Фермер Ербол Хамзин: «Жанайқайымызды еститін жан бар ма?!.»

Есіл ауданының жайылым және шабындық жерге байланысты шағым айтқан 11 кәсіпкері күн көрістері қиынға айналған соң осылай айтуға мәжбүр.

Ауданда 711 мың гектар жер бар. Оның 25 мың гектары жайылым. Әйтсе де, төрт түліктің сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауымға ұлтарақтай жер бұйырмай отыр. Таяуда ғана аудан әкімдігіндегі жер комиссиясы азаматтардың өтініштерін қарап, жеңімпаздарды анықтаған. Үстіміздегі жылы үшінші рет өткізіліп отырылған отырыста оң шешім қабылдана ма деп, ұзақ жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан жергілікті кәсіпкер Ербол Хамзин үмітті еді-ақ. Әйтсе де өкінішке орай, бұрын да мыңдаған гектар жерді бауырына басқандардың аты озыпты. Ерболдың айтуына қарағанда, жер телімін бөлетін конкурстарға қатысып жүргеніне аттай жеті жыл. Құжаттары түгел, бизнес жоспары бар. Бағып отырған малы да аз емес.

–Төрт түлік малын жаятын, мал азығын дайындайтын жайылым мен шабындыққа жарымай жүрген жалғыз мен ғана емеспін. Міне, құзырлы органдарға қалыптасып отырған бар жағдайды жазып, арыз жолдадық. Өз басым 2016 жылы кооператив құрған болатынмын. Мемлекеттің қамқорлығына рахмет, 16 пайызбен сегіз жылға несие алдым. Мақсат, төрт түліктің басын көбейтіп, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға үлесімді қосу еді. Әрі отбасымды асырауым керек, – дейді Ербол Хамзин, – шамам келгенше мал басын өз төлі есебінен көбейттім. Қиын болса да, алған несиемді уақытылы төлеп тұрдым. Енді міне, соңғы екі жылда қарызымды өтей алмай жүрмін. Себебі біреу-ақ, қанша ұмтылып, әрекет етсем де, жазда малды жайылымға шығаратын жер жоқ. Мал азығын дайындайтын шабындық та жоқ.

131 жылқы, 135 қой, 21 қара мал бағып отырған кейіпкеріміз  биыл шөпті Есілден 150 шақырым жердегі Терісаққан өзенінің аңғарынан, жалға алған жерінен дайындаған. Бір тіркеме шөпті жеткізу үшін әрі-бері 300 шақырым жол жүру керек. Жанар майдың қымбаттығынан шығын шөптің өзіндік құнынан анағұрлым асып жығылады. Бір бас қара малды қыстатып шығару үшін кемінде үш тонна шөп қажет. Оған қасқалдақтың қанындай таптырмай тұрған жемді қосыңыз. Өз еңбегі ше? Қазір Есілде салмағы 300 келілік бір бума шөптің құны  15 мың теңге. Әлгі есеп бойынша бір малды ғана қыстан шығару үшін шамамен 150-200 мың теңге қаржы қажет екен.

–Төрт түлікті өсіру үшін алдымен мал азығын дайындайтын жерің болуы қажет, – дейді Ербол Хамзин, – біздің өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары қазір табалдырыққа дейін жыртып, егін егуде. Әрине, астықтың керек екендігін түсінеміз, бірақ, мал бағып күн көріп отырған халық не істеуі керек. Әділдік іздеп Астанаға дейін бардық. Бірақ, біздің жан айқайымызға құлақ асатын жанашыр таба алмай отырмыз. Еңбек етіп тырбанып, елге пайдамызды тигізсек деген ниет. Өзім бес баланың әкесімін. Перзенттерімді де еңбекке баулып, адал еңбектің дәмін татуға үйретіп келе жатырмын. Бірақ, өкініштісі өз елімізде, өз жерімізде тұрып еңбек етіп талпынайын десең, осындай кедергінің алынбас қамалға айналатыны несі екен?!

Бағымдағы малы егістікке түсіп кетіп, сан мәрте айыппұл төлеген. Қарсылық жоқ, түсінеді. Ол да біреудің ырыздығы. Бұрын кәдеге аспай, туырылып бос жатқан жер осындай алға ұмтылған азаматтарға әділдікпен бөлініп берілсе, ел ішінде наразылық та орын алмас еді.

Байқал Байәділов.

Есіл ауданы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар