Әл-Фараби атындағы ІТ лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Бақыт Сейтенова: «Өз мамандығын сүйетін ұстаз үнемі ізденіс үстінде болады»

«Ұстаз болу – мен үшін үлкен мәртебе» дейді Бақыт Сейтенова. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы саладағы Ақмола облысының беделді де білікті мамандарының бірі. Бақыт Есімқызы Көкшетау қаласының Әл-Фараби атындағы IT лицейінің 1 «Ә» сыныбының жетекшісі, ұстаздыққа өмірінің 30 жылдан астам уақытын арнаған ұлағатты ұстаз.

 – Әңгімемізді өзіңіз жайлы ақпараттан бастасақ. Қай жердің тумасысыз, біліміңіз қандай?

–  Мен Ақмола облысы, Щучье ауданы, Қымызынай ауылында дүниеге келдім. Білімім жоғары, 1991-1993 жылдар аралығында Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, үздік дипломмен тәмамдадым.  Ең алғашқы ұстаздық жолымды Бурабай ауданында Сәкен Сейфуллин атындағы №7 орта мектебінде бастадым. Кейін 1996 жылы Көкшетау қаласына келіп,  №12 орта мектепте 23 жыл бойы ұстаздық жолымды жалғастырдым. 2005 жылы жұмыс арасында Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінде «педагог және психолог» мамандығына оқып, 2018 жылы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Бастауыш сыныпта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша бакалавриат дәрежесін алдым. 2019 жылы Көкшетау қаласындағы Әл-Фараби атындағы IT лицейіне бастауыш сынып мұғалімі болып орналастым.

– Отбасыңыз туралы айтып кетсеңіз.

– Тұрмыстамын, жолдасымның есімі Салават, Қазақстан темір жолында жол жөндеуші қызметін атқарады. Алла берген екі қызымыз, бір ұлымыз бар. Үлкен қызым Махаббат Алматы қаласында Қаныш Сәтпаев атындағы ұлттық техникалық зерттеу университетін аяқтап, техника ғылымдарының магистрі дәрежесін алды. «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ» компаниясында инженер қызметін атқарады. Ортаңғы қызым Аружан менің жолымды қуып, Абай Мырзахметов атындағы университетінде шет тілдері мамандығы бойынша оқуды үздік дипломмен аяқтап, ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмыс жасайды. Тұрмыс құрып, Альтаир деген жиенім дүниеге келді. Кіші ұлым Данияр Назарбаев Зияткерлік мектебінде 10 сыныпта оқиды.

– Ұстаз болу – балалық арманыңыз ба?

–  Әрине, менің бала арманым. Қазірұстаз болу – мен үшінүлкенмәртебе, жауапкершілікжәнеөмірлікбасымдық.Балаларды қатты жақсы көретіндіктен, осы мамандықты таңдадым. Кез-келген жетістік – мектеп, мұғалім, оқушылар мен ата-аналарының біріккен жұмысының нәтижесі. Сондықтан, өзімнің емес, ұжымым мен шәкірттерімнің жеңісін ерекше бағалаймын.Мен үшін ең бірінші талап – адал жұмыс жасау. Әр ұстаздың бойында өз жұмысына адалдық, балаларға деген сүйіспеншілік, мейірімділік болса, ол үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймын. Қазіргі таңда білімге,  тәрбиеге көп көңіл бөлінуде, себебі, болашақ – білімді ұрпақ қолында.

– Көкше өңірінде тіл мәселесі тұнып тұрған проблема, ата-аналар балаларын қазақ мектебіне бергенде тілді білсін деген үмітпен алып келеді. Оқушылардың мемлекеттік тілдітолық және еркін меңгеруінде мектептің маңызы қандай?

– «Тәрбие тал бесіктен басталады», – деп жай айтылмаған. Әке мейірімінен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, «Әке ұлағаты» мен «Ана тағылымын» көріп, өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан-жақты, білімді де білікті, ұлтжанды тұлға болып қалыптасады. Сондықтан, ата-ана, мұғалім, оқушы болып нығыз жұмыс жасау өте керек қарекет. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық. Баланың ең әуелгі өсетін ортасы, отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек. Баланың көп уақыты отбасымен бірге өтеді. Сондықтан да, ата-ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап және қадағалап отыруы керек. Халқымыздың ұлы ақыны Абай атамыз баланың өмірді танып-білуіне, оның бойында қалыптасар барлық қасиеттеріне бір жауапты адам ата-ана дей келе, «Балаға, көбінесе, үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Осылардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе сонысынан жұғады» деуінде үлкен тәрбиелік мән жатыр. Егер оқушы пәнді ұнатпай, оқығысы келмесе, оны ынталандырып, сол сабақты ұнатып кетуіне әсер етуге мүмкіндік бар. Бұл жерде мұғалімнің шеберлігі керек. Бастауыш сыныпқа келген оқушының мінезін, оқуға деген көзқарасын оқушының мұғаліммен ашық сөйлесіп, әңгіме барысында білімге деген көзіндегі оттың байқалуының өзі көрсетеді. Әрине, бұған әрқашанда мотивация, талпыныс беріп отыру қажет, сонда балада сабаққа деген қызығушылық пайда болады.

– Бүгінгі күнде ата-аналар оқу бағдарламасы қиын деп айтып жатады, бұған көзқарасыңыз қандай, осы жағы жұмысыңызда қиыншылықтар тудырмайма?

–  Қазіргі таңда қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі  қарым-қатынас және ағылшын тілі әлемді тануда жаңа идеяларды жан-жақты қолдану тілі. Жаңаша оқытуды тиімді әрі жүйелі түрде қолдану – заман талабы. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас қалыптасып жатыр.  Соған байланысты ұстаздардың алдында үнемі ізденісте болып, оқытудың әдіс-тәсілдерін жаңартып отыру, жаңа технологияларды меңгеріп, оны тиімді қолдана алу міндеті тұр. Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты  білім мазмұнын жаңарту, критериалды бағалау жүйесін енгізу, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолданудың тиімділігін арттыруды көздейді. Қазақ халқының кемеңгер, ойшыл ақыны Абай атамыз айтқандай, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, өз пәнін, өз мамандығын, шәкірттерін сүйетін мұғалім үнемі ізденіс үстінде болады деген ойдамын.

–  Сұхбатыңызға рахмет! Ұлт тәрбиелеу жолында толағай табыс пен жемісті еңбек тілейміз!

P.S. Айта кетейік, бүгінгі кейіпкеріміз еңбек етіп жатқан IT лицей  Көкшетау қаласындағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі, білім ордасында 2023-2024 оқу жылында 937 оқушы білім алады, жалпы сынып саны – 37. Мектептің салынғанына бес жыл болды, осы уақыт аралығында білім ордасы қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен шығармашылық байқауларда жақсы нәтиже көрсетті. Лицей ұжымы оқушылардың сапалы білім алып, халықаралық олимпиадаларда Ақмола облысының намысын қорғауы үшін жұмыс істейді. Өткен оқу жылы лицей үшін жемісті болды, ұстаздар қауымы оқушылармен бірге лицейдің дамуына зор үлес қосуда.

Ақмола облысының білім басқармасы хабарлағанындай, лицейдегі білім сапасының деңгейі 76 пайызды құрайды, бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. 39 түлек мемлекеттік грант иегері атанды, біреуі университетте шетелде оқуға грант алды. Лицейге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде, барлық сыныптар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, бұл балалардың жақсы білім алуына мүмкіндік береді. Жаңа оқу жылында лицейде жалпы құны 16 миллион теңге тұратын жеке заттарға арналған коды бар жеке шкафтар орнатылды. Сондай-ақ, бүкіл мектеп 100 пайыз жергілікті желімен жабдықталған, бұл ақпаратты жылдам алмасуға және мұғалімдер мен балалардың білім деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Міне, осындай алдыңғы қатарлы мектепте еңбек етіп келе жатқан Бақыт Есімқызы сияқты ұлағатты ұстаздың қолынан дәріс алған шәкірттер де ертең биік асуларды бағындырады деген сенімдеміз.

Сұхбатты жүргізген Алма БАЙҒОЖИНА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар