өз парызымыз санаймыз. Өткен оқу жылында біздің мектеп Ақмола облысында өткен «Орта білім беретін үздік  ұйым» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, 22 627000 теңгенің сертификатына ие болды. Бұл тұтастай бүкіл ұжымның жемісті еңбегі деп білемін. Біздің мектептің шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық білім сайыстарында білім биігін бағындырып, өз мерейлерін асырып, облыс абыройын асқақтатып жүр. Алдағы уақытта да біз балаларымыздың сапалы біліммен қамтамасыз етілуіне бар жағдайды жасайтын боламыз.  Біз, ұстаздар қауымы мемлекет тарапынан кең қолдау барын жіті сезініп келеміз. Мектептер жылдан-жылға осы заманғы технологиялармен жабдықталып, оқушының тұлға ретінде қалыптасуына, оның білімін жаңа жүйелі деңгейге көтеруге бар жағдай жасалып жатқандығын баса айтсам деймін. Облыс орталығын айтпағанда шалғайдағы ауыл мектептерінің жабдықталуы көз қуантады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда «Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек» деп атап өтуі алдағы уақытта бұл ілкімді іс алға қарай дамытылып, ілгерілетіле түсетіндігінің дәлелі.

Президент Жолдаудың өн бойында білім жүйесін жетілдіру мәселелеріне тоқталып отырды.«Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе.Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалдытүрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни, буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек» дегені де өте өзекті. Рас, соңғы жылдары жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық, бір-біріне қысастық көрсету, адам нанғысыз жаға ұстатар кейбір келеңсіздіктер орын алып жатыр. Мұның барлығы ұлы ойшыл Әл-Фараби бабамыздың  «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қасжауы» деген тәмсілінің астарын ұғындырғандай. Шынында да, тәрбиемен ұштасқан білім өлшеусіз қазына. Сондықтан, кез-келген жағдайдың алдын алған абзал. Жалғанда жан баласы үшін өзін қоғамда сенімді сезінгеннен асқан мерей жоқ.

Жолдауда жас ұрпақтың болашағы жолында көптеген тың бастамалар көтеріліп қана қоймай, оларды іске асыру үшін нақты тапсырмалар жүктелді. Соның бірі балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі. Президентіміздің айтуынша, бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Мемлекет басшысының «Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады» дегені осы орайдағы жанашырлығы.

Мен Жолдауда көрініс тапқан барлық бастамалар мен реформаларды қолдаймын. Қазірдің өзінде заңдық тұрғыдан қол жеткен жетістіктеріміз осы сөзімнің айқын дәлелі екені анық. Осы орайда, Жолдауда алға қойылған ортақ міндетке өзінің лайықты  үлесін қосу әрбір азаматтың абыройлы парызы екендігіне баса назар аударғым келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлығымыз да бірлесе іске кіріссек, еліміз Мәңгілік елге айналары сөзсіз.

Дамир СҰРАҒАНОВ,
                        Щучинск қаласындағы
№7 мектеп-лицейінің директоры.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар