Әкем менің!..

 «ӘКЕ»  осы үш әріптен құралған ұлы сөздің әрбір адам баласы үшін орны ерекше. Мына жалған дүниеге аяқ басқан әрбір перзент үшін ата – анасының бар болуы үлкен нығмет. Расында, бала үшін ананың орны маңызды болғандай, әкенің де рөлі жоғары тұрады. Әке – бұл отбасы деген кішігірім мемлекеттің басты мүшесі, қамқоршысы, қоғамның негізгі бөлігі.

  «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», дейді атам қазақ. Менің өмірімдегі басты ұстаздарым Әкем мен  Анам. Ал бүгінгі сөз, өзінің бар саналы ғұмырын білім беру, шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған ардақты ұстаз, Қазақ ССР Білім беру ісінің үздігі, әкем Тлеубердин Тоқат Есенұлы жайлы  болмақ. Тоқат Есенұлы білім беру жүйесінде аянбай 45 жыл адал қызмет етіп келеді.

 Әке жолы

  Жарты ғасырға  жуық әкемнің еңбек жолы көз алдымда. Қуанышы мен шыжығы қатар жүретін, ең ұлы мамандық – ұстаздық қызметінің бастауына көз салсам, Тоқат Есенұлы еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Қызылту ауданына қарасты Өндіріс (Калинин) орта мектебінде бастаған. Көкшетаудан 300 шақырым жерде, Ресейдің Омбы қаласына жақын орналасқан, туған жерім, Өндірістегі орта мектеп әкем үшін алғашқы әріптестері, алғашқы оқушылары. Қарағанды педагогикалық институтын тәмамдаған соң, анам Ұмсын Темірбайқызы екеуі Өндіріс ауылының орта мектебінде жастық жігермен білек сыбана, үлкен құлшыныспен, қызығушылықпен қызмет еткендері маған аян. Адал еңбегі еленіп,  халыққа білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін 1991 жылы әкем Тоқат Есенұлы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.

 Әке аманаты

Жас отбасы ретінде ата-анама Өндіріс ауылының орталығынан, мектептің жанынан 4 бөлмелі, жап-жаңа үй берілді. Мен үшін хан сарайындай көрінетін еңсесі биік, бөлмелері кең, жып-жылы үйімізде бақытты балалық шағымыз өткеніне қуанамын. Әкем мен анам  өте кірпияз, тазалықты жақсы көретін, еңбекқор жандар. Мектептегі жұмыс басты қызметіне қарамастан,  әкем қорасында қаншама тұяқты малды бақты, өсірді, сонымен қатар, үйіміздің ауласын да қысы-жазы тазалықта ұстайтын. Біз үшін жаздың аптап ыстығында ойнаған кезімізде көлеңке болсын деп үйдің ауласына үлкен ағаштарды өз қолымен отырғызып, керемет бақша жасағаны көз алдымда. Сол балалық бақшасында үлкен махаббатпен еске алатын қаншама бақытты кездерім өтті. Тәтті естеліктер үшін ата-анамызға алғысымыз шексіз. Әкем үш қыз және ұрпағын жалғастырар ұл сүйіп, тәрбиеледі, бәрімізді жеткізді, жоғары білім берді. Қазіргі таңда әрқайсымыз өз саламыз бойынша қызмет етіп жатырмыз.

Бұл күнде мен де өзеннің арнасымын,
Кім мөлдір болса соның жолдасымын.
Қуан сен, қуана бер, әкетайым,
Мен сенің өміріңнің жалғасымын,–

деп Мұхтар Шаханов жырлағанындай, біз  әкеміздің жолын қуып, ізін басып келеміз.  Біздің отбасымыз –  педагогтар отбасы. Анам –оқытушы, қазіргі таңда  зейнеткерлікте.  Мен, Гүлден Тоқатқызы  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғалым хатшысы, әрі қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессорымын. Сіңілім  Гүлім Тоқатқызы – Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі (АҚШ, Атланта, Джорджия), №3 Шортанды аудандық орта мектебінің педагог-зерттеуші мұғалімі, ағылшын тілінің маманы, сіңілім Тілеулес Тоқатқызы – Астана қаласындағы «Кішкентай ханшайымдар Академиясы» балабақшасының директоры, інім Сәкен Тоқатұлы – Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі (Австралия, Мельбурн), Астана қаласындағы IT UNIVERSITY   оқытушысы. Алла сыйлаған төрт балапанын әкеміз тұмсықтыға шоқтырмай, ешкімнен кем қылмай өсіріп, жеткізіп,  қыздарын ұзатып, ұлын үйлендіріп, немере, жиендер сүйіп отырған қазақтың арда азаматтарының бірі.

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген сөзді атам қазақ тегін айтпаса керек. Бірақ, біз ата-анамыздың қадірін есімізді білген сәттен түсіндік. «Қыз ақылды ескермес – ана үлгісін көрмесе, ұл жарылқап ас бермес – әке үлгісін көрмесе», – деп Қорқыт бабамыз айтқанындай,қазір  бәріміз балалы-шағалы, ұл-қыз өсіріп отырған еліміздің жас отбасыларының біріміз. Әкенің қадірлі болуы – өз борышын орындап, баласына жақсы үлгі – өнеге көрсетуі. Әкеміз бізді кішкентайымыздан жауапкершілікке, еңбексүйгіштікке, адалдыққа, үлкенді құрметтеп, шыншыл болуға бағыттаған.  Әкенің төккен терін, сіңірген еңбегін, самайындағы ақ шаштарының өтеуін ешқашан өтей алмайтынымыз хақ. Қолымыздан келері – берген тәрбиесі мен   ақылының арқасында еліміздің  болашағы үшін  әркім өз саласында адал еңбек етіп, жетістіктерімізбен қуанту.

  Әке арманы

 Әкемнің туып, өскен жері  Қызылту ауданына қарасты Шағырсай ауылы. Әкем отбасында ұлдан үш, қыздан төрт  ағайынды. Әкемнің балалық шағы сағымдай өте шығып,тағдырдың ауыртпашылығын ерте көрген жан. Кішкентай бозбала 9 жасында әкеден ерте айырылып, өмірдің ащы-тұшысын  ерте сезінген. Анасы  Рабиға Бәкібайқызы  жастайынан 7 баласымен  жесір қалса да,  тұрмыс тіршілігі, балаларды асырау қанша қиын, ауыр болса да, ешқайсын басқаның босағасында боздатпай,    күні-түні жұмыс істеп, жалғыз өзі жеткізген  Батыр ана. Әжеміз алла берген ғұмырын жасап, 2021 жылы 90-нан асқан шағында дүниеден өтті. Ағаларым мен апаларым әжеміздің үмітін, еңбегін ақтап,  жоғары білім алып, өз саласының білікті мамандары атанды. Үлкен ағамыз Мұхаммед Есенұлы  зейнеткерлікке де шықты.  Әжеміз 11 немере, 15 жиен, 50 шөбере, 5 немене көрген жан. Әжеміз дүниеден өткенше ақылын айтып, жолын көрсетіп кеткен абзал ана еді. Немере,  шөберелерінің қызығын көріп кеткеніне  ризамыз.

Әкем кішкентайынан  анасына көмектесіп, еңбекке ерте араласқан жан. Әкемді өмір тәрбиеледі, өмір қалыптастырды. Жастайынан оқуды жақсы оқып,  алғыр, зерек өскен  бозбала, әділдікке, адалдыққа жаны құмар болды. Әкемнің армандары көп болатын. Соның ең бастысы, оқуды жақсы оқып, білімді маман атанып, еселі еңбек ету. Өз арманына қолы жетті деп  ойлаймын. Оқуды бітірген соң, Ресей Федерациясының Чита қаласында азаматтық-әскери борышын өтеді. 1982 жылы Қарағанды педагогикалық институтына түсіп, 1987 жылы «Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әке  қызметі

Мен кішкентай кезімде ауылдағы өнерлі балалардың бірі болдым. Домбырамен ән айтуға үйреткен, баулыған ұстазым  Сағит Құсайынов маған көптеген әндерді үйреткен еді. Сол кездері аудандық, облыстық  өнер сайыстарына қатысып, жүлделі орындарды көп алатынмын.  «Әнші балапан», «Айналайын», халық өнерпаздарының конкурсына, түрлі концерттерге  қатысу үшін мені үнемі Көкшетауға, облыс орталығына шақыратын. Әкем екеуміз Өндіріс пен Көкшетаудың арасында 300 шақырым жерге апта сайын,  автобуспен ат терлетіп, Көкшетауға келетінбіз.  Анама үйдің шаруасын ұстау қиынға соқты. Оның үстіне 1994 жылдары анам-сіңілім Тілеулеске аяғы ауыр болатын.  Сөйтіп әкем балаларының болашағы, өнерін дамыту үшін облыс орталығы Көкшетауға көшу қажеттілігі туындағанын сезіп, шешім қабылдады.  1995 жылы егемендігімізді енді ғана алған кезіміз. Қазақстанда, соның ішінде Көкшетауда экономикалық жағдай ауыр болатын. Көкшетауға қоныс аударған кезде әкеміз 34 жаста, 4 баласы бар, көпбалалы отбасы. Есеп-сауда  және Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледждерінде мұғалімдік қызметін жалғастырды.  2008 жылы Көкшетауда физика-математика бағытындағы алғашқы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Әкем сол мектептің мұғаліміне үлкен конкурс арқылы сәтті өтіп, әлі күнге дейін сол ұжымда  қызмет етуде.

Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі еңбек өтілімінде қатардағы мұғалімнен, әдістемелік бірлестіктің төрағасы, кафедра меңгерушісі қызметтерін сәтті  атқарды. Әкем жоғары педагогикалық қызметі үшін жергілікті басқару органдарының, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен және 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Тоқат Есенұлының 2013 -2015 жылдар аралығында дене шынықтыру пәні бойынша Назарбаев зияткерлік мектептері үшін Кембридж оқыту жүйесі бойынша кіріктірілген білім беру бағдарламасының авторы және оны білім беру жүйесіне енгізушілердің бірі.

Өзім әкемнің әріптесі ретінде айтар болсам, Тоқат Есенұлы білікті маман, оның жетекшілігімен, ақыл-кеңесімен мектепте оқушылардың дене тәрбиесін жүйеге келтіру мақсатында көзделген жұмыстар жасалуда. Заманауи педагогикалық технологиялар мен түрлі әдістерді қолдануы арқылы сабақтар мен сабақтан тыс жұмыстарды жоғары кәсіби деңгейде өткізеді. Тоқат Есенұлы сабақ барысында оқушылардың бойында дене күші, моральдық ерік- жігер қасиеттерін қалыптастыру үшін ұзақ уақыт бойы жүйелі жаттығу шараларын жүргізу арқылыжоғары жетістіктерге жетті.  Оқушылары жоғары спорттық дайындықтары арқылы қалалық, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегерлері атанды. Айқын дәлелі ретінде әкемнің дайындығымен Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері Қарағанды қаласында футзалдан өткізілген бірінші желілік спартакиада да 1-ші орынға ие болды. Сонымен қатар, Шымкент қаласында өткен бірінші желілік спартакиадада үстел теннисінен 3-ші орыннан көрінді.

Әкем өзі де талай спорттық додаларға қатысып, жүлдегер атанған спортшы. Атап айтсақ,  Қарағанды қаласында футзалдан өткізілген республикалық  бірінші желілік спартакиадада I орын, Шымкент қаласында өткен республикалық бірінші желілік спартакиадада үстел теннисінен III орын, Ақмола облыстық кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары арасындағы спорттық жарыста волейболдан I орын,   Көкшетау қаласында өткен қалалық спорттық жарыста волейболдан I орын алып, марапатталған.

Сонымен қатар, әкем Тоқат Есенұлы жоғары жауапкершілік қасиеті арқасындамектепішілік қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, жастарға үлгі бола білген жан. Мектептің «Зияткер» бастауыш партия ұйымының төрағасының бірінші орынбасары ретінде партиялық қызметті, мектептің этика жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде қоғамдық қызметтерін сәтті атқарды. Мектептің «Жыл мұғалімі» атағына да ие болған.

Тоқат Есенұлы сонымен қатар, бірнеше халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жинақтарында жарық көрген  ғылыми-теориялық, әдістемелік мақалалардың авторы. Біліктілігін арттыру курстарына даүнемі қатысып тұрады.  Әкеміз жоғары педагогикалық қызметі үшін Қазақстан Республикасы  Педагогикалық ғылымдар академиясының мүшелігіне қабылданды.

Қорытындылай келе, мен әке деген қысқа сөздің терең мағынаны білдіретінін жеткізгім келді. Әке деп жай ғана баласы бар адамға айтылмайды. Әке деп парызын атқарып жүрген нағыз ер азаматтарға айтылады!
Қорғаштап өмір дейтін сында бізді,

Жүрдіңіз еңкейтпестен тұлғаңызды.
Әкетай, дейміз сізге жүз жасаңыз,
Ақ тілек тағыңыз да жырдан ізгі!

Өмірде талай асу алынғаны,
Бақыттың оты бізге жағылғаны –
Бір сіздің еңбегіңіз екен, Әке,
Бүгінде ойлап тұрсақ – соның бәрі.

Өмірде беріп бізге тағылым із,
Үйреткен аз болды ма тәліміңіз.
Жетсек те жетістікке, алдыңызда
Баладай боп тұрамыз бәрібір біз.

Әлі де биік болсын жұлдызыңыз,
Арналған перзенттерден жыр-гүліміз
Жүріңіз аман-есен ортамызда,
Тілейді соны бүгін ұл-қызыңыз! –

деп ақын Ғабиден Құлахмет жырлағанындай, асқар таудай биік, абыройлы әкелерміз көп болсын! Әрбір әке өз орнында болып, отбасының ұйытқысы болса екен деп армандаймын.

Гүлден ТЛЕУБЕРДИНА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің
ғалым хатшысы, қазақ тілі мен әдебиеті
 кафедрасының профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты,«ЖОО Үздік оқытушысы»,
ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері. 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар