Қайрат қиындықты жеңеді

Адам ықылас қойса, кез-келген кәсіпті меңгеруі мүмкін екен. Тек тұла бойында осыны үйренсем деген ниет болса болғаны. Бұл күнде адал еңбегінің арқасында әріптестерінің құрметіне бөленген Асхат Даханов Степногорск мойынтірек зауытына сонау 2007 жылдың қараша айында жұмысқа орналасқанында көп жайдың ретін біле қоймайтын.

Әуелі станоктар мен автоматтандырылған желінің реттеушісі болып орналасты. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, аз ғана уақыттың ішінде өзіне бұрын беймәлім өндірістің тынысын бір кісідей ұғып алған. Асылында, кез-келген техниканың тілін меңгеру үшін өзін-өзі қамшылап, алға ұмтылса жетіп жатыр екен. Ынталы жанның тұла бойындағы жалын атқан қайрат-жігері жол-жөнекей кездескен қиындықты жеңетініне бүгінде өзі кәміл сенеді. Әрқилы сызбалардың сырын ұғып, небір күрделі құрылғылардың қыр-сырын меңгеру де анау айтқандай көп қиындық емес еді. 2008 жылдың қазан айында екінші разрядты қаптаушы болып ауысты. Арада екі жыл өткен соң мойынтіректерді жинайтын учаскенің слесарі болып еңбек ете бастады. Өз ісін барынша тиянақты, тыңғылықты атқаратын Асхат Жүрсінұлының алға ұмтылысы, білмекке құмарлығы басшылардың көзіне түспей қалған жоқ. 2015 жылы осы кәсіптегі ең жоғары болып саналатын төртінші разрядқа ие болды.

Күн сайын қарбаласқан жұмыстан қолы қалт еткенде туған жері туралы көп ойланатын. Павлодар облысының Ертіс ауданында туғанымен, Қызылағаш ауылында ер жеткен. Сілеті өзенінің жағасындағы осы бір шоқ жұлдыздай ауыл бейнесі көкірегін қыздырып, санасына қайта-қайта орала береді. Ат жалын тартып мінгенде өтпелі кезеңнің өкпек желі ауылдағы ағайынды тондырып-ақ тұр еді. Әуелі мал баққан. Орман-тоғайдан ада, көз ұшында сары сағым кілкіп тұратын сайын дала. Бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, кеңшарлар тарап, қоғамдық малды бартер деген «тажал» жұтты. Ендігі арада  ел ішінен екі қолға бір күрек табыла қоймайтын сыңайлы. Келешегі алда жас болғандықтан, қилы-қилы ойдың қаумалап келіп, зілмауыр салмағымен баса бергені. Ақыры, нар тәуекелге бел буған. Степногорск қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсті. Электрмен дәнекерлеуші мамандығын игермек. Іштей өзі осы қалауын құп көрген. Қазақ баласының маңдайына мал бағуды ғана жазып қойған жоқ шығар. Өзге жұрт тыным таппай игеріп, ұшпаққа шығып жатқан мамандықты меңгеріп, шын шебері атанса, қанекей!

Асхат Жүрсінұлы адам кез-келген мамандықты меңгергеннен кейін өз саласының шынайы шебері болуы керек деп есептейді. Сонда артыңнан табыстың өзі бұйдасынан жетектеген тайлақтай бұлғақтап еріп өзі келеді. Айталық, ел ішінде әлдекімнің жылу жүйесін дәнекерлеп, тартып бердің екен дейік. Ешбір кемістігі жоқ, атқан оқтай түзу түскен жылу жүйесін көрген адам үй иесінен мұны кім істеді деп тақақтап сұрамай ма? Тозығы жеткен техниканы жөндесең де, жұмыс нәтижесін көрген тракторшы қолынан іс келетін шебер екендігін қапысыз танып, дерегіңді сұрап алары анық. Демек, қатардағы біреу емес, оза шапқан шын шебер болуың керек. Ал, шеберлік машықпен серік. Сондықтан да, ерінбеген абзал. Жаратылысынан намысты болып өскен ұл осылайша ой толғап, алға ұмтылған.

Шаңырақ көтерді. Енді отбасын ештеңеден тарықтырмай, қамтамасыз етуі керек. Ол да қосымша жауапкершілік жүктеген. Әрі бір орында тоқырап қалу табиғатынан жат. Қайнаған өндірістің ішінде жүргеннен кейін тұтас жүйені білген жөн. Осылайша аз уақыттың ішінде Асхат Жүрсінұлын зауыт жұмысшылары бесаспап маман ретінде таныды. Білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейін өсіруге мұқият ден қоятын жас маман тәртіп пен жауапкершілікті де жас жанына серік еткен. Өзі үйреніп қана қоймай, өкшесін басып келе жатқан жастарды да үйретуге, білмегенін айтып жіберуге ынтық. Осылайша, жаңа буынның кәсіби деңгейінің өсуіне аянбай атсалысып келеді.

Шынайы шебердің шын ықыласын көрген зауыт басшылары да ынталандырып отыруды ұмытқан емес. 2016 және 2022 жылдары адал еңбегі үшін алғысқа ие болды. Цехтың үздік жұмысшысы ретінде суреті Құрмет тақтасына ілінді.

–Асхат Жүрсінұлы өз ісінің нағыз бесаспап маманы, – дейді мойынтірек жинақтау цехының басшысы Дмитрий Протасевич, – кісілік келбеті де, адамгершілік ажары да мақтауға лайық.

Айтпақшы, Құрмет тақтасы бұл күнде көзге көп түсе бермейді. Асылында, жалпақ жұртты жұмысқа жұмылдырудың, абыройын асқақтатудың әдемі әдісі еді. Бүгінде алдынан жұмыс үркіп тұратын Асхат Жүрсінұлының Құрмет тақтасындағы бейнесі адам еңбегімен ардақты екендігін ұқтырып тұрғандай.

Гүлден САУЫТОВА,
Ақмола облыстық еңбек инспекциясы ақпараттық талдау
және қамсыздандыру бөлімінің басшысы.

Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар