Нанның кепиетінен сақтасын

Нан – үйдегі молшылық пен жақсылықтың, береке мен байлықтың нышаны. Қазақ нанды қатты қадірлеп, «ас атасы – нан» деген. Тіпті, әуелден, бабаларымыз: «Құранды аяғының астына қойып, нанға қол созған» деп тәмсілдеп, оның киесі мен қадірін айтып отыратын. Жақында бір нанның кепиеті туралы әңгіме естідім.

Гүлжауар деген жеңгем он жылға жуық нан пісіріп жүрген наубайшы. Ауыл тұрғындарының көбі оның қолымен пісірілген, көпшілік тұтынатын тағамды ақ дастархандарына қойып, бойларына күш-қуат жинайды. Жеңгемізді әңгімеге тартқанда:

– Нанды пісірудің әртүрлі қыр-сыры көп. Ашытқысын ашытқан соң,  өзімнің рецептім бойынша қамырын илеймін. Иінін қандырып илеп алған соң, жылы жерге 2-3 сағатқа қойып,  қамыры дайын болғанша күтемін. Күніне 50-60 бөлке нан пісіремін. Әзірге нан пісіретін пешім кішірек, әйтпесе одан да көп пісіруге болады, –дей келе, наубайшы жеңгеміз бізге нанның қасиеті мен қадірі туралы өз білген әңгімесін айтып берді.

Айтуынша, ол тұрып жатқан елдімекенде бұрын бір бай әулет өмір сүріпті. Жыл сайын әулеттің тірегі –отағасы көктемде егін егіп, алтын күзде қамба толы астығын жинайды екен. Әлгі әулеттің отағасы мен отанасы сондай пысық адамдар болыпты. Отағасының маңдай терімен тапқанын іске асырушы – ошақ иесі түрлі тәтті тағамдар мен ұн өнімдерін пісіріп, бала-шағасы былай тұрсын, көрші-қолаң, туған-туысын қуантып, таратып, мәре-сәре қылады екен. Ол үйде үш ұл өсіпті.  Аналары пісірген күлшесі мен тәтті тағамдарын тоя жеп алған соң, қалғанымен ойнап, шашып, ауылдағы қарны ашып жүрген отбасылардың балаларын мазақ етіп, ызаландырыпты. Әке-шешелеріне еркелеп, айтқандарын орындатып, қара жұмыстан қашады екен. Осылай жылдар жылжи береді…

Күндердің күнінде ата-анасы өмірден өтіп, бар байлық пен ырыс-береке бұл әулеттен қаша бастайды. Әкенің күшімен келетін нәпақа жоқ, әлгі үш жалқау анасының күлшесіне зар болады. Қолдарына күрек ұстауға арланған олар бастапқыда ата-ананың жиған-тергенін пайдаланып, бар дәулетті, бағалы заттарды, жиһаздарды сатып, нан,  тамақ алыпжүреді. Бар байлық, жиған-терген таусылады. Сөйтіп, кезінде нанмен ойнап, рәсуалаған, оны аяқ асты еткен үш жігіт кейін ауыл адамдарының үйіне барып, бір тілім нан үшін жалданып, отынын аралап, ауласын тазалап, күн көреді.

Міне, нанмен ойнама, қоқымын шашпа, ысырап етпе, кепиеті атады деген адамдарға күлген бейбақтар осылайша, оның қадір-қасиетін өте кеш түсінеді. Нанның күш-қуатына сенбегендер өмір бойы таршылықта күнелтіп өтіпті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар