Жастарға арналған тағы бір гранттық жоба

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаевтың қатысуымен «Zhas project» гранттық жобасын іске асыру туралы брифинг болды. Сондай-ақ, баспасөз конференциясында «Zhas project» жобасының Ақмола және Павлодар облыстарындағы менеджерлері журналистерге ақпараттар берді.

Аталған, жастар корпусын дамыту жобасы 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша мемлекеттік грант аясында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ, Павлодар қалалық «Жасыл ел» студенттік құрылыс және жастар жасақтарының штабымен бірлесе жұмыс атқарады. «ZHAS PROJECT» жобасы әлеуметтік осал жастардың бастамаларын қолдауға және оларды әлеуметтік-экономикалық өмірге тартуға, жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, жастардың кәсіпкерлік идеялары мен бастамаларын ілгерілетуге бағытталған.

Ақмола және Павлодар облыстары бойынша «ZHAS PROJECT» жастарға арналған шағын гранттар конкурсына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталған. Өтініштер уақытша жұмыссыз жастардан қабылданады. Атап айтқанда, тіркелген жұмыссыз мәртебесі бар, үй шаруасымен айналысатын, мүмкіндігі шектеулі, жұмыс істемейтін немесе күндізгі бөлімде оқымайтын 18-35 жас аралығындағылардан байқау аясында әрбір мемлекеттік гранттық жоба бойынша 28 жеңімпаз анықталады, олар 1 миллион теңгеге дейін шағын грант алады. Аталған екі облыстың әрқайсысынан 14 гранттан бөлінетін болады. Биыл бұл жоба еліміздің 20 өңірінде қолға алынуда. 9 қазанда республика бойынша шағын гранттарға құжаттар қабылдау басталады. Өтініштер осы жылдың 22 қазанына дейін қабылданады. Павлодар және Ақмола облыстарында өтінімдерді «Жасыл Ел» студенттік құрылыс және жастар жасақтарының Павлодар штабы» қоғамдық қоры қабылдайды. Қатысушылар, (zhasproject-akmola-pavlodar.kz) веб-порталы арқылы жеке өтініштерін толтырып, сауалнамаға жауап беріп, құжаттарды ұсынуы қажет. Талап етілетіні екі жағынан жеке куәліктің сканерленген нұсқасы, тұрақты тіркеуді растау (сайттағы жеке кабинеттен), Т.А.Ә., ЖСН көрсетілген www.egov.kz порталынан осал мәртебесін растайтын құжаттар.

Байқау жарияланғаннан кейін қатысушылар мен тәлімгерді қолдау тобы жұмыс жасайды. 9 және 22 қазан аралығында ақпараттарды тарату мақсатында әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізіліп, өңірлерде кездесулер өтеді, жастар ресурстық орталықтары жастармен шеберлік сабақтарын, тренингтер ұйымдастырады. Содан кейін техникалық іріктеу жүргізіліп, конкурстық комиссияның қорытындысы шығарылып, Ақмола және Павлодар облыстарында 14 жоба іріктеледі. Келесі кезекте конкурс жеңімпаздарымен тікелей жұмыс атқарылады. Жастар гранттарын қаржыландыруға жабдықты, шығын материалдарын сатып алуға, мамандандырылған қызметтерге ақы төлеуге, үй-жайларды жалға алуға және тағы басқа шығындар кіретіні ескеріледі. Жобаға қатысқаннан кейін барлық сатып алынған жабдықтар мен тауарлар қатысушыларда қалады. Барлық грант иегерлері жобаның соңында есеп беріп, нәтижелерін бейнематериалға түсіруі керек. Жоба 2024 жылдың соңына дейін жалғасады, яғни, келесі жылы тағы бір осыған ұқсас конкурс жарияланады, бірақ, бұл туралы толығырақ келесі жылы және бүкіл жоба аяқталғаннан кейін авторлардың қатысуымен қорытынды форум өтеді. Жастарға арналған гранттар тұрақты бизнесті бастау үшін жақсы негіз және алғашқы қадамдарына нақты қолдау болады.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар