Бюджет қаржысына жоспарланған жұмыстар дұрыс ұйымдастырылсын

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ақкөл ауданына жұмыс сапарымен барып, ондағы әлеуметтік маңызды нысандардың жұмысымен танысты және аудан активімен кеңес өткізді.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, бүгінде жұмыс стилінде түбегейлі өзгерістер орын алуда. Соның ішінде әкімнің және аудан аппаратының қызметін бағалау өлшемшарттарыауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының жақсаруымен, ең алдымен, олардың басшыларға деген сенімінің артуымен өлшенетін болды. Бүгінде өңір тұрғындарымен жақсы қарым-қатынас орнатып, олардың қажеттіліктерін түсінулері керек, адамдарға қамқорлық жасау маңызды. Ел Президенті айтқанындай, бюджетті басқарудан нәтижені басқаруға көшуіміз керек,–деп атап өтті кеңесте облыс әкімі Марат Мұратұлы.

Жиын барысында аймақ басшысыАқкөл ауданы үшін маңызды – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы және автомобиль жолдары мәселелеріне ерекше тоқталды. Биыл бұл аудандағы автожолдарды қайта жаңғырту мен жөндеу жұмыстары бойынша 9 жоба қолға алынып, оған қазынадан 1,6 миллиард теңге қарастырылған. Новорыбинка ауылынан Рамадан ауылына дейінгі аудандық маңызы бар 12 шақырым жол,Урюпинка, Амангелді және Талқара, Еңбек ауылдарындағы кентішілік жолдар жөндеуді қажет етсе, Ерофеевка ауылындағы орталық көшелер жарықтандыруға зәру, Амангелді ауылына Талқара өзені арқылы көпір салу керек. Облыстық маңызы бар автомобиль жолының Азат ауылынан Сазды-Бұлақ ауылына дейінгі аралықтағыбөлігіне жөндеу жүргізу қажет.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған аудандық аурухананың жұмысымен танысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбековтің айтуынша, ауданға жаңа әрі қазіргі заманға сай аурухана қажет. Әзірге облыстық денсаулық сақтау басқармасынан аурухана жөндеуге, оның ішінде бас корпусын, емхана мен жұқпалы аурулар бөлімшесін, мәйітхананы күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 31,5 миллион теңге бөлініпті. Басқарма басшысы облыс әкіміне қабырғалары көнеріп, көгерген ескі медициналық мекеменің қазіргі жай-күйін көрсетті. Ауыр науқастарды көтеретін лифт болмағандықтан, ауруларды баспалдақпен зембіл арқылы тасымалдайды екен. Бас дәрігердің міндетін атқарушы Ада Лещинская өткен жылы мұнда жаңа цифрлық маммограф алынғанын, бүгінде ауданда сүт безі ауруларының патологиясын анықтауда оның игі ықпалын атап өтті. Сонымен бірге, ол ауданға келетін толық жабдықталған жылжымалы медициналық кешеннің арқасында ауыл тұрғындарының барлығы жоспарлыскринингтен өтіп тұратындығын алға тартты. Бұл орайда, облыс әкімі Марат Ахметжанов қазіргі бағаны ескере отырып, жаңа аудандық аурухананың құрылысын қолға алу мәселесін мұқият зерделеуді тапсырды.

–Жаңа ғимарат тұрғызу үшін үш-төрт жыл қажет. Ең алдымен, қолда бар аурухананың күрделі жөндеуімен айналысып, адамдардың ем алуына қолайлы жағдай туғызу қажет, – деп атап өтті өңір басшысы.

Биыл Ақкөл қаласындағы Талғат Бигелдинов көшесін жаңартуға республикалық бюджеттен 710 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. 30 жыл бойы жөндеу жұмыстарын көрмеген бұл жолдың диірмендерге жүк көліктері қатынайтын бөлігі әбден бұзылған. «Мұнда 55 мың шаршы метрге жөндеу, тротуарлар салу, үйлерге кіреберіс жолдардыкелтіру, автотұрақтар орнату, аялдамалар жасау қажет. Әзірге 1,2 шақырым жерде ғана жұмыс атқарылып, оған бөлінген 117 миллион теңге игерілді», – деп баяндады жобаға жауаптылар.

–Қалған ақшаны әзірге басқа жобаларға аударып жатырмыз, себебі, мұнда ұйымдастыру жұмыстары нашар жүргізілуде, –деп түсіндірді мән-жайды облыстық көлік және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков. Ал, мердігер ұйым – «ДорСтройМатериал-ХХІ» серіктестігі өкілдерінің түсіндіруінше, дайындық жұмыстары ойдағыдай басталған, алайда, субмердігерлер қиындықтар туындатып жіберген.

–Неге құрылыс басынан бастап дұрыс жүргізілмеді? Халық неге оның зардабын шегуі керек?Мердігерлер бұл толығымен сіздердің кінәларыңыз. Бюджет қаржысын бизнеске айналдырмаңыздар. Егер қажетті техникаларыңыз бен білікті мамандарыңыз болмаса, мұндай жұмыстарды неге қолға аласыздар? Жауапты тұлғалар тиісінше бақылау жүргізіңіздер, – деді бұл тұрғыда облыс әкімі.

А.Иманов көшесінің бойындағы 45 пәтерлі тұрғын үйсақалды құрылысқа айналыпты. Ол өткен жылы пайдалануға берілді, сөйтіп, кезек күткен көпбалалы аналар, әлеуметтік осал топтағы отбасылар, мүгедектігі бар жандар жаңа қонысқакірулері керек екен. Бірақ, әлі аяқталмаған. Тұрғын үйдің шатыры орнатылып, ішкі электр құрылғылары 100 пайыз орындалғанымен, ішкі жұмыстары бітпеген. Құрылыс алаңында 30 адам жұмыс істеп жүр, олардың басым бөлігі Астана қаласынан келіп еңбек етіп жүргендер. Серіктестік директорының айтуынша, жергілікті жердің тұрғындарын жұмысқа тарту қиын көрінеді.

–Мен бизнесті қолдаймын, бірақ, кәсіпкерлер бюджет қаржысына қарап отыра бермеуі тиіс. Дәрігерлер, мұғалімдер, басқа да мамандық иелері, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың мүшелері осы үйді алу үшін үш жыл күтіп жүр ғой. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін пәтерлерін күтушілер осында көшетін болсын. Жаңа жылды олар өз пәтерлерінде қарсы алулары керек. Арнайы өзім келіп, кілттерін табыс ететін болайын, –деп  тапсырды Марат Мұратұлы.

Бұл күні облыс әкімі Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдад Мусинмен бірге «Smart Aqkol-2018» ситуациялық орталығының жұмысын да барып көрді.

Вероника БУРДА,
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар