Өзіңіз қалаған емханаға тіркеліп, медициналық көмекті сонда алыңыз

Елімізде осы жылдың 15 қыркүйегінен бастап тұрғындардың жыл сайынғы азаматтардың алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелеріне тіркелу науқаны жүріп жатыр. Бұл жөнінде халықты құлақтандыру мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг ұйымдастырылды.

Өңір тұрғындарының медициналық ұйымдарға тіркелу науқаны 15 қарашаға дейін жүргізіледі. Облыс бойынша әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының филиалы халыққа алғашқы медико-санитарлық көмек көрсететін 25 ұйыммен келісім жасапты, оның 19-ы мемлекеттік, алтауы жеке меншік.

– Тіркелу науқаны барысында аймақ тұрғындары тек алғашқы медициналық-санитарлықкөмек көрсететін ұйымдарға, яғни,профилактикалық скринингтер мен кәсіби тексерулер жүргізе алатын мекемелерге тіркеле алады. Емхананы таңдағанда, оның Қор жеткізушілері тізіміне кіретіндігін тексеріп алған жөн. Мұны www.fms.kzсайтында «клиниканы таңдау» бөлімінен қарап білуге болады. Сонымен бірге, тұрғындар тұрып жатқан мекенжайына жақын орналасқан емхананы таңдағандары абзал. Егер алыс емханаға тіркеліп қойса, кейін дәрігерлерді үйге шақыруға мәжбүр болса, онда дәрігер немесе мобильді топ келмей қалуы мүмкін. Себебі, учаскелік дәрігерлер өздеріне бекітілген аумақты ғана қамтиды. Тіркелу egov.kzэлектрондық порталы арқылы және азаматтардың белгілі бір санатына емханаға барып, жазбаша өтінім беру арқылы жүргізіледі, –дей келе, Мемлекеттік әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының Ақмола облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Әлия Жүсіпова тіркелуді жүргізудің барысын жан-жақты айтып берді.

Алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету мекемесіне тіркелген тұрғындар бұл ұйымда медициналық көмекті тек 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап алады. Емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрыннан қызмет көрсетіліп келген медициналық ұйымында бекітіліп қала береді. Сонымен қатар, егер емханаға тіркелуге қатысты сұрақтар туындайтын болса, онда емхананың пациенттерді қолдау қызметіне жүгінген дұрыс. Егер жергілікті жерде көмектесе алмаса, онда азаматтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ыңғайлы байланыс арнасы арқылы өтініш жібере алады. Олар – fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot. Дәл осы құралдар сақтандыру мәртебесін тексеруге де мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, азаматтар медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебесін тексеріп, жүргізілген төлемдері туралы ақпаратты ҚР электрондық үкіметінің egov.kz сайтында «медициналық қызметтер туралы және МӘМС-те аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы «денсаулық сақтау» бөлімінен білулеріне болады.

– МӘМС жүйесінде көрсетілген қызметтер үшін төлем азаматтардың жарналары мен аударымдарынан алынады. Біздің міндетіміз – осы төлемдердің ашықтығын қамтамасыз ету, әрбір медициналық қызметтің және ол үшін төленген әрбір теңгенің дұрыстығын қадағалау. Бұл ретте, біз пациенттің құқықтарын қорғаймыз, сондықтан, медициналық көмектің қолжетімділігіне мүмкіндік беретін шаралар қабылдануда. Қор мен Денсаулық сақтау министрлігінің жеке клиникаларға зиян келтіру мақсаты жоқ, біздің міндетіміз – науқасқа зиян тигізбеу, – дейді Әлия Жасқайратқызы.

Брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Тоқтар Қоңырбаев пен «С.Қайырбеков атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының» Ақмола облыстық филиалы басшысының орынбасары Айжан Хасенова облыста жүргізіліп жатқан медициналық ұйымдарға тіркелу науқанының барысы туралы айта келіп, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Рамиль ДОСУМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар