«Арқаның ән дариясы»

Көкшетау қаласында Ақан сері  Қорамсаұлының 180 жылдығына және Иманжүсіп Құтпанұлының 160 жылдығына арналғанреспубликалық  дәстүрлі әншілер байқауы осылай аталады. Оның гала концерті кеше өтті. Концерттің алдында өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистер үшін брифинг өткізіліп, ұйымдастырушылар алқасы байқау туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Айгүл Сәбитованың айтуынша, бұл республикалық дәстүрлі әншілер байқауының басты мақсаты кербез Ақмола, Көкше топырағында дүниеге келіп, қазақ даласында өнер өрісінің өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан, тұғыры биік, рухы өршіл Арқа өңірінің ақиық дүлдүлдері Ақан сері Қорамсаұлы мен Иманжүсіп Құтпанұлының шығармаларын халыққа кеңінен насихаттау болып табылады.  Іріктеу мен қорытынды кезеңдерден тұратын «Арқаның ән дариясы» дәстүрлі әншілер байқауынареспубликамыздың әр өңірінен 25 пен 45 жас аралығындағы дәстүрлі әншілер қатысады. Қазылар алқасының құрамында мәдениет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері енген.

– Ақмола облысында алдымыздағы Республика күні мерекесіне орай, 25-ші қыркүйектен бастап мерекелік декада бастау алды. Сал-серілердің ұлттық рухани мұрасын жаңғырту мақсатында өткізілетін республикалық дәстүрлі әншілер байқауына қазылар алқасының мүшесі әрі құрметті қонақ ретінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Өнер университетінің доценті Толғанбай Тоқтағанұлы Сембаев келіп отыр. Байқауда Астана қаласы, Абай, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ұлытау барлығы он облыстың дәстүрлі әншілері өзара бақ сынаспақ, – деді Айгүл Баубекқызы.

Декада аясында күні кеше Ақмола облыстық орыс драма театрында «Те-ART Kokshe» халықаралық фестивалінің де ашылу салтанаты өткізілді. Брифинг барысында театр директоры Бейбіт Салауатұлы фестивальге Қырғызстан, Ресей, Армения, Грузия, Қазақстан елдерінің театрлары қатысып, өз өнерлерін сарапқа салғалы жатқанын баяндады. Фестивальдің  құрметті қонағы – кино және театр актрисасы, Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова. Халықаралық театр фестивалі ағымдағы жылдың 29-ші қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

(«Арқаның ән дариясы» байқауы туралы толық есепті газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар