Ауыз судан тарыққан Егіндікөлдегі жағдайды Министр өзі келіп көрді

Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды. Оның барысында министр мен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Нұра топтық су құбыры»  мемлекеттік кәсіпорныныңЕгіндікөл ауылынан Степняк астық қабылдау кәсіпорнына және Сабынды ауылына дейінгі магистральдық су құбырларын қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты.

Ұзындығы 337 шақырымды құрайтын су құбыры Егіндікөл, Қорғалжын және Атбасар аудандарының 24 елді мекенін сумен жабдықтау көзі болып табылады.Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ақмола облысында Нұра топтық су құбырын реконструкциялаудың  жобалық-сметалық құжаттамасын  әзірлеуде. Аталмыш жоба  төрт  кезеңге бөлінген.

−Біздің басты міндетіміз –осы жылдың соңына дейін Қорғалжын ауданы Сабынды ауылынан Егіндікөл ауылына дейін шамамен 68 шақырым және Егіндікөлден Степняк астық қабылдау кәсіпорнына дейін 16 шақырым магистральдық желілерді жаңарту. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен бірге біз жұмыс барысын қарастырдық. Биыл мердігерлер  барлық жұмыстарды желтоқсан айында бітіреміз деп сендіріп отыр. Егіндікөл ауданында 14 мың халық ауыз судан мұқтаждық көріп отырғанын естен шығармауымыз керек. Келесі жылы екінші және үшінші кезеңдерді іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде басты қондырғыларды ауыстыру және құбырларды тазалау бірінші кезекте тұр,– деді Нұржан Нұржігітов.

Министр жақын арада су құбырларын қайта құруды аяқтау үшін адамдар мен техниканы тиімді жұмылдыруды тапсырып, жергілікті билікті мердігерлерге белсенді түрде көмектесуге шақырды.

− Ең бастысы, сапа мен мерзім. Біз осы жұмыстарды тез аяқтауға мүдделіміз. Бүгінгі таңда адамдар мен техниканы осы мақсатқа кідіріссіз жұмылдыру қажет. Ең бастысы, қаржы мәселесі шешілді.  Ауа райы қолайлы болып тұрғанда, жұмыс тездетіліп,Жаңа жылға дейін бітуі тиіс,−деді Нұржан Нұржігітов.

Сонымен бірге, облыс әкімі Марат Ахметжанов бұл жобаны іске асыру Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

−Біздің алдымызға 2025 жылға дейін халықты сапалы ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз ету міндеті қойылды. Жұмыс басталғаннан бері мен күн сайын желілерді қайта құру бойынша жұмыстардың барысы туралы бейне есептер аламын. Ағымдағы жылы облыста сумен жабдықтау бойынша барлығы 48 жобаны іске асыру жоспарлануда, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Бүгінде «Bertysconstruction» және «Көкшетаугидрогеология»серіктестіктерінің күшімен жұмыс бір уақытта екі бағыттан жүргізілуде. Жобаны іске асыруға 330 миллион теңге бөлінді.

Су құбырының жиі жарылуына байланысты Егіндікөл ауданына ауыз су мүлдем келмейді. Ағымдағы жылдың мамыр айында ауданда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Аудан әкімдігі кәсіпкерлермен бірлесіп, жақын маңдағы аудандардан елді мекендерге күнделікті су жеткізуді жүзеге асыруда.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар