Жер қойнауын заңсыз пайдаланудың сұрауы бар

Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабында жер мен оның жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екендігі айтылған. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер қойнауына мемлекеттік меншік Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігінің құрамдас негіздерінің бірі болып табылады. Мемлекет жер қойнауына заңнамалық актілерде көзделген негіздерде, шарттарда және шектерде қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Ережеге сәйкес Ақмола облысы бойынша экология департаменті Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің экологиялық реттеу және бақылау функцияларын жүзеге асыратын аумақтық органы болып табылады.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде жер қойнауын пайдалану құқығын лицензия мен келісім-шарт негізінде мемлекет қана береді деп көзделген. Осыған байланысты пайдалы қазбаларды келісім-шартсыз немесе лицензиясыз алу заңсыз болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 802-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау үшін негіздердің бірі құқық қорғау органдарынан келіп түскен материалдар болып табылады. Ақмола облысы бойынша экология департаменті полиция бөлімдерінен келіп түсетін материалдар негізінде кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды. Осы құқық бұзушылық үшін айыппұл жер қойнауы ресурстарына келтірілген залал сомасының жүз пайызы мөлшерінде есептеледі.

Алайда, ҚР Қылмыстық кодексінің 334-бабына сәйкес елеулі залал келтірілген жағдайда (табиғи ресурстардың залалын жою немесе тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың құны жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде) жер қойнауын өз бетінше пайдалану қазірдің өзінде үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшердегі айыппұлға немесе сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеліп соғады. Демек, мұндай заңсыз әрекеттерді жасамас бұрын, бұл неге ұрындыратындығы туралы ойлану керек.

Облыс аумағында құм, саз, құм-қиыршық тас қоспасы түріндегі құрылыс материалдарын заңды түрде сатып алуға болатын кәсіпорындар жұмыс істейді. Сондай-ақ, Ақмола облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының ресми сайтында облыс аумағында жер қойнауын пайдалануға лицензиялары бар жеке және заңды тұлғалардың тізілімін көруге болатынын хабарлаймыз.

Заңдылықты қамтамасыз ету, заңды және жеке тұлғалар тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Ақмола облысы бойынша экология департаменті» РММ халыққа табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын сақтау қажеттілігін жеткізеді және сонымен бірге, заңды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатындықтарын ескертеді.

 Олжас ҚАРПЫҚОВ,
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік экологиялық
инспектор-Ақмола облысы бойынша экология
департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар