Көкшетау қаласы мен 9 ауданда заңдастырылған қоқыс полигоны мүлдем жоқ

Жыл басынан Ақмола облысында 820 бейберекет қоқыс орны анықталды. Экология департаменті мен құзырлы органдар мамандарының араласуымен 257-сі жойылды. Бірқатар қала мен ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін заңдастырылған полигондар мүлдем жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда Ақмола облысында бейберекет қоқыс үйінділерінің қалыптасуы өзекті мәселеге айналып отыр. Бұған жергілікті атқарушы органдар бақылауының жеткіліксіздігі, полигондарда коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, орналастыру бойынша қажетті инфрақұрылымның болмауы себеп.

Аталған департамент рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау мақсатында «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның көмегімен ғарыштан мониторинг алып отырады.

«Соның нәтижесінде биылғы жыл басынан өңірде рұқсат етілмеген 820қоқыс үйіндісі анықталды. Оның 257-ін Экология департаменті мен аудан әкімдіктері бірлесіп жойды. Осы бағытта жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті полиция қызметімен өзара іс-қимыл үнемі жүзеге асырылып келеді. Биыл аудандар мен ауылдық округтердің әкімдіктерімен рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын заңдастыру тақырыбы бойынша 4 кеңес өткізілді. Әкімдіктерге рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою қажеттілігі туралы 20-дан астам хат жолданды. Сонымен қатар биыл бейберекет полигондарды жою бойынша шаралар қабылдамағаны үшін 2 лауазымды тұлға (Целиноград ауданы әкімінің орынбасары, Аршалы ауданының бөлім басшысы), 4 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», –деді ведомстводан.

Облыс аумағындағы полигондарда қатты қалдықтардың негізгі бөлігін өнеркәсіптік қалдықтар құрайды. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында оның көлемі 653,3 мың тоннаны құрады. Ақмола облысының кәсіпорындары жалпы жинақталған өнеркәсіптік қалдықтың 9,9 пайызын немесе 10,7 мың тоннасын ғана кәдеге жаратып отыр.

«Жергілікті атқарушы органдардың қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына экологиялық рұқсат беру құжаттарын ресімдеу жұмыстары сылбыр. Бұған қоса, жобалық құжаттаманың құны қымбат. Ал бұл өз кезегінде бизнес субъектілерінің, бюджеттік ұйымдардың және жалпы халықтың жағдайын қиындатып отыр. Бүгінгі таңда облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтардың 130 үйіндісі бар, олардың тек 24-і ғана заңдастырылған. Көкшетау қаласы мен Ақкөл, Аршалы, Бұланды, Бурабай, Біржан сал, Егіндікөл, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандарында бірде-бір заңдастырылған қоқыс полигоны жоқ», –деп қосты ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын рұқсат етілмеген жерге қоқыс төккені үшін салынатын айыппұл өсетінін жазған едік.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар