Тыңғылықты іс тығырықтан шығарады

Көкше қысының қатал сыншы екендігін қаперінен шығармайтын өңірде жылу беру маусымына біршама мұқият дайындық жүргізілуде.

Өткен қыста өңір жылусыз қалмағанымен, көп көңілінде әжептәуір алаңдаушылық болды. Жылу беру мекемелерінің жұмысына жіті назар аударылғандықтан ғана әупірімдеп маусымды аяқтап шықты. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі жылу беруге байланысты оқыс оқиғалар біздің өңір тұрғындарын да біршама қобалжытып тастаған. Биылғы жағдайға да құлақтарын түріп отыр. Облыстың коммуналдық сала қызметкерлері алдағы жылу беру маусымына дайындықты көктем туысымен нақтырақ айтқанда, 1 мамырдан бастап кеткен болатын. Қазір аса ауқымды, күрделі жұмыс аяқталу сатысында. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Біржан Әбдірахмановтың айтуына қарағанда, өңірдегі 959 қазандықтың 95,8 пайызы дайын. Бұл бағыттағы бар шаруаны толайым тізбесек те, басты-бастыларын атай кеткеннің артықтығы болмас. 707 білім беру мекемесінің 689-ы, 518 денсаулық сақтау саласы нысандарының 506-сы дайын болса, 2369 тұрғын үй жылу қабылдауға әзір. Бұл барлық тұрғын үйдің 90 пайызы. Өңірдегі жылу желісінің тозығы жетіп тұрғандығын да айта кетелік. Биылғы жылы 23 шақырым жылу жүйесі жаңғыртылды, 13 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілді. Осы жұмыстардың барлығы дер кезінде назар аударылып, қажетті қаражаттың дер кезінде бөлінгендігінің арқасы. Қаражат та аз емес. Үстіміздегі жылы жылу беру маусымына дайындалуға 27,6 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Қаржының үлкен бір бөлігі 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға, 5,3 миллиарды жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған.

Сонау 1996 жылдан бері жарытымды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген Степногорск қаласындағы жылу-электр орталығы желілерінің шамамен 80 пайыздан астамы  тозып тұрғандығы белгілі. Жылу беру маусымына әзірлік барысында бес қазандық агрегаты мен бес турбинаға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, №6 қазандық агрегаты жаңартылды. Бұл жұмысқа 4,2 миллиард теңге қарастырылған болатын. №4 және №5 турбоагрегаттарды күрделі жөндеуден өткізу келесі жылға жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында Степногорск қаласын жылумен қамту мәселелерін біржолы шешу үшін іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Үкімет қорынан биыл жалпы ұзындығы 3,1 шақырым магистральді желілерді жөндеуге 2 миллиард теңге қаржы бөлінді.

«Степногорск теплотранзит» серіктестігі өз қаражаты есебінен 4 шақырым желіні күрделі жөндеуден өткізді. Бұл жұмысқа серіктестік 1,1 миллиард теңге қаржы бөлді. 540 метрлік желіге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  тозығы жеткен сорғы жабдығы ауыстырылды.

Облыс орталығында да жылу беру маусымына дайындық ширатыла түсті. 2,6 шақырым жылу желісі салынды, 3,2 шақырым жылу желісі жөндеуден өткізілді. Қаланың екі аудандық қазандықтары мен жылу желілерін жаңа маусымға дайындау үшін Үкімет қорынан 2,6 миллиард теңге қаражат бөлінген болатын.

Ендігі бір мәселе, көмірмен қамтамасыз ету. Соңғы жылдары бұл тарапта ауық-ауық күрделі мәселе туындап, қарапайым халық ұзын-сонар кезекке тұрып, маусым сайын еселене өсетін көмір бағасына өкпе айтып та қоятын. Қазіргі күні қажетті көмірдің 97 мың тоннасы жеткізілді. Демек, екі айға еркін жететін қор бар деген сөз. Тұрғындарға жылу беру маусымына 1 миллион тонна көмір қажет. Бүгінгі таңда 150 мың тонна көмір жеткізіліп сатылуда. Бұл барлық көлемнің 15 пайызы. Сөз арасында өңір тұрғындарына көмір 56 жерде сатылып жатқандығын айта кетелік. Алдағы уақытта бұл тараптағы шаруа қарқын алмақ.

Ендігі бір мәселе, көмірдің бағасы. Белгілі себептерге байланысты көмір бағасы 20-25 пайызға өсіп отыр. Басқарма басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, көмір бағасының өсуі өзіндік құнының көтерілуі мен темір жол тарифтеріне байланысты.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын мүлтіксіз орындау барысында коммуналдық қызметтер барлық жылумен жабдықтау нысандарын техникалық тексеруді аяқтайды. Сол кезде жөндеуді қажет ететін учаскелер анықталмақ. Алдағы уақытта қиын түйіннің күрмеуі кезең-кезеңімен шешіледі, – дейді Біржан Әбдірахманов.

Қалай болған күнде де жалпақ жұрт қатал қыстан қысылмай шықса болғаны.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар