Тұрмыстық қатты қалдықтар бас ауруына айналып отыр

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасында туризм және экология салалық кеңесі мен Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің жанындағы Экология, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссияның бірлескен отырысы өтті.

Отырысқа тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) полигондарын басқаратын кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар: экология департаменті, PR департаменті, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органы, прокуратура, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, облыстың қалалары мен аудандары да онлайн режимде қосылды. Конференцияға Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің туризм және экология салалық кеңесінің төрағасы Қайрат Сұлтанов төрағалық етті. Сондай-ақ, Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесі жанындағы экология, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комиссияның төрайымы Мариям Әбішева және өзге де департамент, басқарма басшылары баяндамалар жасады.

Сондай-ақ, отырыс барысында облыста қатты тұрмыстық қалдықтардың басқару жүйесін ұйымдастыру мәселелері қарастырылып, экспорттық тарифтерге қатысты кейбір мәселелер, ТҚҚ полигондарын заңдастыру, қалдықтарды бөлек жинауды енгізу, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және өңдеу, жыл сайын бюджет қаражаты есебінен жойылатын стихиялық полигондардың пайда болу себебі, өңірлердегі заңды полигондар иелерімен мемлекеттік, бюджеттік ұйымдар мен кәсіпкерлер арасында келісім-шарттардың, қалдықтарды бөлек жинауға арналған инфрақұрылымның жоқтығы, тарифтердің жаңартылмағанына байланысты кәсіпорындардың қоқыс полигондарын тиісті күйде ұстай алмауы және тағы басқа өзекті мәселелер талқыланды.

Ақмола облысында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған жер актісі бар 130 полигон бар, оның ішінде 24 ТҚҚ полигонының рұқсаты бар. Бұл ретте, бірде-бір заңды полигон жоқ Ақкөл, Аршалы, Бурабай, Біржан сал, Егіндікөл, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Көкшетау және Қосшы қалаларын да атап өткен жөн. Тиісті түрде заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының болмауы рұқсат етілмеген полигондардың пайда болуына алып әкелген. Биыл ғарыштан түсірілген суреттерде Ақмола облысында рұқсат етілмеген 622 қоқыс тастайтын орын анықталып, содан бері аудандардың әкімдіктері 150 полигонды жойды. Жою жұмыстары одан әрі жалғасуда. Қазіргі уақытта табиғи ресурстар басқармасы полигондарды заңдастыру бойынша Көкшетау, Қосшы, Щучинск қалалары мен Ақкөл, Қорғалжын, Аршалы, Зеренді сияқты аудандарда 8 полигон құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеген. ТҚҚ полигонының есептік қызмет ету мерзімі 25 жыл. Жобаның сметалық құны 3,8 миллиард теңгені құрайды. Жобалар Ақмола облысы бойынша экология департаментіне сараптамаға жіберілген, одан өткеннен кейін, алдағы айда қоғамдық тыңдаулар болатыны айтылды.

Сонымен қатар, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Ақмола облысында қоқыс жинау кәсіпорындарының қызметі 400 мыңнан астам адамды немесе 55,7 пайызды қамтиды. Облыс бойынша қызмет көрсетудің орташа тарифі бір адамға 368 теңгені құрайды. Бүгінгі таңда облыстың 11 өңірінде халыққа арналған стандарттар мен тарифтер әзірленіп, бекітілген. Мысалы, Көкшетауда жайлы секторда бір адамдық тариф 500 теңге болса, игерілмеген секторда 580 теңге. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін Көкшетау қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, көметін полигон болмаған. Қазіргі уақытта Краснояр ауылында орналасқан ҚТТ полигоны (иесі – «ЭКО-ДАМП» ЖШС) 6 айға дейін қалдықтарды жинайтын уақытша алаң ретінде қалпына келтірілген. Облыста ТҚҚ саласында тұрақты және тиімді жұмысты қамтамасыз ету үшін 3 730 контейнер қажет. Шығаратын көліктер – 23. Ағымдағы жылы контейнерлер сатып алуға және алаңдарды ретке келтіруге облыстық бюджеттен 255,5 миллион теңге, Қосшы қалалық әкімдігінен 49 жер телімі мен 98 контейнер орнатуға 81 миллион теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 70 жаңа контейнер алаңы жабдықталып, ондағы контейнерлер саны 492-ге жеткен. Ал, 2021 жылы контейнерлер саны 178 ғана еді.

Биылғы жылы Көкшетау қаласының әкімдігі қаладағы контейнерлік алаңдарды жаңғырту жұмыстары мен жер телімдерін алдын ала есепке алу жұмыстарын жүргізген. Қазіргі уақытта 239 жер телімі бекітіліп, оның 30-ын жабдықтау толығымен аяқталса, 172-нің қаңқасы бетон негізімен орнатылған. Осындай жұмыстар қаладағы жеке тұрғын үй құрылысының барлық шағын аудандарында, соның ішінде Құлагер және Бейбітшілік шағын аудандарында да жүргізілуі тиіс. Сметалық қажеттілік ағымдағы жылдың шығындарын есепке алғанда шамамен 300 миллион теңгені құрайды. Кеңес отырысында осы жайлар жан-жақты сөз болып, қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесінде жақсы жағына қозғау бола түсетіндей ой-пікір өрбіді.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар