Жәрмеңкеден жұрт жадырап тарқады

Өткен сенбі күні Көкшетау қаласының Тәуелсіздік алаңында Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Онда халыққа 98 миллион теңгенің 90 тоннаға жуық өнімі ұсынылды. 

Облыс орталығына өз өнімдерін Ақкөл, Атбасар, Бурабай, Бұланды, Біржан сал, Зеренді, Сандықтау, Шортанды аудандарының және Степногорск қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтары әкелді. Жәрмеңкеге көкшетаулық кәсіпкерлер де қатысты. Сондай-ақ, «Kokshe» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының  екі павильонында облыстың тұрақтандыру қорынан күнбағыс майы, қарақұмық, күріш, макарон өнімдері, қант, ұн, картоп және сәбіз өнімдері ұсынылды.

−Азық-түлік пен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жөніндегі іс-шаралар аясында бүгін облыстық жәрмеңке ұйымдастырылды. Оған сегіз аудан мен екі қала қатысуда. Өнімдердің бағасы нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен. Жәрмеңкеде 40-тан астам азық-түлік түрлері сатылуда,−деді Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов.

Мұндай жәрмеңке көкшетаулықтарды 7 қазанда да қуантады. Ал, 29 қазанда Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерімен елордаға аттанады.

−Жәрмеңке өте жақсы өтіп жатыр. Барлығы арзанқол өнімдер. Жалпы, мен облыс орталығында бірде-бір жәрмеңкені бос жібермеймін. Мұндай әлеуметтік жәрмеңкелер халыққа өте қажет деп санаймын, өйткені, дүкендердегі бағалар қазір қалтаға түседі, − деп атап өтті қала тұрғыны Светлана Ермакова.

Жалпы, облыс фермерлері  жәрмеңкеге 30,2 тонна ет және шұжық өнімдері, 0,8 тонна балық, 250 мың дана жұмыртқа, шамамен 10,1 тонна сүт және сүт өнімдері, 6,5 тонна ұн, 19,5 тонна картоп, 6 тонна көкөніс, сондай-ақ, шөп пен жем, отын және басқа да өнімдер мен мал азығын әкелді.

Ұйымдастырушылар жәрмеңкені ыңғайлы өткізу мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасағанын айта кеткен жөн. Барлық өнімдер таза күйінде тәртіппен ұсынылып, қауіпсіздік пен санитарлық-гигиеналық нормаларға қойылатын талаптарға сай келді

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар