Болашаққа жеті том болып жол тартқан сөз мұрасы

Осы қыркүйек айының қазақстандық, соның ішінде ақмолалық әдебиетсүйер қауымға сүйіншілеп айтар бір жаңалығы, белгілі ақын-жазушы, драматург, қарымды журналист Төлеген Қажыбайдың туған жерінде таңдамалы шығармаларының жеті томдығы жарық көрді. Көкшетаудағы «Болашақ» сарайында  өткізілген көптомдық еңбектің «Төкеңнің төл мұрасы» атты тұсаукесері осы елдік істің әдемі шырайын келтірді.

Айтулы қаламгердің бұл жеті томдық үлкен мұрасының бірінші томында өлеңдері мен балладалары, екінші томында жыр-дастандары мен поэмалары, үшінші томында әңгімелері мен хикаяттары, төртінші томында повестері, бесінші томында романдары мен таңдаулы тәржімалары, алтыншы томында драмалары мен публицистикалық ой-толғамдары топтастырылған. Ал, жетінші томы «Толғауы тоқсан Төлеген» атты ортақ тақырыппен осы бір проза мен поэзия майталманына арналған сыр-сұхбаттардан, арнау-жырлардан және естелік мақалалардан тұрады.

Кітаптың тұсаукесер кешін жерлес қаламгердің жеті томдығына белсене ат салысқан ақын Қуаныш Оспан ашып, жүргізіп отырды. Салтанатты шараға көптеп жиналған халықтың алдында алғашқы болып сөз алған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова шебер прозаик, ақиық ақын, алымды драматургтың және қоғам қайраткерінің тіршіліктегі баянды ғұмырына, азаматтық болмыс-бітімі мен артында қалдырған мол әдеби мұрасына тоқталды. Одан әрі Төлеген ағамыздың өз қаламгерлік жолын қуған талантты перзенті, әдебиет зерттеушісі, ғалым ұстаз Аян Қажыбайға сөз кезегі тигенде, жиналған қауым небір нәрлі де әрлі сөздің нөпірімен өрілген жан әкеге деген үлкен құрмет пен сағыныштың, кей тұста қылаусыз көз жасының  куәсі болып, ерекше тебіренді.

Одан әрі сахнаға көтерілген Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, белгілі журналист, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұл Көкшенің осы бір асқаралы перзентімен өзара достық, адамгершілік қарым-қатынастарына бойлап, әсерлі естеліктерімен бөлісті. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің бетке ұстар оқытушыларының бірі, профессор Сәбит Жәмбек қаламгердің әдеби дүниелерінің бірқатарына көркемдік, қалам қуаты тұрғысынан дендей кіріп, бағасын бере келе, ең бір жоғары рәуіштегі сөзін айтты. Ал, Төлегендей қазақ әдебиетінің бір биігімен бір сыныпта бірге оқыған, өмір бойы сырлас, досжар болған еңбек ардагері Шабдан Тоқмырзин айтар сөзін қаламгердің ақындық, жазушылық жолының бастау-тұнығынан өрбітіп, адамгершілік, турашылдық қырларымен қоса өрді.

Кештің өн  бойы сөйлеушілер сөздерінде жалғыз Көкше елі емес, бүкіл қазақ елінің де әдебиеті мен мәдениетіне бір қомақты олжа болып қосылар мол  үлесі бар Төлеген Қажыбайдың ұлт руханиятында алар орнын дәл бағамдап, жеті томдық мұрасының бүгінгідей ел игілігіне айналуына шынайы жанашырлық танытып, тиісті қаржысын бөлген бұрынғы Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевқа айтар алғыстары да көптеп байқалып жатты. Осылайша айтулы қаламгер есімі мен рухына, кәделі еңбектеріне ілтипатпен қараған, сол үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимеген қамқор жандардың күш-жігерімен, әсіресе, ұлы Аянның көп қажыр-қайрат жұмсауымен өмірге келген жеті томдықтың алқызыл лентасын облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова және туған перзенті осы Аян Төлегенұлы екеуі қиып, бұрын-соңды Көкше қаламгерлерінің тарихында болып көрмеген осыншама көп томдық еңбек өз оқырманына соны соқпақ салды. Ендігі арада ол облысымыздың барлық кітапханаларына таратылып, көрнекті қаламгердің жан дүниесіне, шеберлікпен өрілген шығармашылық әлеміне бойлаймын деушілердің шын көзайымына айналмақ.

Кештің тағы бір тартымды тұсы әу басындағы Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі студенттерінің Төлеген ағамыздың өлеңдерінен дайындаған әдеби қойылымы және ән мен биден ажарлы шашулар болды. Белгілі композитор Алтынбек ҚоразбаевтыңТөлеген ақын сөзіне жазылған әйгілі «Әгугай, домбыра» әнімен мәресіне жеткен әсерлі кеш елі есімін жадында ұстап, уақыт көшіне жалғастыра берер айшықты тұлғаның жарқын бейнесін тағы бір көңілімізде ұзағынан ұстатып, жеті томдықтың қуанышымен биікке өрлете түсті.

Бірқатар ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері аймақ әдебиеті мен мәдениетіндегі осы бір айтулы оқиғаға орай, өздерінің ізгі тілектерін кеш соңында берілген аста жеткізді.

  «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар