Өңірлік коммуникациялар қызметінде жасына байланысты зейнетақы рәсімдеудің ерекшеліктері тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Брифинг спикері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Ақмола облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Виталий Городецкий зейнетақы төлемдерін алудың ережелеріне тоқталды.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау ағымдағы жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің нормаларына сәйкес жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, ер адам үшін алдағы сегіз жылда зейнетке шығу жасы өзгеріссіз қалды.
−Дегенмен, әйел адамдар 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап 61,5 жаста, 2029 жылы 62 жаста, 2030 жылы 62,5 жаста, 2031 жылы 63 жаста зейнетке шыға алады. Адамдар жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мәселелері бойынша кеңес алу, құжаттарды тексеру және зейнетақы төлемдерін алдын ала есептеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына зейнетақы жасына толғанға дейін үш ай бұрын жүгіне алады. Өзімен бірге еңбек кітапшасы, оқу орнын аяқтау туралы диплом, ер адамдар үшін әскери билет, әйел адамдар үшін балалардың туу туралы куәлігі, неке қию немесе ажырасу туралы куәлігі болуы қажет, −деді Виталий Городецкий.
Спикердің айтуынша зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша өтінішті беру үшін қызмет алушы қажетті құжаттарымен тіркелу орнынан басқа кез-келген халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Сонымен қатар, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бере алады.
−Зейнетақы үш бөлімнен құралатынын атап өткен жөн,−деді Виталий Городецкий. − Бірінші бөлігі ортақ зейнетақы, яғни, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезең аралығындағы еңбек өтілінен, үш жыл аралығындағы орташа айлық табыстан есептелінеді. Екінші бөлігі базалық зейнетақы жарналары. Үшінші бөлігі бұл БЖЗҚ аударымдарынан қалыптасқан қор есебінен құрылған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынатын төлемдер.
Ортақ зейнетақыны есептеу үшін алынатын табыс тиісті қаржылық жылға «Республикалық бюджет туралы» Заңымен бекітілген айлық есеп көрсеткішінің 55 еселенген мөлшерінен немесе 189 750 теңгеден артық болмауы тиіс. Егер табыс бірнеше ұйымдардан ұсынылатын болса, табыс әр ұйымнан құжаттық негіздемеде расталады, бұл үшін еңбек кітапшасында жазба немесе еңбек шарты болуы тиіс.
Табыстың орташа айлық мөлшері уәкілетті мемлекеттік органмен анықталған бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған зейнетақы төлемдері, Қорға аударылған әлеуметтік төлемдер жасалған табысқа сәйкес белгіленеді. Егер еңбек кітапшасында сауалнамалық деректерде сәйкессіздік орын алған жағдайда соңғы жұмыс орнынан жеке басты куәландыратын құжат, неке қию, некені бұзу, тегі, аты, әкесінің атын өзгерту туралы куәлік негізінде жүзеге асырылады. Егер ұйым жабылса, бұл жағдайда еңбек өтілі мұрағаттық анықтамамен расталады.
Бұл ретте, мұрағаттық анықтаманы, мұрағаттық құжаттардың көшірмесін немесе мұрағаттық үзінді көшірмелерді берудің мемлекеттік қызметі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мұрағаттарымен жүзеге асырылады.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.