«Жасырын» қызметтер регламенттеледі

Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту шеңберінде жер қатынастары саласындағы бірқатар «жасырын» қызметтер регламенттелді.

Қазақстан РеспубликасыМемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жер қатынастары саласындағы мемлекеттік органдардың функцияларын талдау қорытындысы бойынша «жасырын» қызметтерді регламенттеу жөнінде ұсыныс енгізді.

Мәселен, бұған дейін департаментке азаматтар мен кәсіпкерлердің жер комиссияларының сауда-саттықсыз қосымша жер учаскелерін беруден негізсіз бас тартуы туралы шағымдары бірнеше рет келіп түскен болатын.

Мәселені зерделеу барысында анықталғандай, жергілікті атқарушы органдардың сауда-саттықты өткізбей жер учаскелерін беруі «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу» мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде жүзеге асырылған.

Алайда, осы мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары объектілерді кеңейту, жер қойнауын пайдалану, қатысушылар құрамынан шыққан кезде шаруашылық серіктестігінің немесе өндірістік кооперативтің қатысушыларына (мүшелеріне) жер бөлу сияқты жоғары сұранысқа ие жер учаскелерінің санаттарын қамтымаған. Осыған байланысты аталған жер учаскелерін беру кезінде әкімдіктердің шешімдерімен келіспеген жағдайда құжаттардың бекітілген тізбесі, көрсету мерзімдері және шағымдану тәртібі болмаған. Мұндай құқықтық олқылықтар өтініш берушілерден артық құжаттарды талап етуге және әртүрлі себептермен жер учаскелерін беруден бас тартуға жағдай жасайды.

Мұндай мәселелер бойынша шағымдар түскен кезде департамент бұрын Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптарына сәйкес оларды шешімдері даулы әкімшілік органдарға қайта жіберуге мәжбүр болды, бұл, әдетте, азаматтардың сотқа талап арыз беруімен аяқталып отырды.Бұл жағдай, әсіресе, өздерінің бизнесін кеңейтуге заңды құқықтарын жүзеге асыруда әкімшілік кедергілерге тап болған кәсіпкерлерді алаңдатып келді.

Осыған байланысты өтініштерде көтерілген өтініш берушілердің проблемалық мәселелерінің негізінде азаматтарды қабылдау барысында олар үшін қолайлы жағдайлар жасау және жер ресурстарына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында департамент бірқатар «жасырын» қызметтерді мемлекеттік қызметтерге өзгерту үшін Агенттіктің орталық аппаратына, одан әрі Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар енгізді.

Нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жоғарыда аталған «жасырын» қызметтерді «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын тарату жолымен регламенттеді. Енді нормативтік-құқықтық актілер қажетті құжаттардың тізбесін (заңнама мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде артық құжаттарды талап етуге тыйым салады), көрсету мерзімдерін, нәтижелермен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті алушылар үшін тыңдау мүмкіндігін, көрсетілетін қызметті берушілердің шешімдеріне, әрекеттеріне шағымданудың бірыңғай тәртібін және ең бастысы, бас тарту үшін нақты негіздерді белгілейді.

Осы түзетулер көрсетілетін қызметті алушылардың сотқа дейінгі тәртіппен мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға жүгіну арқылы тиісті түрде құқықтарын қорғауға, сондай-ақ,жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде әуре-сарсаң мен бюрократизм көріністерін жоюға ықпал етеді.

Нұрсұлтан ШЫТЫРЫМБЕК,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы
бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар