Өнерлі отбасылар өзара бақ сынасты

Ақмола облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен Отбасы күнін мерекелеу аясында «Өнерлі шаңырақ» облыстық фестивалі болып өтті.

Байқаудың басты мақсаты бірлігі жарасқан,шығармашылыққа ден қойған отбасыларды дәріптеу, олардың өнеріне кәсіби тұрғыда өріс ашып, қолдау көрсету, отбасы институтын нығайту және дамыту, қоғамдағы әке мен ананың мәртебесін арттыру болып табылады. Байқау екі кезең бойынша өтті. Алдымен, қазылар алқасы онлайн форматта қатысушыларға іріктеу жасап, кейін іріктеуден өткен өнерлі отбасылар гала-концертте  өз өнерлерін ортаға салып, өзара бақ сынасты.

Өнер додасына Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Бурабай, Егіндікөл, Есіл, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Қосшы және Степногорск  қалаларынан отбасылар қатысты.

Өнер кешінде ақкөлдік Қайыровтар отбасы, аршалылық Атабаевтар әулетінің дарынды ұл-қыздары, атбасарлық Валиевтер отбасы, Бурабай ауданынан келген Кәркеновтар отбасы, зеренділік Ұлытай әулеті, қорғалжындық Құсайыновтар отбасы және тағы басқа да барлығы он екі жанұя өз өнерлерін ортаға салды.

Байқауға қатысқан он екі отбасының қай-қайсысы болмасын адами абзал қасиеттерді ұлықтап, ұлттық өнерді насихаттап жүргендіктерін аңғаруға болады. Еңкейген қариядан бал тілді бүлдіршінге дейін қазақтың әнін шырқап, ұлттық киімін киіп, өз өнерін ортаға салып жатса, қалайша мұны құп көрмейсің! Қуанасың, тамсанасың, тәнті боласың, дүйім жұртқа үлгі етіп жар салуға асығатының бар. Осындай өнегелі отбасының бірі ақкөлдік – Қайыровтар әулеті.  Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі Азамат Жантайұлының айтуынша,  ұлттық өнер атаданбалаға мирас болған. Әкесі Жантай ағамыз ұлт ұрпағын өнерге баулыған ұлағатты ұстаз.

– Бала кезімізден домбыраның үніне қанығып өскен баламыз.Осындай өнерлі отбасында өскен ұл-қыз ертеңгі күні өз жұрағатына ұлтын, тілін, ұлттық өнерін паш ететіні анық қой. Жасыратыны жоқ, бойына ұлттық ән, әуез, жыр, жалпы, қазақы тәрбие сіңген бала тегін болмайтыны анық. Бәрібір де ол өз ұлтының жанашыры болатыны хақ. Мамандық таңдар кезде ойланбастан өнер жолын таңдадым. Көкшетаудағы Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің музыка факультетін тәмамдап, кейін білімімді Павлодар қаласындағы мемлекеттік институтта жалғастырдым. Байқауда әкем, өзім, жұбайым мен қызым өнер көрсеттік. Жанжарым өнер жанашыры. Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап жүрген мәртебелі мамандық иесі бола жүріп, әншілік өнерімен талайды тамсантуда. Жалпы, осы орайда, осындай тәрбиелік мәні зор, тағылымы тереңде, танымы мол байқауды ұйымдастыра білген облыстық халық шығармашылығы орталығы ұжымының еңбегін атап өтуге тұрарлық, –  дейді Азаматтың өзі.

Шынымен де, өнер атадан-балаға мирас болған рухани құндылық.  Қазақ халқы «Тегі жақсы, тегін болмас» деген сөзді бекерден-бекер айтпаса керек-ті. Осы орайда, ұлағатты өнерді ұрпағына аманат етіп, отбасылық үрдіске айналдырған тағы бір айтулы  шаңырақ иелерін атап өтсек дейміз. Бұл орайда, әрине, қорғалжындық Құсайыновтар отбасы туралы сөз бөлек.

Қорғалжын елі ежелден құт қонған, қасиет тұнған киелі өңір ғой. Бұл өлкенің өнерпаздарының бойынан бекзаттылық пен тарлан тектілікбайқалып-ақ тұрады.  Құт қонғанҚорғалжын өңірі әрқашан өнерлі адамдардан кенде болып көрген жоқ. Әйгілі Құлтума ақын, Үлебай ақын, Мәриям Жәгорқызы, Дәулет  Мықтыбаев, әсем композицияларымен  ел жүрегін елжіреткен Кенжебек  Күмісбеков,  сахна саңылақтары  Есімжан, Қосымжан Бабақовтар, жезтаңдай  әнші  Рабиға Есімжанова және Қорғалжын өңірінде   алғаш халық театрын ашқан  Қалимұса ағамыз сияқты өнерпазжандардың кіндік қаны тамған киелі өлке ғой.  Бұл тізімді санамалап айтып, жалғастыра беруге болады. Бұған бір мақала әрине, аздық етері сөзсіз. Біздегі мақсат та ол емес. Айтпағымыз, өнер ұрпақтан-ұрпаққа мұра болар ізгі дәстүр екендігін тағы бір мәрте айқындай түсу. Сол біз жоғарыда санамалап өткен өнерпаздардың ішінде әрине, Қалимұса ағамыздың есіміне Қорғалжын, Ақмола  өңірі қанық. Құсайыновтар отбасы дегенде әуелі Қалимұса ағамыз ойға оралатыны да осыдан.Қалимұса  ағамыз Қорғалжын ауданында халық театрын ұйымдастырушы ғана емес, ол облыс аумағындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің дамуына зор үлес қосқан ірі өнерпаз.

Атақты  Құсайыновтар отбасылық ансамблі көптеген республикалық және облыстық байқаулардың дипломанты және лауреаты. Ұжым облыстан тыс жерлерде де танымал. Олар Қазақстан мен Ресейдің көптеген қалаларын аралап, өнер көрсеткен. Бұл күнде әке жолын ұлы Мұхтар Құсайынов жалғастырып, өнегелі істі өрлетуде.

Иә, қазақ барда ұлттық өнер өлмейді. Өнер барда адам ешқашан рухани аласармайтыны да анық. Байқаудан біз осыны аңғара түскендейміз.

Қазылар алқасының ұйғарымымен байқаудың бас жүлдесі қорғалжындық Құсайыновтар әулетіне бұйырып, бағалы сыйлықпен марапатталды. Ал, қалған қатысушылардың барлығы әртүрлі номинациялар бойынша жеке-жеке марапатталып, ұйымдастырушылар алқасының арнайы сыйлығы және Алғыс хатына ие болды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар