Елінің жақсы адамы

Адам бойында жылылықтан, айналасына  нұр шуағын төгетін мейірімділіктен асқан қасиет бар ма?!  Осы бір баға жетпес жақсы мінезден біздің көп ағаларымыз бен апайларымызда кенде еместігіне күмән жоқ. Өйткені, осындай бір ізгі пейілді бұл кісілердің бойынан жүздесіп, кездескен сайын жақсы сезесің.

Сондай жандардың бірі Сифат Серікпайқызы Тасова еді. Ол кісінің мейірбан жүрегі, аппақ ниеті мен адал көңілі әркімге де өз төрін ұсынып тұратын. Осы бір бауырмал апайымызды көрген, кездестірген сайын ел деп соққан сол жүрегін де, ұлт деп алаңдаған алабөтен іңкәрлігін де аңғармау мүмкін емес еді. Қашан болсын көпшілік жерден қалмай, белсенді өмір қағидасының үлгісін көрсетіп жүретін.

Мәдениет қызметкері, кейін осы саланың ардагері болған соң да, мәдени-көпшілік шаралар осы бір жан үшін сүйіп, құмартып келетін құнды бір орта болатын. Талай рет Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған әдеби кештерге, ақын-жазушылармен әртүрлі жүздесулерге белсене қатысып, керегінде сөз де алып, жиналған қауымның көңілінен шығып жүрді. Осынау бір ел таныған ерекше қасиеттеріне орай, үлкен-кіші де бұл кісіні жақсы көріп, кішілер апайлап, небір үлкендер өздерімен тең көріп, кең көріп келді.

Оның үстіне апайымыздың құдай қосқан қосағы Төлеген Тасов та әрқашан аласармайтын биіктен көрінер, мінез жағынан да, қызмет тұрғысынан да елдің айрықша бір алғысы мен сенімін арқалап өткен текті азамат еді. Партия қызметінде, темір жол саласында өзіндік абыройлы жолы бар ағамыз әттең, өмірден ерте өтті. Сонда да кешегі Көкше өңірінде жаңадан құрылған Ленин ауданы басшыларының бірі болған, «ұлық болсаң, кішік бол» демекші, арлылығымен, адамгершілігімен ел арасында жақсы бедел жинаған ағамызды әлі күнге туған жұрты ұмытып, естен шығарған күні жоқ. Ел тарихы, өлке тарихы туралы, оның жақсы-жайсаңдары жайында әңгіме қозғала қалса, жақсының өзі, кешегінің көнермес көзі ретінде Төлеген аға есімі де ескірмей, еске алынып жатады.

Осылай қос жақсыны қосқан өмір сол қос жақсының өз ортасына абзал қасиеттерін де танытып, таразы басына кісіліктің, іріліктің бір үлгісі етіп тартқыза білді. Асыл азаматқа үйде тірек, сыртта жымдасқан білек бола білген Сифат апайымыз өзіне тән білім, ақыл-парасаттың жетегімен өмір бойы облыстың кітапхана жүйесі мен білім саласында жемісті еңбек етті. Осы тұста өмір жолын бір жаңғыртып өтсек алдымен өз таңдаған кәсібінің қыр-сырына бойлай келе, Көкшетау қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры, Төлеген ағамыз қызмет бабымен жоғарылаған жылдары Ленин аудандық кітапханасының директоры, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының аға библиографы, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжі сырттай оқыту бөлімінің меңгерушісі сияқты бел-белестерден өтті. Зейнеткерлік демалысқа шыққанның өзінде тынымсыз жаны қалың жұрттың ортасында жүргенді жөн көріп, қалалық «Ақбұлақ – Родник» ардагерлер клубының жұмысын жандандырып, өзінің ширақтығымен оған да бір соны леп берді. Сосын өмір бойғы жылт еткен жаңалыққа, жақсы біткенге құштарлығы мен құмарлығын екі етпей әртүрлі тақырыптағы газет қиындылары мен суреттерін жинай түсті. Оларды ерінбей-жалықпай, тақырып ерекшеліктеріне қарай папкі-папкіге бөліп, кітапханашылық машығымен жүйелеп, ретке келтіріп отырды. Сөйтіп, бұл жарияланымдардан Көкшетау облысы мен қаласы, Ақмола облысының тұтас бір ақпараттық-тарихи жылнамасын жасады. Кездескен жерде аңқылдаған ақжарқын пейілімен:

–«Арқа ажарының» ана нөмірін, мына мақаласын папкіме тігіп, жинап қойдым, – дегенінде шексіз риза болып қалатынбыз.

Өзі білетін, шығармашылығын сыйлап, жақсы көретін әрбір тілшіге осындай папкі ашып, қазақтың қара сөзін құрметтеген мұндай жандар ілуде біреу десек, бәріміз де келісерміз. Әріден қарасақ, бұл да еңбек, бұл да ана тілімізге, қалам ұстаған жандарға, олардың көз майын тауысып жазғандарына үлкен құрмет, зор ізет. Сондықтан, апайымыздың соңында қалған осы бір жарқын ізі, мол мұрасын балалары да қимай, көп кәдесіне жаратып, жуырда Көкшетау қаласы тарихының музейіне тапсырғаны, ал, ондағылардың осы бір мәні бар архив материалдарын сөзге келмей, қуана қабылдап алғандарын өте бір сауапты іс деп білеміз. Облыс тарихының кемі жиырма жылын қамтитын, суреттерді, газет материалдарын қоса алғанда, жүз папкіден асатын мұншама мол мұра Сифат апайымыздың шын сипатын, кісілік ажарлы келбетін, елдік асқақ мұратын танытатын үлкен бір шежірелі дүние болып шыққан.

Музей ұжымының апайымыздың аса бір ыждаһаттылықпен тапжылмай жиған-тергенін жай ғана қабылдап қоймай, қала, облыс өмірі туралы әр қырынан сыр шерткізген осынау жәдігерлер үшін Сифат Серікпайқызының аруағына, отбасы мен балаларына ризашылықтарын білдірулерінің өзі жоғарыдағы сөзіміздің айқын бір айғағы болса керек. Иә, адам баласы бұл өмірден өткенімен, оның жақсы ісі жасай береді. Кейде Сифат апайымызды  аңсағанымызда осы бір жайсаң жанның жұбайына, балалары мен ағайын-туыстарына ғана емес, бүкіл еліне ізгілік шуағын сыйлаған жарқын бейнесі көз алдымызға тұра қалады. 85 жас әрине, бір адам үшін аз жас емес. Сол жасты текке жасамай, бар жақсы атаулыны, соңында қалған өміршең істерді молынан өркен жайғыза білген апайдың ғибратты өмір жолын ұлдары Тілеген мен Тілеубек, қыздары Бақыт пен Гүлмира да лайықты жалғастырарына сөз жоқ. Өйткені, тірлігіндегі әке мен ана ұлағаты олар үшін адаспайтын темірқазық!

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар