Ардагерлер назардан қалыс қалмайды

Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауының басты ерекшелігі – әлеуметтік-экономикалық реформаға айқын бағыт ұстауында. Жолдауда атап көрсетілгеніндей, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп, технологиялық бәсеке қызып, барлық жерде ресурстар үшінталас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық даму қазіргі кезеңдегі ең өзекті мәселеге айналған. Біз екі дәуірдің куәгерлері болғандықтан, елімізде жүзеге асырылып жатқан кез- келген реформаға сын көзбен әрі салыстырмалы тұрғыдан қараймыз. Мәселен, ауыл шаруашылығы өндірісінде қалыптасып отырған қазіргі ахуал аға ұрпақ өкілдерін қатты толғандыруда. Өйткені, кіндік қанымыз ауылда тамғандықтан егін мен мал өсірудің машақаты басқалардан гөрі бізге көбірек аян. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екенін біле тұрсақта, тозығы 80 пайызға жеткен ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға бүгінгі шаруа қожалықтарының қауқары жетпейді. Ғалымдар табысқа тезірек кеңелу үшін дәнді дақылдардың өнгіштігі жоғары түрлерін көбірек егу қажеттігін алға тартады. Әрине, инновациялық амал-тәсілдерді жедел түрде қолданбасақ, алға қадам басудың мүмкін еместігі де баршаға аян. Алайда, тұқым мен тыңайтқышты сатып алу үшін қыруар қаражат керектігін неге ескермейміз.

Президент Жолдауында айтылған бұл өзекті мәселелер көнекөз қариялар, біздің де назарымыздан қағыс қалмайды. Сол себепті қала әкімдігімен бірлесіп, маңызды бұл құжатты кеңінен талқылау үшін бірлескен жоспар жасап, үгіт-түсінік жұмыстарына кірісіп те кеттік. Жиырма сегіз мың зейнеткердің басын құрайтын бастауыш ардагерлер ұйымдары бойынша анкета-сауалнама тараттық. Келіп түскен ұсыныстар бойынша Жолдауды талқылауға арналған Пленум өткізбекшіміз. Ондағы мақсат – бос уәдешіліктен арылып, нақтылы істің нәтижесіне көз жеткізу.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы қоғамның әр саласын кеңінен қамтығандықтан, ардагерлер қауымын да терең ойға шомылдырды. Мамандығым мұғалім болғандықтан, мені өскелең ұрпаққа кәсіби білім беру мәселесі қатты алаңдатады. Олай дейтінім, бүгінгі жастардың механизатор, жүргізуші, құрылысшы, слесарь, токарь мамандықтарын меңгеруге ықыластары жоқ. Әсіресе, қазақ жастарында енжарлық басым. Кезінде өзім мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болған кезімде оқушылардың өндірістік-еңбек бригадаларын құрдық. Жоғары сыныптың шәкірттері дала қостарында тұрып, әкелерімен бірге комбайн штурвалын  ұстап, егін орды. Темір тұлпарды тізгіндеп,жер жыртты. Бір сөзбен айтқанда, өзінің  оқуына қажетті  қаражатты тапты.

Былтыр қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісінде Көкшетаудағы құрылыс колледжінің директоры Ерлан Бегайдаровтың жұмысшы мамандарын даярлау жөніндегі есебін тыңдаған кезімізде бірқатар кемшіліктердің беті ашылды. Содан бері аталған оқу орнының жұмысында әжептәуір ілгері қадам басушылық байқалғанымен, бұл мәселе келешекте де қалалық кеңесінің қатаң бақылауында болмақ.

Бүгінгі өскелең ұрпақ – ертеңгі күнгі Отанымыздың сенімді қорғаны. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында өңірде атқарылып жатқан ауқымды шаралар мен алда тұрған өміршең міндеттер 20 қыркүйекте өткен алқа мәжілісінде қызу талқыланды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлерінің Ақмола облыстық филиалының төрағасы, полковник Жанат Мәлгаждаровтың айтуына қарағанда, әскерге шақырылған жас сарбаздар үшін «Ашық есік» күні, «Армия өмірі балалардың көзімен», «Қазақстан армиясының бір күні» шараларын өткізу жоспарланыпты. Сондай-ақ, жаңа ұлттық идеологияны қалыптастыру, бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мектептің рөлін күшейту, мемлекеттік тілдің тағдыры мен телеарналарда көрсетілетін жарнамалардың жастарға теріс тәрбие беретіндігі, нашақорлықтың тым етек алып бара жатқандығы да қатты алаңдатады.Күн тәртібінде өткір тұрған өзекті мәселе – жұмысшы кадрларын даярлау және өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуді де Пленумда талқылауды ұйғардық.

Қазіргі таңда жұртшылықты қатты толғандырып отырған өткір проблема – зейнеткерлерге медициналық көмек көрсетудің жайы, яғни, диспансерлік есепте тұрған қарияларды бағасы арзандау дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, дәрігер қабылдауындағы кезекте тұру уақытын қысқарту, тағысын тағылар… Бұл мәселенің өзектілігін ескере отырып, алқа мәжілісіне облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Тоқтар Қоңырбаевты арнайы шақырып, тыңдау өткіздік. Ашық пікір алмасу жағдайындағы бұл жиында Көкшетауда тегін кепілдік медициналық көмекті 28 мың қарт адам алатындығы мәлім болды. Ал, алпыс жастан асқан пациенттерді емдеуде стационарды алмастыратын технологиялар қолданылып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету дәрігерлік формулярға сәйкес тегін жүзеге асырылуда. Учаскелік қызметтің негізгі міндеті артериялық гипертонияны, қант диабетін, жүректің ишемиялық ауруын, глаукоманы, онкологиялық ауруларды, диспансерлік бақылауларды және қарт адамдарды сауықтыру үшін медициналық тексерулер, скринингтік зерттеулер жүргізу болып табылады.

Қаланың медициналық мекемелерінде өтетін «Ашық есік» күндері білікті мамандар қабылдау жасап, адамдардың толық тексерістен өткізуіне көмектесуде. Тағы бір елеулі жаңалық, «Viamedis» ЖШС-де қант диабетімен ауыратын науқастар үшін кардиологтар, эндокринологтар және окулистер бақылау жасайтын жеке учаске ашылды. Инсульт, инфаркт және жарақаттан кейін науқастарды оңалту «Сарыарқа» шағын ауданындағы мамандандырылған орталықта өтеді. Әрбір емдеу-профилактикалық мекемеде пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметтері бар, ал, қалалық емханада және «Viamedis» ЖШС-де қарттарға арналған клубтар жұмыс істеуде.

Алайда, осындай талпыныстарға қарамастан, денсаулық сақтау саласында қордаланған проблемалар әлі де жеткілікті. Тіпті, басқасын айтпағанның өзінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек алу үшін терапевтің қабылдауын жеті күн күту керек екен. Одан да сорақысы, невропатолог, кардиолог, эндокринолог, хирург 10-14 күннен бұрын қабылдамайды. ЭХО КГ, УЗИ, ОБИ процедураларынан өту үшін 5-тен 14 күнге дейін кезекте тұруға мәжбүр боласың. Ал, қарт адамдарды әуре-сарсаңға салмай кезекті реттеу  мәселесін жоғары жақтан ешқандай нұсқау күтпей, емхананың бас дәрігерінің өзі-ақ шеше бермей ме?

Ал, диспансерлік есепте тұрған адамдар күнделікті қолданыстағы дәрі-дәрмектер емханада болмағандықтан, дәріханалардан қымбат бағамен сатып  алуда. Өкінішке орай, жұмсалған артық шығынға ешкім де өтемақы жасамайды екен. Мұндай келеңсіздіктің жалғыз Көкшетау қаласында ғана емес, тұтастай республикамызда орын алып отырғандығы шындық. Ал, түйінді бұл мәселені тез арада шешудің төте жолы – Парламент депутаттары арқылы Үкіметке сауал жіберу. Осылайша, зейнеткерлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік-құқықтық  актілерге өзгерістер енгізуге болады.

Қарт адамдарға профилактикалық консультация беру, дәрігерлік бақылаудан өткізу үшін герентолог кабинеттерін ашу қажеттігі де туындап отыр. Сонымен бірге, зейнеткерлер тарапынан тісті протездеуге де сұраныс көп сияқты. Ал, қызметтің бұл түрінің қалайша кепілді медициналық көмек тізіміне енгізілмеуі мүлдем түсініксіз жайт. Меніңше, бұл мәселелерді ушықтырмай облыстық денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде шешуге болатын шығар.

Егде адамдарды әлеуметтік қолдау айлығы жылдағы дәстүр бойынша қала әкімдігі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және мәдениет, тілдерді дамыту, спорт бөлімдерімен бірлесіпөтетін болғандықтан, қарттарға материалдық, моральдық қолдау көрсетуден басқа көркемөнерпаздар байқауын, шахмат, дойбы турнирлерін, «Табиғат сыйы»  көрмесін өткізуді жоспарлап отырмыз.Айлық кезінде жүзеге асырылатын тәлімді іс-шараның бірі – шахмат-дойбы клубының негізін қалаушылар Асылбек Дәулетов, Рүстем Шериязданов, Тельман Мұқышевқа арнап стенд орнату. Сондай-ақ, көпшіліктің сұрауымен қалалық ардагерлер кеңесінің бұрынғы төрағалары майдангер-педагог Петр Агеев пен тамақ өнеркәсібі өндірісінің білікті маманы Алексей Ястребовке, партия, совет органдарының көрнекті өкілі Рүстем Шерияздановқа да жеке тақта орнатпақшымыз.

Уақыт тарихтың ақиқаты ретінде адам өмірінің қилы сәттерін айна-қатесіз жария етіп, әділ бағасын беріп жатады. Табиғи дарыны мен адал еңбегінің арқасында халқының шынайы сүйіспеншілігіне бөленген асыл жандардың рухы ешқашан өшпейді, мәңгі жасай береді. Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі кешегі күні еліміздің, Көкшетау-Ақмола өңірінің дамуына зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, өнегелі шәкірт тәрбиелеген қазыналы қарияларымыздың есімдері, жасампаз істері ұмытылып қалмас үшін «Ғасыр жасаған есіл ерлерім» танымдық-тағылымдық жобасын ұсынған болатын. Билік тарапынан қызу қолдау тапқан бұл идея іске асып, халқымыздың асыл перзенттері Бәйкен Әшімов пен Мақтай Сағдиевтің есімдері Көкшетау қаласының орталық көшелеріне берілді. Осыдан үш жыл бұрын ел ардақтысы Еркін Әуелбековке Көкшенің қақ төрінде еңселі ескерткіш орнатылды. Астық өнімдері саласының білікті басшысы Төлеу Сүлейменовке де бюст қойылды.

Азаматтық арына дақ түсірмей, мемлекеттік қызметтерде өшпес із қалдырған танымал қоғам қайраткері  партия, совет органдарының майдангер ардагері Азнабай Әбілмәжінов он бес жылдай Көкшетау аудандық атқару комитетінің төрағасы, бірінші хатшысы болып істегенде өңірді өркендетуге ұшан-теңіз үлес қосты. Халқының рухани мұралары мен төл тарихын зерделей білген қазыналы қария, әсіресе, қазақ жастарын қанатының астына алып, дарынды шәкірт тәрбиеледі.Еліне пана, халқына қорған болған Азнабай Әбілмәжіновтің 100 жасқа толу құрметіне әріптес шәкірттері, зиялы қауым асар  жасап, 22 шілдеде Краснояр селосындағы «Көкше» мәдениет үйінде салтанатты жиын, «Құлагер» атшабарында тоқ бәйге мен қазақ күресінен жарыс өткіздік. Аталған шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласының әкімдіктері жан-жақты қолдау көрсетті. Тойымызға Уәлиханов ауданы мен Азекеңнің туған ауылы Түшкеден меймандар келді. Шара соңында «Баян сұлу» дәмханасында Азнабай Әбілмәжіновтің рухына бағыштап құран оқытылып, ас берілді. Бір ауданның көлемінде бұрын-соңды болмаған дүбірлі осы тойжайлы жазылған «Ғасыр құрдасы Азекең» кітабының тұсаукесер рәсімін әз ағаның туған күні 5 қазанда Краснояр қалалық кітапханасында өткіздік.

2024-2025 жылдар Көкшетау жұртшылығы үшін атаулы меркелерге толы болмақ. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының қаһармандары, партия, совет органдарының ардагерлері Алпысбай Жақыпов, Жанайдар Рамазанов, Бүркітбай Батырханов, Асылбек Дәулетов, ақиық айтыс ақыны Көкен Шәкеев 100 жасқа толады. Жер шоқтығы Көкшенің, бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған бұл тұлғалардың да мерейтойын сән-салтанатымен өткізетін боламыз.

Тарихты таразылап, оның тағылымдық құндылықтарын ел игілігіне жарату ардагерлер қауымының да басты парызы екендігін мақтанышпен айта отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында жарияланған қағидаларды қызу қолдаймыз. Мемлекет басшысының «Әркім отаншыл, білімпаз, еңбеккер, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ», – деген қанатты сөзі қазақ қоғамының басты ұстанымына айналуға тиісті. Сонда ғана әділетті Қазақстанның берік іргетасын қалайтын боламыз.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар