Елу екі жыл бір мектепте білім нәрін себездеген

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Себебі, жүрегі ақ қағаздан да аппақ періште баланың ғұмыр жолына ізгілік нұрын дарытатын, оңы мен солын, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айыруға үйрете жүріп,  ілім мен білімнің сөнбес шырағын жағатын  – мұғалім.  

Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған ұлағатты ұстаз, ағарту саласының ардагері – Еркебұлан Шәйкенұлы Айсин.  Бізді таңқалдырғаны һәм тәнті еткені ағамыздың бір мектепте бір жыл емес, 52 жыл  бойы қажырлы еңбек еткендігі еді. Салмақтап саралар болсақ, кейінгі жастарға үлгі болатындай-ақ өнеге екен. Әйтпеген күнде білікті маман атанған соң, ауылға оралатындар кемде-кем емес пе?! Шынымен де, нағыз педагог орын да, орта да таңдамайды. Бастысы – балалардың бойына білім дарытуды мақсат тұтады. Еркебұлан Шәйкенұлының ғұмыр жолында да мансаптың соңына түсіп, қызмет жоғарылатайын десе де  мүмкіндіктер болмаған емес, болды.  Бірақ, ол жүрек қалауымен таңдаған өзінің сүйікті ісінен қол үзгісі келмеді. Бұл күнде зейнет жасында болса да, жұмыстан қол үзбей келеді. Бір балаға болсын септігім тисін, білгенімді жастарға үйретейін деген мақсат-мұратының өзі неге тұрады! Қалай ғана бас иіп, тәнті болмайсың! Осындай жандардың ғұмыр жолын кейінгі ұрпаққа өнеге етіп көрсетуге асығатының содан…

– Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Өз ісіне адалдықпен қарайтын өте еңбекқор еді.Біздің бойымызға да өзінің өмірлік ұстанымын дарытып, аманаттап кетті. Бала кезімізде білімге баулыған  да әкеміз болатын. Ол кісі соғыстан кейін мектепте мұғалім болып қызмет атқарды.  Мен жастайымнан әкеме еліктеп өстім. Меніңше, адамға қанат бітіретін де, арманына жол ашатын да ата-анасының ақ батасы, солардың тілеуі деп ойлаймын. Ұяда алған тәлім өмірлік өнеге болады екен, – дейді ұлағатты ұстаздың өзі.

Иә, қай қызметті атқарсаңыз да, қай ортадан табылсаңыз да жеткен жетістік, жұмыстың нәтижесі бәрі де алдымен Алланың алқауынан, ата-ананың тәлімінен және жастайыңнан ілім мен білімді жүрегіңе сіңірген ұстаздан екендігі анық.  Ел алғысына бөленіп жүрген осындай ұстаздардың қатары көп болғанына көңіл қуанады. Себебі, ұлт болашағы білімді ұрпаққа байланысты ғой.

Еркебұлан Шәйкенұлы Степногорск қаласына қарасты Ақсу ауылының тумасы. Ол ауылдағы орта мектепті тәмамдасымен, 1965 жылы Целиноград педагогикалық институтына оқуға түседі. Институтты ойдағыдай тәмамдап, еңбек жолын Ақсу орта мектебінде бастаса керек. 1972 жылы Ақкөл ауданының Саздыбұлақ орта мектебіне жолдамамен ауысып, міне, сол күннен бастап,  күні бүгінге дейін үздіксіз жарты ғасырдан астам уақыт бір жерде ұстаздық етуде. Осы жылдар арасында ауыл мектебінде 11 жыл бойы оқу ісінің меңгерушісі қызметін де бірге алып жүрген.

– Біз, мектеп ұжымы болып Еркебұлан Шәйкенұлын мақтан тұтамыз. Ол кісі барсаналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ардақты ұстаз ғана емес, ауылдағы жастарға үлгі-өнеге болған шежірелі қарттарымыздың бірі.  Өте еңбекқор, ізденімпаз ағадан үйренеріміз көп. Тынымсыз еңбегінің арқасында көптеген шәкірттері білім сайыстарында оза шауып, бұл күнде еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етуде. Сонымен қатар, ұлағатты ұстаздың мектебімізге әр жылдары келген жас мамандарды педагогикалық еңбектің қыр-сырына баулып, тәлімгер ретінде атқарған еңбегі де өлшеусіз. Қазіргі уақытта әріптесіміздің ұстаздық жолын немерелері де жалғастыруда. Олар педагогикалық колледжді бітіріп, Астана қаласында қызмет атқарады. Ұстаздық жолда 52 жыл қызмет ету бір басқа, ал бір мектепте үздіксіз табан аудармай 52 жыл еңбек ету ерлікпен пара-пар десе де артық емес қой, – деп жазыпты әріптесі, осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әскергүл Бодан бізге жолдаған хатында.

Иә, жас толқынға үлгі-өнеге болу құрметті әрі жауапты міндет. Мұндайда, «сыйлы болу үшін алдымен өзің жұртты сыйлай біл» деген қағидат ойға оралады. Шынымен де, Еркебұлан Шәйкенұлы табиғатынан қарапайым, жан дүниесі бай, сабырлы, артық сөзге бара бермейтін байсалды, оқыған-тоқығаны мол азамат екендігін бір сөйлескеннен-ақ аңғаруға болады.  Оның талай-талай асудан асып, биік белесті бағындыруға білігі де, білімі де жетіп артылады. Бірақ, «мен үшін мұғалімдіктен асқан мәртебелі мамандық жоқ» дейді ағаның өзі. Бір жылдары Еркебұлан Шәйкенұлыхалықтың аманатын арқалап, Байқоныс ауылы мен Саздыбұлақ ауылдарында  әкім болып жұмыс істегені де бар. Бір атап өтерлігі, ауыл әкімі бола жүріп, сенбі күндері мектепте балаларға информатика пәнінен сабақ беріп жүрсе керек. Яғни, ол педагогикалық қызметтен қол үзгісі келмеді. Қандай қызмет ұсынса да, жүрегі мектеп деп соғып тұрады әркез. Бәлкім содан болар, ол өзі тамыр жайған, балалары өсіп-өнген құтты ұядан алыстағысы келмеді. Саздыбұлақ ауылы ардагер ұстазға құт мекені болғаны анық.

Жанжары Раиса Әбілманқызымен институт қабырғасында білім алып жүрген кезінде танысқан екен. Ол кісі физика мен математика пәнінің мұғалімі болыпты. Талай жылдар бойы ауылдағы мектепте еселі еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан. Өткен жылы өмірден озса керек.

– Жанжарыммен бір шаңырақта елу үш жыл бірге тату-тәтті өмір сүрдік. Үш баламыз дүниеге келді. Қазіргі таңда немере сүйіп отырмын. Бірақ, өкінішке орай, екі балам өмірден өтті. Мына фәни жалғанда адамның қалағаны емес, Алланың қалауы болады ғой. Бірақ, мен мыңдаған балаға қанат бітіріп, олардың арман жолына  соны соқпақ салып жүрген жанмын. Осы бір ой мендегі ауыр мұңды жеңілдетіп, жүрегіме үміт отын сыйлайды. Мұғалім үшін бәрінен бұрын өзінен тәлім алған баланың барлығы бақытты, ғұмырлы  болғаны маңызды, – дейді ағаның өзі бізбен болған әңгіме барысында.

Мұғалім ағайдың көңіл кеңдігі, адамгершілік абзал қасиеті әр сөзінен аңғарылып-ақ тұр. «Титімдей болса да ұрпаққа үлесім тисе, мен үшін одан асқан марапат жоқ дейді» ағаның өзі тағы да. Еркебұлан Шәйкенұлы сонау кеңес кезінде социалистік жарыс жеңімпазы ретінде В.Лениннің 100 жылдығы мерекелік медалімен марапатталған екен. Тәуелсіздік жылдары да ұлағатты еңбек жолы бірнеше Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен аталып өтіпті. Қалай дегенмен де, елу жылдан астам ғұмырын бір мектепке, оның ішінде ұстаздық жолға арнаған ұлағатты ұстазға ауыз толтырып айтар бір марапаттың оңтайы келмегені көңілге кірбің келтіретіні бар. Ендігі орайда, өңір тұсында Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісіне қосқан үлесі үшін берілетін  бір медальдің жарқырап тұрар кезі келгені анық. Жалғанда еселі еңбектің еленгені жақсы ғой. Ылайым соған жазсын!

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Саздыбұлақ ауылы,
Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар